Cоңғы жаңалықтар
Back

«Бюрократиялық тосқауылдар бар». Тоқаев дәрігерлерге өтемақы төлеу ісін сынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда “індеттің екінші толқынына” даярлық жасау мәселесі талқыланған жиында Covid-тен қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу барысын сынады. Президенттің сөзіне қарағанда бұл салада “бюрократиялық тосқауылдар” көп.

– Мен берген тапсырма бойынша екінші жарты жылдықта 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда үстемақы мен сақтандыру төлемдерін алу кезінде әлі күнге дейін бюрократиялық тосқауылдар бар, – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, кейбір жерлерде қызметкерлер “санмен ойнап”, үстемақы үлестіру ісін ашық жүргізбеген. Кейбір мекемелерде бас дәрігерлер медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытын дұрыс есептемеген.

“Медицина қызметкерлері өзіне тиесілі ақшаны өтініп сұрамауы тиіс” деді Тоқаев.

30 қыркүйек күнгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 182 медицина қызметкері коронавирустан қайтыс болған. Тоқаевтың айтуынша, тек 37 отбасыға ғана өтемақы төленген.

“[Медицина қызметкерлері] өлімінің себебін анықтау түрлі қиындық туғызады, кейбірі этикамен де байланысты. Осыған орай үкіметке қайтыс болған барлық медицина қызметкерінің отбасына өтемақы төлеуді тапсырамын” деді ол.

Президент сонымен бірге кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұқтырған дәрігерлерге де өтемақыны кешіктірмей төлеуді тапсырған.

Заңға сәйкес, елде коронавирусты жұмыста жұқтырғаны дәлелденген медицина қызметкерлері ғана өтемақы ала алады. Әзірге қанша медицина қызметкерінің өтініші қанағаттандырылмағаны туралы мәлімет жоқ.

Ал өтемақы алмағанына шағымданған медицина қызметкерлері көп. Бұған дейін Нұр-Сұлтанда 103 станциясында қызмет ететін кейбір фельдшерлер жұмыста коронавирус жұқса да, өтемақы өтінішіміз қаралмай отыр деп шағымданған еді.

Көктем мен жаз айларында ондаған медицина қызметкері “коронавирус жұққан науқастарды емдесек те үстемақы алмадық” деп шағымданған. Кейбірі үстемақының дұрыс есептелмегенін алға тартқан.

Ресми мәлімет бойынша, 12 830 мың медицина қызметкеріне коронавирус жұққан: 8 339 дәрігердің вирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған.

Заң бойынша, коронавирус немесе коронавирус пневмониясын жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн теңге, коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерінің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі.

Тағы оқыңыз:

Әшімбаев: «Бізде комитет пен департемнттер құрылып, қысқарып жатады. Шаруа шешпейді»