Cоңғы жаңалықтар
Back

“Арманым – астроном атану”. Әйгілі ғарыш агенттігі NASA мектебінде білім алған қазақ баласы

Dalanews.kz және «Шеврон» компаниясының арнайы жобасы «Топжарғандар – Self Made» айдарының бүгінгі кейіпкері – Дінмұхаммед Майлыбай

Шыны керек Дінмұхаммедпен сұхбаттасудың сәтін ұзақ күттік. Дарынды жастың уақыты тығыз. Үнемі түрлі байқауларды бақ сынайтындықтан асықтырмадық. Ақыры, бұл сәт те келіп жетті.

Алматы қаласындағы мектептердің біріндегі оқушы Дінмұхаммед Майлыбай әлемге әйгілі ғарыш агенттігі NASA-ның жазғы мектебінде оқып,  білім алған жалғыз қазақтың баласы.

Тәукелге бел буып, алдына қойған мақсатына жеткен жас дарынның оқиғасын өз аузынан естісек.

Астрономияға деген махаббат

Мен Алматы қаласындағы мектептердің бірінде оқимын. Сабақтан бос уақытымды спортпен, компьютер алдында әр түрлі бағдарламалармен шұғылдануды әдетке айналдырғам.

Бірақ соңғы бірнеше жылда астрономия менің өмірімде ерекше орын алып келеді. Бір жағынан, астрономиямен айналысу өте қызықты. Аспандағы мыңдаған жұлдыздарды бақылаған кезде ерекше әсер аламын.

Екінші жағынан, астрономия – ең маңызды философиялық сұрақтарға жауап беру үшін физика, химия, биология,  компьютерлік модельдеу және тіпті тарихты біріктіруге арналған үлкен ғылым деп ойлаймын.

«Өмір қайдан пайда болды?», «Бізді қоршаған әлем қалай пайда болды? « «Біз ғаламда жалғызбыз ба?» деген сауалдар мені қатты қызықтырады. Сонымен қатар, астрономияны іс жүзінде қолдану біздің өміріміз үшін үлкен маңызға ие.

Дәл осы ғылымның арқасында мыңдаған спутниктер жер орбиталарында ұшып, ғаламторға қосылуды қамтамасыз етеді. Мұның бәрі біз үшін ертегі емес пе? деген ойға қаласың. Сондықтан мен таңғажайып құбылысы бар, жұмбақ әлемі бар астрономияға қызығушылығым ерекше ауды.

Ақиқатқа айналған арман 

Өткен жылы мен досымнан NASA United Space School, атты жазғы мектеп бағдарламасы туралы естідім.  NASA- астрономия мен космонавтиканың дамуына баға жетпес үлес қосатын ең ірі ғарыш агенттігі. Осы жылдың басында мен осы бағдарламаға қатысуға өтініш бердім.

Резюмеге қоса  шағын мотивациялық хат пен, республикалық және Қазан, Иркутск, Пущино және Магелангта (Индонезия) қалаларында өткен халықаралық  астрономиялық олимпиадаларда жеңіске жеткен мақтау қағаздарыммен дипломдарды, сертификаттардың көшірмелерін қоса жібердім. Біраз уақыт өткен соң ғарыш агентігінен жауап келіп,  сұхбаттасатынын жеткізді.
Менің өмірімдегі алғашқы маңызды сұхбат Skype арқылы, ғарышкермен және NASA өкілдерімен ағылшын тілінде өтті. Қатты қобалжығаннан ба, сұхбаттың қалай тез өткенін де байқамай қалдым. Екі апта ұйқысыз түндермен, күлкісіз күндер болды мен үшін.

Бірақ бала кездегі арманым орындалып, сүйінші хабар да келіп жетті. Мені NASA-дағы жазғы мектепке қабылдады деген қуанышты жаңалық мұхит асып келіп жеткенде өз-өзіме сене алмадым.

Маған жазғы мектепке алдын-ала дайындық ретінде жіберілген тапсырмаларды орындап, мектептің қалған пәндерімен қатар шештім.

Бірақ отбасымдағы қаржылық жағдай, қуанышымды су сепкендей басты.  Көптеген белді кәсіпорындарға барып көмек сұрауға тура келді. Нәтиже болмады. Мен “Қазақ географиялық қоғамы” ұйымына хат жазып, алдыға қойған мақсатымды жеткіздім.

Келесі күні мені кеңсеге шақырып, көмектесетінін жеткізді. Барлық ұйымдастырушылық мәселелер тез шешіліп, NASA-да оқыту мен үшін арман емес, ақиқатқа айналды.

Талаптыға нұр жауар

Жазғы демалыста,  дәлірек айтсам шілде айында АҚШ-қа жол жүрдім. 19 сағат ұшақпен аспанда қалықтап,  Хьюстон, Техас штатына табан тіредім. Бірден айналам өзгеріп сала берді. Бірінші күннен бастап бәрімен ағылшын тілінде сөйлесу мен үшін ерекше болды.

Биыл United Space School  мектебіне 23 елден 48 адам қатысты, әр елден 3 адамға дейін. Қазақстанның атынан жалғыз өзім.
Бірінші апта негізінен әртүрлі инженерлермен және астрономиямен кәсіби айналысатын мамандардың дәрістерін тыңдаумен кездесулерден тұрды.

Халықаралық ғарыш станциясында болған американдық астронавт Джеффри Уильямспен тікелей радиобайланысұа шыққан кезде өте ерекше сезімде болдым.  ХҒС-мен екі жақты радиобайланысқа шығу мүмкіндігі өмірде бір рет болатын тарихи оқиға деп есептеймін.

 

Өкінішке орай, біз 8 минут ғана тілдесе алдық. Сол аптада біз NASA-ның тағы екі ғарышкерімен,  ХҒС-на төрт рет ұшқан Лерой Чиаомен және ХҒС-қа екі рет ұшқан Николь Стоттпен кездестік. Олар өздерінің ғарышқа сапарын, сондағы мақсаты мен міндеті туралы айтты.

Ашық кеңістікті қалай сезінгендері туралы жеткізді бізге. Дәріс оқыған басқа адамдар бізге ХҒС-ның құрылымы туралы, әртүрлі жүйелердің жұмысы туралы, ғарышкерлерге микрогравитация мен күн радиациясының әсері туралы айтып берді. Мұның бәрі қызықты әрі пайдалы болды.

Бағдарлама барысында біз университетте өткізілген өте белсенді зерттеулерден басқа, біз NASA-ның Джонсон ғарыш орталығына, Ұлттық ғарыштық биомедициналық зерттеу институтына, Хьюстонның жаратылыстану ғылымдары мұражайына бардық.
Соңғы күні салтанатты жабылу рәсімі өтті.  Белгілі ғарышкер Лука Пармитано бізге білімімізді жетілдіргеніміз үшін сертификат табыс етті.  Аталған шарада аз кем сұхбаттасып,  бес тілде еркін сөйлей алатыны таң қалдырды.

Іздеген жетер мұратқа 

Қазір мен Алматы қаласындамын. Әдеттегідей мектепке барып, құрдастарыммен араласып, NASA-да өткен жарқын сәттеріммен бөлісіп тұрамын. Сонымен қатар Қазақ Географиялық Қоғамының еріктісі атандым. Сабақтан қолым бір сәт босағанда мәтіндерді ағылшын және қазақ тілдеріне аударуға көмектесемін немесе уақыт берілген кезде жобаларға қатысамын.
NASA-ның жазғы мектебінде оқу менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті.

Баға жетпес тәжірибе жинадым мол ілімге қол жеткіздім.

Енді болашағымды аэрокосмостық инженерлік мамандығымен байланыстырғым келеді. 

Мен тіпті Шымбұлақтағы тамыз жұлдызын мыңға жуық адам тамашалаған түнде ғарыш пен жұлдыздар туралы ашық дәріс оқыдым.

Әзірлеген,  Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ

Фото: esquire.kz сайтынан алынды.