Cоңғы жаңалықтар
Back

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға Ашық сауал

ҚР спорттық куәліктер мен омырауға тағатын белгілері алынып тастау жоспарлануда

Спорт –  еліміздің маңызды әлеуметтік феномені ретінде, қоғамдық өмірдің дамуында, шетелдерге танылуында аса зор рөл атқаратын үлкен құндылық екені баршамызға белгілі. Спорт саласы- қоғамның тіршілік әрекеттеріне, оның салауатты өміріне зор ықпал жасайтын, сол қоғамды құрайтын азаматтарының  физикалық дамуы мен интеллектуалды ойлау мүмкіншіліктерін үйлестіретін дене мәдениетінің құрамдас бөлігі екені де ешқандай дәлелдеуді қажет етпесе керек.

Қазіргі тәуелсіздік аясында қалыптасқан қоғамды билеп отырған басқару жүйесін түсінуден біздер қалып барамыз ба, болмаса, «цифрланамыз» деп олар қара үзіп кетті ме, бүгінгі басқару жүйесінің кейбір әрекеттерін адами тұрғыдан түсіну мүлде қиындап кеткендей.

Отыз жылдық дамудың соңы онлайнға тәуелділікке алып келді. Сананы шынайы офлайн емес, электронды онлайн жүйе билеп бара жатқандай…

Әңгіме спорт жайлы, соған оралайын. Кешегі  кеңес дәуірінде де спортқа әлеуметтік және саяси тұрғыдан да айрықша көңіл бөлінді, қазақ спорты да өзіндік бір даму кезеңін өткерді.

Еліміздің спорт тарихында өз есімдерін алтын әріппен жазып қалдырған: Ж. Үшкемпіров, Д. Тұрлыханов, С. Қонақбаев, т.б спорт саңлақтарының бағындырды. Ықылым заманнан ауылының аты шапса тақымын қысатын елміз. Сол кеңес заманында спортта табысқа жеткен балаларға жетістіктеріне қарай – «І, ІІ, ІІІ разряд»,«кандидат в мастера спорта», «мастер спорта»/орыс тілінде/ төсбелгілері қолданыста болды. Сол төсбелгілерді жарқыратып тағып жүрген құрбыларымызды көріп қызығатынымызды әлі есімізде.

Қазіргі уақытта балалардың төсінен ондай спорттағы жетістіктерін көрсететін төсбелгілерді көре алмай жүрміз.

Бұл туралы ұсынысты мәдениет министрлігіне 2014 жылдан бері тапсырып келдім. Ұсынысымның түпкі мақсаты- спортшылардың статусын көтеру еді. Спортшы балалар өзінің спортта жеткен жетістігіне лайық берілген төсбелгісін тағып жүрсе ол   сыныптас құрбыларының, артында өсіп келе жатқан іні- қарындастарының қызығушылығын оятып спортқа жетелейтіні аян. Аталған төсбелгілерді қолданысқа енгізген орыс көршілерімізше айтсақ «стимул» болар деген ой болатын.

Әрине, министрліктің Комитеті үшін бұл түкке тұрғысыз болар, бірақ бұл төсбелгілерде балаларды спортқа жетелер қызығушылық бар еді,  бала деген еліктегіш келеді, таққысы келеді. Әлемдік ірі дүбірлі жарыстарда жеңімпазды мадақтаған кезде сол елдің байрағы көтеріледі, ал төсбелгі онлайн емес, ел байрағы әр спортшының кеудесіндегі кішкене бөлшегі болып төсінде жарқыраса жас ұрпақты отансүйгіштікке деген сезімінде қозғау салар еді.

Осыған орай, министрлікке мектеп қабырғасындағы спортшы балаларға стимул ретінде спортта жеткен жетістігіне сай туымыз бен қыранның бейнесі нақышталған төсбелгі шығаруды ұсынған едім.

Мысалы, мемлекеттік тілде «І,ІІ,ІІІ- дәрежелі жасөсіпірім спортшы» «спорт шеберіне үміткер», «спорт шебері» т.б. Бұл ұсыныс 2014 жылдан бері министр А. Мұхамедиұлының шығарып салма жауаптармен өз шешімін таба алмай келді. Ақыры 2019 жылы жаңа министр ауысқан соң министр А. Райымқұловаға да жіберілді.

Бірақ, арбаның доңғалағын еске салып А. Райымқұлованың да айтары  кабинетінің кілтін қабылдап алған алдыңғы министрден аса ұзай қоймағаны байқалды. Жіберген ұсынысты алғашында «қараймыз» деп үміттендіре беруден жалықты ма, соңғы жауап хатында төтесінен кетіп ұсыныстан мүлде бас тартыпты. Тіпті, мүлде алып тастауды жоспарына кіргізіпті.

Сөзім дәйекті болуы үшін оқырманға ҚР Мәдениет және спорт министр А. Райымқұлованың берген жауабынан қысқаша үзінді келтіре кетейін:

Раимкулова А.Р. 16.09.2020, 09:55 Құрметті Ерлан Шаяхметұлы! Спорт және дене шынықтыру істері комитеті (бұдан әрі – Комитет) Спорттық атақтарды, разрядтарды және біліктілік санаттарды беру жөніндегі комиссия отырысында Сіз ұсынған спорттық атақтар мен разрядтар үшін төсбелгілердің жобаларын қарастырылып, келесіні хабарлайды. Бүгінгі таңда «Дене шынықтыру және спорттың ұлттық цифрлық платформасы (e-sport)» (бұдан әрі – Е-sport) сервистік бағдарламалық өнімінің 1 кезеңін іске асыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл спорттық атақтар мен разядтарды беру жүйесін автоматтандыруға мүмкіндік береді, яғни спорттық жарыстардың нәтижелері онлайн режимде көрсетіліп, тиісті спорттық атақтар мен разрядтар спортшыларға автоматты түрде берілетін болады. Сондай-ақ, Е-sport сервистік бағдарламалық өнімінін жүзеге асыру аясында спорттық куәліктер мен омырауға тағатын белгілер Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңы деңгейінде алынып тастау жоспарлануда. Осыған орай, Комитет жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сіздің жобаларыңызды жүзеге асыру мүмкіндігі жоқ екендігін мәлімдейді.» деп жауап беріпсіз.

Сонымен, министр ханымның сөзіне сенсек, енді спортшылардың кеудесіне тағып жүретін спорттық дәрежелерін көрсететін төсбелгілерден мүлде күдер үзуге тура келетін сияқты. Комитеттегілер кімдер екен деген сұрақ туындайды, спортқа жанашыр жандар ма…? Менің ойымша, сол шешім шығарғыш Комитет мүшелерінің қайсысы болсын өз кеуделеріне бір-бір «тірі»медаль тағудан еш бас тартпас еді-ау.

Сөз соңында айтарым, құрметті, Ақтоты Рахметоллақызы! Сізге сұрағым көп!

Спортшылардың өз жеткен жетістіктерін кеуделеріне тағуына не кедергі?! Енді оны мүлде алып тастасаңыздар қарапайым жұрт олардың спортшы екенін қалай білмек? Онлайн арқылы ма? Нонсенс.

Берген жауабыңызға сәйкес айтайын, егер төсбелгінің еш маңызы болмаса, онда өздерін халық қалаулылары деп атайтын депутаттарымыз не үшін «мәжіліс депутаты» деген төсбелгі тағуда? Шенеуніктерінің төсін толтырған орден-медальдерге дархан үкіметтің өз болашағы жастарының еңбегін бармақтай төсбелгімен бағалауға да еш мүмкіндігі қалмағаны ма? Әлде, жемқорлықпен ұсталып жатқан спорт саласының жемқорлары Комитетіңізге еш мүмкіндік қалдырмаған ба?

Онда: «Жастар- біздің болашағымыз!» деген ұлықтағаныңыз, жәй лепірме ұран ғана болып шықты ғой!? Мүлде түсініксіз жағдай…  «Онлайн-цифравизация..» деп жүріп шынайы өмірден, руханияттан алшақтап кеткен жоқпыз ба? Спорт дәрежесінде алу әр жеткіншектің жылдар бойы төккен тері, арманы, қажырлы еңбегіне берілген бағасы екенін неге естен шығарып отырсыз? Министр ретінде еліміздің байрағын дүбірлі жарыстарда асқақтата желбіретіп әнұранды шырқатқан спортшылардың жеткен спорттық дәрежелері кеуделеріне тағып жүруге лайықсыз деп таптыңыз ба…

Спортшылардың өз жетістіктерін тағуына осынша іштарлық танытуыңыздың сыры неде екенін мәдениет пен спортқа жауапты министр ретінде ашып айтып бере аласыз ба? Демек, спортшылар өз  қорғаған спорттық дәрежелерін кеуделеріне жарқыратып тағудың орнына ұялы телефондарына жасыратын болып шықты ғой!? Парадокс, шатастырып алған жоқсыздар ма? Әлде, бұл шешім Сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдететін онлайн отчеттарыңыз үшін қажет пе?

Олай болса, Сізге нақты бір ұсынысым бар, еліміздің дамуына ерекше тер төгіп, айырықша үлес қосып жатыр деп танылған азаматтардың еңбегін бағалап орден-медаль тағып жатырсыздар ғой. Неге оларға да «онлайн-автоматты» түрде тақпасқа? Қалай ойлайсыз, меніңше, өте әділетті өзіңіз айтқандай нағыз ұлттық цифрлы  «сервистік бағдарлама» болып шығар еді! Әлде, тек спортшылардың төккен тері, қажырлы еңбегі ғана электронды санатқа жата ма?

Сіздің жауабыңызды түсіне алмағандықтан ащы айтсам патша көңіліңізге салып кешірерсіз! Ақиқат ащы болады, түсіністікпен қарарсыз. Қанша дегенмен, мен сияқты шалғайда жатқан қарапайым пенде емес, Ақорда шаңырағы астында бір елдің мәдениетін басқарып отырған өресі биік, түсінігі жоғары адамсыз ғой.

Сізге деген құрметпен:

Семей қаласының қарапайым тұрғыны Ерлан ШАЯХМЕТҰЛЫ