Back

Сенатор: «Банктер шағын бизнеске несие беруге мүдделі емес»

Сенат депутаты Дәурен Әділбеков Сенат отырысында Премьер-Министр Асқар Маминнің атына шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады.

Д.Әділбековтің пікірінше, жылдық 6%-ға дейінгі пайыздық мөлшерлемені мемлекеттік субсидиялау түрінде шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың қабылданған шарасы тек экономиканың зардап шеккен салаларымен шектелгендіктен ШОБ-ты несиелеудің өсуін қамтамасыз ете алмайтынын ашып айтты.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы басшысының ақпараты бойынша, төтенше жағдай кезінде несиелік төлем міндеттемелері ШОБ-тың 1 пайызына ғана кейінге қалдырғанын атап өту керек.

Сенатор Премьерге жолдаған депутаттық сауалында: «Осылайша, банк секторының ШОБ-ты несиелендіруге іс жүзінде қатыспайтыны туралы қорытынды жасауға болады. Субсидияланған пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беретін жеке банктер ШОБ-қа несие беруге мүдделі емес» дейді.

Сонымен қатар, депутат мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тетіктеріндегі олқылықтар туралы хабарлады.

– Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру тәжірибесі «тұрақты жеңімпаздардың» бар екендігін көрсетеді, олармен келісімшарттар жасалады. Мәселен, уәкілетті органның деректері бойынша 2018 жылы 49 мың жеткізуші конкурстарды бес реттен артық ұтып алған, – деп мәлімдеді Д.Әділбеков.

Қорытындылай келе, Сенат депутаты қолданыстағы заңнамада әкімдіктердің бос ауыл шаруашылығы жер учаскелерін конкурстарға шығаруына қатысты сүйенетін нормалардың жоқтығын айтты. Яғни, әкімдіктер қандай бос жер телімі және оның қашан конкурсқа шығарылатынын өздері шешеді.

Тағы оқыңыз:

Сенатор Құл-Мұхаммед Білім министріне шүйлікті