Back

“Сайлауға дайындауда…”. Мәскеу Сейсембай-Саакашивили жұбынан сезіктеніп отыр

Ресей ақпарат құралдары Марғұлан Сейсембайдың Киевте тұратын саясаткер Саакашвилиге сапар шеккенінен сезіктеніп отыр деп хабарлайды Dalanews.kz.


Орта Азия, оның ішінде Қазақстандағы Кремль көзқарасына қайшы контентті сүзіп отыратын IA-CENTR орталығы Киевке барып қайтқан қазақ делегациясының сапарынан себеп іздепті.

Марғұлан Сейсембаймен ілесе барған делегация құрамында экономист Олжас Құдайберген, Ұлттық кеңестің экс-мүшесі Арман Шораев, экс-депутат Бақыт Сыздықова, журналист Вадим Борейко сынды танымал азаматтар болды.

Сейсембай мен Саакашвилидің тым шүйіркелесіп кеткенінен секемденген мақала авторы «қазақтар Украинаға қандай мақсатпен барғанын тіс жарып айтпады» дейді.

«Бұл сапар әншейін ой-пікір алмасу, жәй ғана дәріс тыңдаумен шектелмегені анық. Олар ол жақтан құр қол оралған жоқ. Саакашвилидің сөз ыңғайына қарағанда, Қазақстанда оның атымен аталатын орталық ашылмақ. Бұған делегацияның қолқалауымен көнген көрінеді.

Тап сол күні тағы бір мәлімдеме жасады. Грузияға қайтып оралып, сайлауда бағын сынап көрмекке бекінгенін мәлім етті. Оның бұлайша орағытуы тегін емес…» дейді IA-CENTR.

Мақала авторы Қазақстанда құрылатын Саакашвили орталығын Марғұлан Сейсембай қаржыландырарына сенімді. Байқауымызша, Кремль бұл орталықтан бәлендей қауіп күтпейді, оның уайым-қайымы – Ұлттық кеңес.

Саакашвилимен сыйластық одан әрі тереңдеп, Ұлттық кеңеске өтіп кете ме деп алаңдайтын сынды.
«Саакашвили мен Тоқаевтың көмекшісі (Ерлан Қарин, ред.) Украина мен Қазақстандағы аттас ұйымдарды әріптестіру туралы уағдаласуы мүмкін. Мұндай болжам жасауға бірнеше себеп бар.

Осы сапардың сарынын мұқият зерттер болсаңыз, Киевке келген бір топ қазақ либералдары Саакашвилидің «батасын» алып қайтқанға көбірек ұқсайды.

Саясаттағы алғашқы аяқ алысын Грузияның экс-президентімен ақылдасып барып жасағанды жөн көргендей» дейді мақала авторы.
Ресейлік ақпарат орталығы осы сапарды осыдан екі жыл бұрын құрылған «Жаңа Қазақстанмен» салыстырыпты.

Сол жолы бір топ қазақ саясаткерлері мен қоғам белсенділері қуғындағы Қажыгелдинмен жүздесіп, жаңа ұйымның тұсауын кескен. «Жаңа Қазақстанның» ғұмыры ұзаққа созылған жоқ, сайлаудан соң ұйым мүшелері жан-жаққа бытырап кетті.

Ресейлік агенттік Қосановтың сайлаудағы ұтылысын саясаткерді ұлтшыл-либералдардың қолдауымен байланыстырып, халықтың ұстанымы бұған қарсы дегенге келтіріпті.

Мақала авторы Марғұлан Сейсембай мен Мұхтар Тайжанның арасындағы араздықты мысалға келтіріп, миллиардердің өткенін қопарған екен.

Сөз орайында Саакашвилидің реформаларын іске алғысыз етіп, қазақтардың одан үйренері шамалы дегенге сайғызыпты.
«Оның төңірегіндегі аңыз саясаттағы сауатсыз жүрістерін тұмшалап тастаған. Халық оның үстінен құшақ-құшақ қылмыстық іс қозғалғанын, туған елі теріс айналғанын, Украинада басы дауға қалып, басы ауған жаққа босып кеткенін ұмытып қалды. Өз галстугін өзі шайнаған шайпау мінезді адамнан қандай реформа күтесіз?

Сол Саакашвили әйгілі Марғұлан Сейсембаймен әмпей-жәмпейлесіп, арасынан қыл өтпес дос болуға сөз байласыпты…» дейді мақала авторы.

Сейсембайдың Саакашвилидің серіктесі атанғаны рас. Мұны ел-жұртқа өзі хабарлап, бұдан былай Саакашвилимен қойын-қолтықтасып жұмыс істейтінін, Украина мен Қазақстанның арасында қатынап тұратынын жазған-тұғын.

1Оған барынша қолдау көрсететін боламын. Украинаның жарқын болашағы үшін бірлесе қарекет етеміз. Бұл менің Қазақстаннан кеткенімді білдірмейді» деген миллиардер.

Ресейлік агенттік мұның астарында үлкен саясаттың бұғып жатқанына сенімді. Автордың пайымдауынша, Қазақстанда жаңа партия құрылады. Осы идеяның төбе басында тұрғандар осынау ұлығаусар міндетті Марғұлан Сейсембайға сеніп тапсырмақ. «Жаңа Қазақстанның» қолынан келмегенді Сейсембайдың іске асырарына үмітті. Киевке келіп, Саакашвилидің ақ батасын алып қайтқан делегация өкілдері болашақтағы жаңа саяси партияның серкелері болмақ.

«Нұр Отанның» сайлаудағы оппоненті міндетін ойдағыдай орындауы тиіс.

Біз білсек, билік парламент сайлауын келер жылға шегеруі мүмкін. Жаңа партия құру үшін шамалы уақыт керек.
Мәселе бұл идея іске аса ма, жоқ па? Екі қошқардың басы бір қазанға сыя қояр ма? Киевтен оралған делегация мүшелері көрпені өзіне тартып, ақыр соңы араздасып тынуы мүмкін. Делегация құрамында кейбір азаматтардың халыққа қайыр қылғаны шамалы. Керісінше, соңынан сөз ерген айып-анжысы көп» дейді автор.

Сейсембайдың Саакашвилиге сапары орыстілді Telegram арналарда қызу талқылануда. Dalanews алдағы уақытта ол жаққа да шолу жасап, сүзгіден өткізетін болады.

 

Аль ФРЕДО

Тағы оқыңыз:

Саясаттанушы Тоқаев билігінің Назарбаев дәуірінен басты айырмашылығын айтты