Back

Навальныйды улауға Кремльдің қатысы болса, санкция салынады

Германияда дәрігерлер ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың ағзасынан «Новичок» тобына кіретін химиялық улы заттың іздері тапқан. Бұл туралы Германия үкіметінің өкілдері хабарлады.

Химиялық қаруды жою бойынша ұйым, Еуроодақ және НАТО у туралы хабардар. Германия сыртқы істер министрлігі Навальныйдың сараптама қорытындыларын хабарлау үшін Ресей елшісін шақырды.

Германия билігі Навальныйдың уланғанын «қатаң сынап», Ресей билігінен жағдайды түсіндіруді талап етті.

Ресей президенті Владимир Путиннің сыншысы Навальный 20 тамызда «уланған болуы мүмкін» деп Омбы ауруханасына түскен болатын.

Ертесінде Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберді. О баста Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін олар Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілген.

Ресейлік дәрігерлер Навальныйдың алғашқы сараптамасынан улы зат табылмағанын хабарлаған еді. Бірақ оның жақтастары саясаткердің уланғанын айтқан.

24 тамызда Берлиндегі Charite клиникасы «Навальный ингибитор холинэстераз тобына жататын улы заттан уланған» деп мәлімдеген.

Германия сыртқы істер министрі Гейко Маас «Егер Навальныйдың улануына Ресей билігінің қатысы бары дәлелденсе, Мәскеуге дипломатиялық санкция салынатынын» айтты.

2018 жылы наурызда 2018 жылғы наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей әскери барлауының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия советтік “Новичок” уынан уланып қалған. Оларды ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізген. Екеуі ұзақ уақыт емделіп аман қалған. Сергей Скрипаль қазір Жаңа Зеландияда тұрып жатыр. Лондон оларға қастандықты Кремль ұйымдастырған деп мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған.

Тағы оқыңыз:

Путин Беларуське әскер жіберуге әзір отыр