Back

Қытай Тәжікстанда әскери базасын орналастырмақ

Қытай Тәжікстанда жаңа әскери базасын ашуды қарастырып жатыр деп мәлімдеді АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Конгресс мүшелеріне арналған баяндамасында.

«Қытай Маянму, Таиланд, Сингапур, Индонезия, Пәкістан, Шри-Ланка, Біріккен Араб Әмірлігі, Кения, Сейшелы, Танзания, Ангола және Тәжікстаннан жаңадан әскери-логистикалық нысандарын орналастыруды қарастырып жатыр» делінген 200 беттік құжатта.

Қазір Тәжікстанда Ресейдің әскери базасы бар, онда 7 мың сарбаз қызмет етеді.

Америкалық сарапшылардың есебі бойынша, Бейжіңнің мақсаты Қытай ықпалды әлемдік державалы ел болуға ұмтылып, Құрама Штаттармен бәсекелес болғысы келеді.

Баяндамада Бейжіңнің алдағы он жыл ішінде ядролық қаруды екі есеге күшейтуге ниетті екені айтылған. Бірақ Қытайдың сыртқы істер министрлігі Пентагонның бұл баяндамасын теріске шығарып отыр.

Былтыр ақпан айында Washington Post газеті Тәжікстанның Таулы-Бадахшан автономды облысындағы жергілікті тұрғындардың сөздеріне сілтеме жасап, Қытаймен шекаралас аймақта Бейжіңнің үш бірдей құпия әскери базасы бар екенін жазған. XIX ғасырда бұл ауданды Ресей империясының казак әскерлері күзететін.

«Спутник арқылы түсірілген видеодан бұл маңайдан екі ғимаратты көруге болады. Бұл кешен Ауғанстанмен шекаралас маңда орналасқан. Ондағы әскер Ауғанстаннан Тәжікстанға баратын үлкен тас жолды күзетеді» делінген мақалада.

Washington Post журналисі Мургаб базарында әскери формада жүрген қытай сарбазын суретке түсіріп алған.

Алайда Таулы-Бадахшан автономды облысының төрағасы Ёдгор Файзов бұл өңірде Қытайдың әскери базасы бар деген ақпаратты теріске шығарды. Онда тек шекара бекеті бар екенін айтқан.

Ауғанстанның Тәжікстанмен, Қытаймен және Пәкістанмен шектесетін таулы Вахан дәлізінде 2012 жылдан бері Қытайдың қарулы полициясы бар.

2018 жылдың жазында Қытай ауғанның Бадахшан аумағынан терроризммен күрес мақсатында оқу-жаттығу лагерін құрған. Бұл мәліметті South China Morning Post газеті дереккөзіне сілтеме жасап хабарлаған болатын. Бірақ бұл ақпаратты Кабул растамаған.

Сарапшылар пікірінше, Бейжің Шығыс Түркістан ислам қозғалысы ғана емес, «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы Қытайдың батысындағы Шыңжаң ұйғыр ауданына ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді.

Тағы оқыңыз:

АҚШ Қытай ықпалына қарсы тұратын коалиция құруды бастады