Back

Жаңа оқу жылы қарсаңында Талдықорғанда 288 орындық жатақхана пайдалануға берілді

Талдықоған қаласындағы Қаратал шағын ауданында орналасқан құрылысы аяқталмаған қонақ үйдің екінші тынсы ашылды. Бұдан былай ол студенттердің үйіне айналмақ. 9 қабатты ғимараттың қаңырап бос тұрғанына бірнеше жылдың жүзі болған. Содан бері  пайдаланылмаған нысан облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының тапсырмасы бойынша 288 орынға лайықталған жатақханаға айналды.

Қазақстанның тұңғыш  Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастама» атты халыққа үндеуінде: «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын» деген еді. Облыс орталығында бой көтерген жаңа студенттер үйі берілген  пәрменнің орындалғанына дәлел.

Бүгінде жатақхананың құрылыс жұмысы аяқталды. 96 бөлмеден тұратын ғимарат болашақ жас мамандардың білім алуына мол мүмкіндік береді. Жоба құны – 2,3 млрд теңге.  Айта кету керек, Нысанның құрылысына жауапты бас мердігер компания «Астана құрылыс» ЖШС болған. Ал, мұнары көкпен таласып тұрған ғимараттың сұлбасын сызған сәулетші марқұм, Ақмырза Рүстембеков.

– Ескі ғимаратты мемлекет меншігіне өткізіп алғаннан кейін қандай мақсатта жұмыс жүргіземіз деген ой болды. Сол аралықта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жатақхана құрылысын жандандыруға тапсырма берді. Содан іске кірістік. Ендігі де білім ордасымен екі ортаға велосипед жолы салынады. Жастарға жасаған жақсылықтың нәтижесі оңынан болады. Олардан ештеңені аянып қалмаймыз, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Нысанның көрінісі көз тартарлық. Балкондар әйнекпен жабылып, салқындатқыш жүйесі орнатылған.

Жаңа жатахананың пошымы да бөлек. Дөңгелек пішінді. Нысанның колонналары мен қабырғалары темір бетонды монолиттен құйылған.   Қалашық аумағын абаттандыруға да баса назар аударылған. Жоба бойынша мұнда көгалды саябақ, волейбол, футбол, баскетбол мен үстел үсті теннисі үшін алаңдар салынған. Тіпті, жеңіл автокөліктер үшін арнайы тұрақжай мен орындар қарастырылған.

Нысанның негізгі иелері жастардың қуанышында шек жоқ. «Мұндай жатақхананы еш жерден кездестірмедім. Сәулеті келіскен ғимарат қалаға көрік беріп тұр. Қоғамның қозғаушы күші-жастарға үлкен көңіл бөлінуде. Ол үшін мемлекет басшылығына айтар алғысымыз зор», – дейді «Болашақ» президенттік стипендиясы қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова.

Білімгерлердің шаңырағына айналатын жатақхананың есігін айқара ашқаны тек жастарды ғана емес, білім ордасының басшылығында қуантып отыр.

– Жетісу университетінің жастары өз қалашықтарында, бақытты студенттік шақтарын өткізіп, алаңсыз білім алып, еліміздің көркеюі жолында  аянбай еңбек ететін болады. Қаламыздың көркем шағын аудандарының біріне айналатын Студенттер қалашығы жарқын болашағымыздың кепілі деп білеміз, – деді І. Жансүгіров атындағы университетінің ректоры Қуат Маратұлы.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу  университетінің студенттеріне арналған жатақхана еліміз бойынша алғашқы салынған  архитектуралық жағынан күрделі,  сәулетті нысанның бірі.

Ғимараттың жанында қалалық жағажай, Сити Плюс ірі сауда орталығы бар. Студенттердің Қаратал жағалауына шығып серуендеуіне болады. Іргесінде ардагерлер саябағы сынды маңызды нысандар тұр. Заманауи үлгідегі ғимаратта студенттерге бар жағдай қарастырылған. Кітапхана, оқу залы, шағын кинозал, спорттық алаңы мен жаттығу бөлмелері бар.

Бұл нысанды жатақхана деп айту қиын. Өйткені, жоғары класстағы қонақ үйге ұқсайды. Мұнда барлық қажетті инфрақұрылым толығымен жасақталған. Бұл қалашық Талдықорғанның шығыс бөлігіне сән беріп тұр.

Алыстан мен мұндалап көрінетін  жатақхананың әсемдігіне таңдаңғандардың арасында  «Қазақстан Студенттер альянсының» президенті Ілияс Түстікбаевта бар.

– Елорда мен оңтүстік астанамыз Алматы қалаларында болдым. Ірі магаполистерде дәл осындай студенттер үйі жоқтың қасы. Өзіміздің туған өлкемізде жағымды жайыттардың орын алып жатқаны қуантады. Студенттерге көрсетілген қолдау ерен. Мұны жастар естен шығармауы керек, – деп өз ойын білдірді Ілияс Түстікбаев.

Айта кетерлігі, облыста тағы да үш бірдей жатақхананың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы таңда мұндай ақжолтай хабарлардың легі жалғасын таппақ.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

Тағы оқыңыз:

Қарасай ауданында 1200 орындық білім ошағы бой көтерді