Back

“Асқар, 2006 жыл есіңде ме?..”. Әйгілі жазушы Арон Атабекті босатуды талап етті

Жазушы Ғаббас Қабышұлы Abai.kz порталында жарық көрген мақаласында үкіметбасы Асқар Мәминнен ақын әрі диссидент Арон Атабекті босатуды талап етті деп хабарлайды Dalanews.kz.


Көлемді мақаланың Атабекке қатысты тұсын тіліп алып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

“Енді, құрметті Асқар, мына бір ауыр ойымды тыңдағын, бұл менің ғана емес, болған істің мән-жайын анық білген мыңдаған қазақтың ойы дей аламын.

2006 жылы шілде айында Алматы іргесінде «Шаңырақ оқиғасы» болды ғой. «Рұхсатсыз орнаған» қазақ ауылдарына ойда жоқта таңға жуық шабуыл жасалып, үйлері бульдозермен сүріле бастады! Таңға жуық!..

Шошып оянған тұрғындардың қолынан келген әуелгі қарсылық жігіттердің: «Бұл не сұмдық?!» деген айқайы, әйелдердің ойбайы, қорқып кеткен қарттардың бажылдауы, балалардың шырылдап жылауы болды. Шаңырағын, отбасын қорғауға мәжбүр жігіттер шабуылшылдарға топ-тобымен ұмтылып, қақтығыс басталды.

Қызуқанды Азамат ақын Арон Атабектің биліктің адамгершілікке жат қаракүш қылмысын айыптаған жанайқайы төңіректі жаңғырықтырды. Қақтығыста бір полицей қазаға ұшырады. Әлдебір әмірші оны «Арон Атабектің тобы өлтіргенін көріпті».

Бір жерімен диірмен тартқыштар сол «дерек» бойынша Аронды екі жыл тергеп, 2008-жылы қазан айының 5-і күні 18 жылға түрмеде отыруға соттатып тыншыды. Бізде бола беретін жазықсыз жазалаудың бірі!

Тәуелсіз заңгерлердің, адам құқын қорғаушы халықаралық ұйымдардың анықтауы нәтижесінде, Арон Атабектің сотталуы негізсіз екені дәлелденсе де, біздің айтқанын істеткіш «күштілер» мыңқ етпеді. Азбас-тозбас немқұрайдылық!

Аронның түрмеде отырғанына 12 жыл. Халықаралық полиция қолға түсірген қылмыскердей қатаң бақылауда. Денсаулығы нашарлап барады. Дәрігерлік көмек тыңғылықты емес.

Халықаралық ұйымдар, біздің оппозициялық бағыттағы саяси қайраткерлер, журналшылар, жазушылар, яғни Арон Атабектің кім екенін жақсы білетін жұртшылық жоғарыдағы тиісті орындарға жасы 55-тен асқан (қазірде 67 жаста) Азамат ақын ісін қайта қарауды, әділдікке көз жеткізуді талап еткен, кейінде жеңілдік жасауды өтінген хатты әлденеше жолдады.

Амал не, құлақ асуға тиістілердің бірде-бірі селт етпеді. Біздегі басшы шенеуніктер тәуелсіздікті: «қай мәселені қашан, қалай шешемін, ол өз еркімде, мен тәуелсізбін!» деп білетін сияқты. Шынында, «славяндық үштіктің» арқасында бізге де оңай олжа болған тәуелсіздік  халыққа емес, билік тобындағыларға бұйырған тәрізді.

Әділетті мемлекет екеніміз рас болса, биліктен қиянат көргендерді  қорғап баққаны үшін жалған айыпқа жем болған Арон Атабекке басбостандығын қайтарып беруді ойластырғын…”.

Сәлеммен, – Ғаббас Қабышұлы, журналшы-жазушы

Тағы оқыңыз:

Арон Атабек: “Ұлтшылмыз деп жүрген біраз азамат бізді сатып кетті”