Back

«Ауыл» партиясы мен фермерлер қауымдастығы ауылдарды дамытуға уағдаласты

Елордада «Ауыл» партиясы мен «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» ынтымақтастық меморандумын бекітті. Құжатқа «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев пен «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев қол қойды.

Меморандум аясында тараптар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, ауыл шаруашылығы саласы мен ауыл еңбеккерлерінің өзекті мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да қатысушыларына мемлекеттік және мемлекеттік емес қолдау жүйесін жетілдіруге жәрдемдесуге бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу туралы келісімге келді.

–  «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» – Қазақстанның барлық облыстарының 40 мыңнан астам фермерін біріктіретін ірі қоғамдық ұйымдардың бірі. Аталмыш қоғамдық бірлестікпен ортақ мүдделеріміз көп. Бұған дейін де республикалық және аймақтық деңгейде әріптестік қарым-қатынаста болдық. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласының дамуына қатысты мәселелерде қауымдастық пен партияның ұстанған бағытының ортақ екеніне көз жеткіздік. Бүгінгі ынтымақтастық меморандумы арқылы «Ауыл партиясының» әлеуеті артып, ауыл шаруашылығының дамуына қосар үлесіміз еселене түседі деп үміттенемін, – деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев «Аграрлық саланы дамыту – ортақ мүддеміз» атты бірлескен отырыста.

Оның айтуынша, әлемді жайлаған коронавирус індеті аграрлық сектордың, азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын айқындап берді. «Дәл қазір адамға қымбат көліктің де, қымбат киімнің де керегі жоқ.

Ең негізгісі – деннің саулығы. Елді етпен де, сүтпен де, нанмен де қамтамасыз етіп отырған сол ауылдың берекелі тірлігі, ерен еңбегі. Отыз жылдың ішінде экономикамыздың шикізатқа тәуелділік құрсауынан шыға алмай қалғаны жасырын емес.

Басқасын айтпағанда, Қазақстанның ауылшаруашылық өндіріс кешенін дамытуға әлеуеті жеткілікті. Мал бағып, жер емген ата кәсібімізді қайта жаңғыртып, өңдеу өнеркәсібін дереу жандандыруымыз қажет», – деді партия төрағасы. Өз кезегінде «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» РБК басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев:

– Бүгінде еліміздегі әрбір ауданда фермерлер қауымдастығы жұмыс істейді. Негізгі мақсатымыз – ауыл әлеуетін көтеру. Менің айтайын дегенім, соңғы жылдары «Келешегі жоқ ауылдар» деген халыққа жағымсыз шешім қабылданды. Кейбір деректерге сүйенсек, 1100 ауыл келешегі жоқ деген желеумен оңтайланып, ірі ауылдарға, қалаға көшіріліп жатыр. Бұл дұрыс емес. Біздің қазақтың тамыры ауылда. Екі отбасы тұратын ауыл болса да, сол ауылдың жағдайы жасалуы керек. Осы мәселені қолға алсақ па деп отырмыз. Ауылды көркейтпей, мемлекеттің жағдайы оңалады деп айту қиын. Ауылда тұру үшін ауыл еңбеккерлеріне тиянақты жағдай жасалуы керек. Білім, мәдениет, спорт сынды қай саланы алсақ та, қаладан кем тұрмауы керек, – деді Ж. Дайрабаев.

Меморандумға қол қою рәсімінде «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев «Қазақстан фермерлері қауымдастығынан» қабылданған партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттерді табыс етті. «Қазақстан фермерлері қауымдастығының» басқарма төрағасы мен орынбасарлары, атқарушы директоры және аймақтық филиалдарының төрағалары салтанатты рәсіммен «Ауыл» партиясының қатарына қабылданды.

Тағы оқыңыз:

Ел шарқ ұрып іздеген ИВЛ аппараттары қоймада жатқан – Жемқорлыққа қарсы қызмет