Back

Алматы облысында 299 653 оқушы қашықтан оқиды

Санаулы күндерді артқа қалдырып жаңа оқу жылы да есігін айқара ашқалы тұр. Дегенмен, облыстағы санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты биылғы жаңа оқу жылы қашықтықтан оқыту форматында басталатын болады. Бұл туралы Алматы облысынң әкімі Амандық Ғаббасұлы баспасөз-мәслихатында мәлімдеді.

Облыста 760 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға өсіп 426 мыңнан асып отыр.

Биылғы жылы алғаш рет білім ұясының табалдырығын 44 мыңнан астам бала аттамақ.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты  білім мекемелері оқушыларды төрт бағытта оқытатын болады.

Бірінші бағыт бойынша 299 653 оқушы интернет желісі арқылы оқумен қамтылатын болады.

Екінші, 84 471 оқушы яғни білім алушылардың 20 пайызы республикалық телеарналар  «Аль-Фараби», «Еларна» және облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білімін жетілдіреді.

Үшінші, шалғайдағы елді мекендердегі 138 мектепте санитарлық талаптарға сәйкес, екі ауысымда 15 баладан 7721 оқушы  штаттық режимде оқитын болады.

Төртінші, бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен  5214 кезекші сыныптарда 34 792 бала білім алатын болады. Бұл оқушылардың 8 пайызын құрайды.

Өңір басшысы брифинг барысында облыс бойынша оқушылардың компютерлік техникамен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, білім алушылардың 61 пайызы техникамен қамтамасыздандырылған. Сондай-ақ мектептердегі 23 678 компьютер балаларға уақытша пайдалануға берілмек.

Алдағы уақытта мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынады деп күтілуде.

Мектеп жасындағы бөбектердің басым бөлігі интернет желісіне қосылған. Олардың көрсеткіші 88 пайызға жетіп жығылады.

«Меценаттар тарапынан көмектер көрсетілуде, мәселен  «Жас архитекторлар мен құрылысшылар» қоғамдық қоры облыстың аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер құралдарын тегін беруі жоспарлануда»,-дейді Амандық Баталов.

Айта кетерлігі, «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен  8 Мбит-ке  дейін ұлғайту күтілуде.

Сондай-ақ, интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутерлар сатып алу жоспарлануда.

Сандарды сөйлететін болсақ, Алматы облысы бойынша білім саласына 314,2 млрд. теңге қаржы қарсатырылған. Жалпы облыста аталған салаға бюджет қаражатының 65% бөлініп отырады.

Анар САБЫРОВА, Алматы обылсы.