Back

Ертісбаев: “Беларусьтегі сайлау біздегідей ашық және таза өтуі тиіс еді”

Қазақстанда біраздан бері үндемей жүрген биліктің бұрынғы “бұлбұлы” Ермұхамет Ертісбаев кезінде Қазақстанның Беларусьтегі елшісі болған. Сол Ертісбаев YouTube-тегі “Talap” каналындағы онлайн-конференцияда Беларусьтегі қазіргі жағдайға қатысты өзінің көзқарасын білдірген екен, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл орайда Ертісбаев Қазақстан президентінің сайлауы қалай өткенін еске салды. Сол тұста Қазақстанның Беларусьтегі елшісі болған Ертісбаев дәл сол күні Минскідегі сайлау учаскесінде жүрген екен.

“Бізде бәрі ашық және таза өтті. Дәл солай болуы тиіс еді. Жүздеген адам келді дауыс беруге. Біздің учаскемізде Тоқаев 53,8% дауыс жинады, Қосановқа шамамен 39-40% адам дауыс берді. Бұл керемет нәтиже”, – деп бастады Ертісбаев.

Оның сөзінше, Лукашенкоға қулық жетіспей, ол өзіне 80%-дан астам дауыс “бергізді”, солайша ол қателік жасап қойды.

– Егер Лукашенко сайлауда 54-55% дауыс алғандай болып, ал халық Тихановскаяға 44-45% дауыс берді, дегендей нәтиже жарияланғанда, Беларусь бұлайша көтерілмес еді. Сосын Лукашенко сайлаудан кейін барлық кандидаттарды өз резиденциясына қонаққа шақыруы тиіс еді. Путин соңғы сайлауда сөйтті емес пе?

Барлық кандидаттарды жинап алды да, “давайте, бірге жұмыс істейік” деді. Өйткені диалогқа шақыру деген әдістің наразы пиғылды басатын “қасиеті” бар. Сонда дейміз, халықтың 80% дауысын алса – оларға резіңке оқ атудың қажеті болар ма еді? Өз сөзінде халықты “овцы” деп, қойға теңегені де тым артық болды. Өте маңызды нәрселер ғой мұның бәрі. Халық деген наразылық білдіруге қақылы. Мен Лукашенконың күш қолданып жатқанын қателік деп санаймын. Халық көшеге шықса – шықсын да, ереуілін жасап тұра берсін. Билікке узурпация жасау – қылмысқа жатады, – деді Ертісбаев.

Тағы оқыңыз:

Қасқабұлақтағы ойран: Ауыл әкімі таяқ жеп, Сапарбаев оқиға орнына жедел жетті