Back

“Жаныңыздағы олигархтардан арылыңыз!”. Экс-депутат президентке хат жазды

Қырғыз парламентінің бұрынғы депутаты, оппозиционер Бектур Асанов ел президенті Сооронбай Жээнбековке үндеу жариялап, Кеден қызметінің бұрынғы төраға орынбасары Райымбек Матраимовқа шара қолдануды сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

“Өкінішке қарай, Асқар Ақаев кезінде басталған олигархтық-бандиттік-кландық коррупция Сооронбай Жээнбеков кезінде де жалғасып жатыр. Президентті тез арада “Райым миллион” тобына заңдық тұрғыдан шара қолдануды сұраймыз. Парламент сайлауына дейін президент халыққа кімді қолдайтынын – халықты ма, әлде олигарх-бандиттік топты қолдайды ма, осыны ашық айтуын талап етеміз”, – деді Асанов.

Президент әкімшілігі әзірге бұл үндеуге жауап бермеді.

Мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары болған, қоғамда Райым Миллион атымен танымал Райымбек Матраимов 2017 жылы қызметінен алынған.

Былтыр жылдың соңында президент Сооронбай Жээнбеков Матраимовты жауапкершілікке тарту жөнінде сұраққа, “Ол үшін заңдық тұрғыдан негіз керек, саяси технологтар Матраимовтан коррупциянер жасап, оны Жээнбековпен байланыстырғысы келеді” деп мәлімдеген.

Азаттықтың қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop Қырғызстаннан ірі көлемде қаржының қолма-қол қалайша шетелге шығарылғаны жөнінде журналистік зерттеу жариялаған. Бұл қаржының Райымбек Матраимовқа тікелей қатысы болғаны анықталған.

Бірақ материал жарыққа шыққаннан кейін, Райымбек Матраимов, оның депутат бауыры Ескендір Матраимов және отбасы мүшелері ар-ожданымызға нұқсан келтірді деген айыппен үш медиаресурсты сотқа беріп, өтемақы талап еткен.

Атап айтқанда, Азаттықтан 22,5 миллион сом, оның журналисі Али Токтакуновтан 10 миллион, Kloop сайтынан 12,5 миллион сом және 24.kg сайтынан 15 миллион сом талап етіп отыр.

Журналистік зерттеу бойынша, елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізіп жатыр.

2019 жылдың желтоқсан айында Райымбек Матраимовтың өзі шетел асқан 700 млн долларға еш қатысым жоқ деген.