Back

Қайрат Жолдыбай: “Қиын сәтте қол ұшын созған халыққа рахмет”

Індет жасты да, жасамысты да жалмап, ауруханада оттегі аппараты жетіспей, төсекке таңылған жұрттың демі тарылып, ажалмен арпаласып жатқан қысылтаяң шақта белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы үлкен тәуекелге бел буған еді.


“Емханаларда оттегі аппараттары жетіспеуде. Өлім көбейді… Осындай сын сәтте біз не істей аламыз? Елімізде өлім санының күрт артуы қанның қажетті кезде оттегімен қанықпауы салдарынан да туындап жатыр.

Ендеше, харекет бізден, берекет Алладан. Көп түкірсе көл дейді. Еліміздегі кәсіпкер азаматтарды, өнер адамдарын, мүмкіншілігі бар әрбір жанды осынау сауабы мол қайырымдылық шарасына  шақырамын”, – деген дінтанушы қазіргі уақытта қазіргі жерге тамбай тұрған құрылғыны сатып алуға әрекет етіп, елден жылу жинап, игілікті іске мұрындық болды.

“Желдеткіштер (ИВЛ) өте қымбат және олар тек жансақтау бөлімінде қолданылуда. Алайда қандағы оттегінің төмендеуіне жеткізбей, науқастарды жансақтау бөліміне әкелмей-ақ емдеуге болатын тәсілдері бар екен.

Тыныс алу жолдары ауруларының алдын-алу үшін қолданылатын және қандағы оттегінің деңгейін уақытында жоғарылатуға мүмкіндік беретін су мен ауадан оттегі шығаратын құрылғылар бар (оттегі концентраторы). Бұл қанықтылығы төмен науқастарға шын мәнінде өмір сүру мүмкіндігін береді. Ал бұл құрылғылардың бағасы желдету қондырғыларына (ИВЛ) қарағанда әлдеқайда арзан”, – деп жазған еді дінтанушы желідегі парақшасында.

Қайрат Жолдыбайұлы осы арқылы коронавирус пандемиясы кезінде өзі сияқты жанашыр адамдарды бір мақсат-мүддеге жұмылдыра алатын қайраткерлік қабілетін таныта білді. “Көп түкірсе көл” дегендей дінтанушының бастамасын ел болып қолдап, қолдан келгенше әр адам көмек қолын соза бастады.

Dalanews.kz тілшісі Қайрат мырзаға хабарласып, аз-кем әңгіме-дүкен құрды. 

“Қиын сәтте ел екенімізді, бір екенімізді көрсете білдік. Кейбір жандар соңғы тиынына дейін бізге беріп жатты. Үкілеген ел үмітін ақтауға тырысып жатырмыз. “Шұғыла” қайырымдылық қорымен бірге халықтан 450 миллион теңге  жиналды. Сол қаржыға 4 мың дана оттегі концентраттары сатып алынды”, – дейді Қайрат Жолдыбайұлы. 

Қытайдың Гуанчжоу қаласынан жеткізілген 543 құрылғы Алматы облысы, Тараз қаласы, ШҚО-ға жіберілді.  Оттегі концентраторларының 1400 данасы, яғни, екінші партиясының 740 аппараты Батыс өңіріне, қалғаны Оңтүстік өңірлердегі ауруханаларға таратылды.

Ұйымдастырушылар шет ел асып келген қондырғылардың ауруханаға жеткізілуін қадағалауда.

“Енді 3-ші тамыз күні 1000 дана аппараттың келуін күтіп отырмыз.  Арнайы әзірлеген жоспар бойынша елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына, Солтүстік Қазақстанның өңіріндегі аудан-ауылдарға жеткізу ойымызда бар. Халықтың қаржысына жиналған оттегі концентраттарының соңғы партиясы 10-шы тамыз күні келуі керек.

1000 дана аппарат ШҚО, Алматы облысы және елімізде осынау аппараттар тапшылық көріп жатқан ауруханаларға таратылатын болады. Сонымен науқастарлы қажет қондырғымен мүмкіндігімізше қамтамасыз етуге тырыстық деп ойлаймын. Ең бастысы ел болып коронавирусты тоқтатсақ, үлкен жеңісіміз сол болмақ”, –деп пікірін білдірді Қайрат Жолдыбайұлы.

Сын сағатта игілікті істің басы қасында болып, тәуекелге бел буып, ауыр аманатты арқалап, ауруханада жетіспей жатқан оттегі аппаратымен қамтамасыз ету үшін барын салып, науқастарға жетуін жіті қадағалауда.

Қарапайым адамдар, кәсіпкерлер, өнер адамдары, шалғайдағы қазақтан, қаладағы ағайынға дейін Қайрат Жолдыбайұлының үндеуіне құлақ асып, қол ұшын созып, бүгінде аса қажетті оттегі аппаратын сатып алуға өз үлестерін қосты. 

“Елдегі ахуалға бей-жай қарамаған жанашыр адамдардың арқасында Гуанчжоудағы әлемдегі ең мықты деген үштікке кіретін компанияны таңдап, сол жерден жиналған қаражатқа 4 мың дана оттегі концетраттарына қол жеткіздік.

Үндеудің нәтижесінде ауыл-ауылдан, шалғайдағы елдімекендерден халық жиналып, жаппай ақша аударды.  Осы үлкен іс-шараға атсалысқан адамдарға  алғысымызды білдіреміз. Осы қондырғының арқасында көп азаматтар жансақтау бөліміне жетпей айығып, жазылып кетеді.

Әсіресе, премьер министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы ерекше қолдау білдірді. Ұшақ беру, ұйымдастыру, рұқсат қағаздарын тез рәсімдеуге көмектескенін атап айтқым келеді. Барша көмектескен адамдарға Алла разы болсын”, – деп ризашылығын білдіріді Қайрат Жолдыбайұлы.

   Әзірлеген, Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ