Back

Шаруалар сенаторларға Меркі қант зауытына былтыр өткізген өнімнің ақшасын әлі алмағанын айтып шағынды

Сенаторлар Әбдәлі Нұралиев пен Мұратбай Жолдасбаев Жамбыл облысына сапары барысында Байзақ ауданы Ақшолақ ауылының шаруашылықтарын аралады. Егінге қажетті су мәселесіне қатысты әңгімеге Меркі мен Жамбыл аудандарының аграрлары да қосылды. Олардың айтуынша, өңірдегі сумен қамтамасыз ету мәселесі тез арада шешуді талап етеді. Егер мәселе созылатын болса, егіс өнім бермеуі мүмкін.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдері биыл көрші Қырғызстан егінге қажетті суды аз көлемде жіберіп жатқанын айтты. Әсіресе бұл жағдай ыстыққа байланысты су көп қажет болған шілде айында қатты сезілген.

Қазіргі таңда Байзақ ауданындағы егіс алқаптары үшін секундына 35-40 текше метр су қажет, бірақ шаруалар оның тек жартысына жуығын алып отыр. Осының себебінен олар суды кезекпен пайдалануға мәжбүр. Басым дақылдар ретінде қант қызылшасы, жүгері, көкөністер мен бау-бақша өнімдері белгіленген. Егер алқапқа су жетпесе, дақылдар өнім бермейтіні белгілі.

Сенаторлар аталған мәселені Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе шешуге ниетті.

Фермерлер депутаттардың алдында өзге де мәселелерді көтерді. Бітік өнім алғанның өзінде кәсіпорындар қаржылай табыс таппайтын жағдайлар да кездеседі екен. Өткен күзде жиналған қызылшаны аграрлар Меркі қант зауытына өткізген, бірақ ақшасын әлі күнге дейін алмаған.

Сенат депутаты Мұратбай Жолдасбаев бұл мәселенің дереу шешілуі үшін көмек көрсететінін жеткізді.

«Егер тараптардың бірі келісім шартын орындамаған жағдайда екінші тарап сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Мен тиісті шараларды қолға алып, мәселенің тез шешілуі үшін атсалысамын», – деді сенатор.

​​ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Тағы оқыңыз:

Нұрлан Нығматулин: «Депутаттар шетелде демалып жатқан жоқ, бәрі елде»