Back

Қазақтың тағы бір абзал азаматы атың өшкір індеттің құрбаны болды

Елге белгілі асыл азамат, ҚР «Құрметті құрылысшысы», меценат Тәліпхан Ділдабекұлы Әбілдаев 63 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды. 

90-шы жылдардың қиын-қыстауында талай жанға араша, біреуге – қолдаушы, ағайын-туысына қорған, отбасына аяулы жар, өнер-мәдениет өкілдеріне – нағыз Өкіл әке болғанын ел біледі. Алматы қаласы мен өңірлердің құрылыс және архитектурасын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Құрылыс компаниясының тізгінін ұстай жүріп қаншама қазақ жастарын нағыз еңбекке, адал нәпақа табуға баулыды. Аты дардай компаниялардың бірқатарын Тәкеңнің шекпенінен шыққан шеберлер басқарып отыр. Елін сүйген арда ұлдың қамқорлығын көргендер ,,бүгінгінің Атымтай Жомарты осы кісідей-ақ болар,, деуші еді. ,,Тамаша,, ойын-сауық отауы, ,,Аққу мен Гәкку,, театрын және өзге өнер қырандарын қылаусыз көмегімен жарылқап жүрді. ,,Көмек беру – бір миссиям сияқты. Бергім кеп, алақаным қышып тұрады,, дегенді алғаусыз айтатын. Көкірегі қарс айырылған қалың ел – сол жақсылықтары жәннат есіктерін ашсын деп бет сипасып қала берді…

Жары Дүйсенкүл екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Аға-іні, қарындастарының, бүкіл әулетінің тіреуі де, тілеушісі де бір Өзі еді.

Үлкенге құрметті де, бауырмалдық пен сыйластықтың үлгісін де ел-жұрт осы кісінің іс-әрекетінен көретін, «қолдан келсе сөйтіп істегенге не жетсін» деп шын пейілмен тілеп тұратын.

Қайран Тәке!

Дәл бұлай, аза бойды қаза қылып қан жұтып, жүрек сыздатар естелік жазып отырамыз деп кім ойлаған?

Жаныңыз Жәннат төрінен жай тапсын!

Артында қалған ет жақын, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.

Бақұл бол, болмысы бөлек, жаны жайсаң Жақсы Адам!

Dalanews.kz – ақпарат агенттігінің ұжымы