Back

Баталовтың тапсырмасы. Алматы облысында жұртты жұмыспен қамту қалай жүруде?

Алматы облысында халықты жұмыспен қамту деңгейі көңіл көншіте ме? Биылғы жылы маусымдық жұмыс, тұрақты жұмысқа қанша адам орналасты? Карантин кезінде тұрақты табыстан қағылып, абдыраған азаматтарға облыс әкімдігі қаншалықты қарайласты?


Dalanews.kz осы орайда облыстағы “Жұмыспен қамту жол картасы” бағдарламасына шолу жасап, аталған бағдарлама аясында атқарылған жобаларды електен өткізді (мақала соңында “Қала мен Дала” газетінің осы мақсатты әзірлеген Инфографикасымен таныса аласыз).

Аймақ басшысы Амандық Баталов осынау бағдарламаның маңыздылығын ұдайы сөз етіп, үнемі назарда ұстайды. 

Төтенше жағдай жөніндегі мемкомиссияның отырысында Мемлекет басшысы Тоқаев осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге бөлуді тапсырған-ды.

“Оның ішінде Алматы облысына 109,2 млрд.теңге бөлінді. Бұл біздің өңір үшін өте маңызды және қажетті қаражат. Бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу маңызды.

Өйткені коронавирусқа байланысты облыстың көптеген тұрғындары жұмыссыз қалды. Олардың отбасыларына жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Бұған дейін жұмыс жасауға  осындай орасан зор қаражат  бөлінген жоқ. Сондықтан біз оларды бөлгенде  жауапкершілікпен қарауымыз керек. Есепті кездесу, жеке қабылдаулар кезінде тұрғындар жүгінген облыстың аудандары мен қалаларына да қаражат бөлеміз”, – деген болатын бұдан бұрын Баталов.

Бұдан бөлек ол “түрлі форум, конференция өткізуді тоқтатып. Оған жұмсалған ақшаны халыққа жұмыс тауып беруге бағыттау керектігін” айтқан.

“Мемлекет басшысы ең алдымен халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Оған бізде қаржы толық көлемде қарастырылған. Қажет болса, маңызды емес шығындарды қысқарту есебінен бұл қаржы көлемін арттыра аламыз.

Биылғы жылы 46 мыңнан астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз.

Имидждік шараларды өткізуге бағытталған шығындарды және бюджеттің басымдық берілмейтін  шығындарын қысқарту, көлік, жиһаз сатып алуды тоқтату қажет”, – деген еді аймақ басшысы.

Әзір коронавирустан емделіп, Нұр-Сұлтандағы кардиоорталықта жатқан Баталовтың тапсырмасы қалай орындалуда? Аймақтағы жұмыспен қамтудың қарқыны қандай? Жыл басынан бері қанша адам жұмысқа тұрды? “Жұмыспен қамту ” бағдарламасы аясында Алматы облысына бөлінген 109,2 млрд теңге қалай игерілуде? Облыстағы қала-аудандарда қандай әлеуметтік инфрақұрылымдар бой көтерді?

Dalanews.kz аймақтағы әрбір елді-мекенге жеке-жеке тоқталып, жұмыспен қамту бағытындағы атқарылған іске кең көлемді шолу жасады.

Талғар қаласы

Талғарда «Жұмыспен Қамту Жол Картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 6 млрд 368,7 млн теңгені құрайтын 46 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады.

Бұлар іске асқан жағдайда 1601 жаңа жұмыс орны құрылады. Соның ішінде қалалық Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша Талғар ауданының 801 адамы жұмысқа орналасады.

Бүгінгі таңңда барлық 46 жоба бойынша конкурстар жарияланған екен. Оның ішінде 31-нің қорытындысы (жоспарға сәйкес 4 млрд 271 млн. теңге немесе жалпы бөлінген қаржыдан 66,8 пайызы ) шыққан.

Бұл бойынша 1071 жаңа жұмыс орындарын (оның ішінде 540 адам Жұмыспен қамту орталығы арқылы) ашу жоспарланған.

Әзірдің өзінде 14 жоба бойынша 243 адам жұмысқа орналасқан, оның ішінде 124 адам жұмыспен қамту орталығымен.

Атап айтар болсақ, оның ішінде Төңкеріс ауылындағы № 23 орта мектептің күрделі жөндеуден өткізу, Талғар каласындағы облыстық санаториялық үлгідегі мектеп интернаттың күрделі жөндеу, аудандық мәдениет үйінің жылу жүйесін қалыпқа келтіру секілді маңызды жобалар бар.

Панфилов ауданы

Жаркент өңірінде қазіргі күні 1047 азамат екі қолға, бір күрек тапты. Ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 55 жоба жасалынып, 5.2 млрд бөлінген.

Ілгеріде айтқандай 1047 жұмыс орны құрылып, Жұмыспен қамту орталығы арқылы 523 адам жұмысқа орналасқан екен. 

Аудандағы мәдениет үйі мен екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда жолдар, көшелерді жарықтандыру, мектеп ішіне дәретхана орнату, парктерді абаттандыру сынды жұмыстарқолға алынған.

Ал Пенжім ауылында күніне 50 адамды қабылдайтын амбулатория салынып жатыр.

Қапшағай қаласы

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы жұмыс Қапшағай қаласында да өз ретімен іске асырылуда. Қалада 18 жоба қолға алынған.

Соның арқасында 143 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінгі күні қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 122 адам жұмысқа тұрған.

Жоғары да аталған жобаларды орындау мақсатында қазынадан 1 млрд. 705562 мың теңге бөлініпті.

Бағдарлама шеңберінде Ы. Алтынсарин, Ш. Уәлиханов атындағы білім ордаларының құрылысы , «Қапшағай жылу» мекемесін көгілдір отынмен қамту және №18 шағын ауданындағы жылу жүйесін жаңарту жұмысы қолға алынған.

Одан бөлек бірқатар көшелер жөнделу үстінде. Атап айтсақ, Арна ауылындағы Набережная көшесі, Қосқұдық ауылындағы Алтынсарин көшесі, Шеңгелдідегі Қожахан баба және Жамбыл көшелері жаңартылмақ.

Балқаш ауданы

Балқашта осы бағдарлама аясында 30 жоба инфрақұрылымдық жоба әзірленген. Бұған 2 млрд 497 млн теңге қаражат бөлінген екен.

Соның нәтижесінде 293 жаңа жұмыс орны ашылып, соның 50 пайызы, яғни 148 жаңа жұмыс орны аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа алынатын болады.

Бүгінде жоспарланған 30 жобаның 29-ы бойынша мердігерлер анықталып, келісім-шарт жасалған. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы барлығы 105 азамат жұмысқа орналасқан.

Бағдарлама бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі арқылы 3 жоба жоспарланып, келісім-шарт жасалынып қол қойылды. Білім бөлімі арқылы 13 жоба жоспарланған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы 12 жоба жоспарланып, 11 жобамен келісім-шарт жасалынып қол қойылды.

Құрылыс бөлімі, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 1 жобадан іске асырылады деп күтілуде.

“Жұмыспен қамту жол картасы” бағдарламасының шеңберінде  Құйған ауылындағы орта мектептің жылу жүйесін  жөндеу, сыртқы қабырғаларын қалыңдату жұмысы басталды. Бұдан бөлек Көктал ауылындағы орта мектебін жөндеу жұмысы да қызу жүруде. “Жұмыспен қамту орталығы” арқылы жұмысқа 30 адам қамтылған.

Іле ауданы

“Жұмыспен қамту жол картасы” бағдарламасының көмегімен Іле ауданында 89 жоба әзірленіп, барлығы 3406 жұмыс орны құрылмақ.

Алдыңғы қатарлы ірі жобалардың бірі Жетіген ауылдық округіндегі №3 орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары. Сондай-ақ, Аудандағы 8 бірдей мектептің ішкі дәретханасы күрделі жөндеуден өтеді.

Бұдан бөлек, Тілендиев ауылында дәрігерлік амбулатория салынады. Аудандық спорт мектебіне сонымен қатар бірнеше электр, су және кәріз жүйесілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізіледі. Бірнеше ауылдарда көшені жарықтандыру, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жасамақ.

Аудандағы 50-ден аса көшеге ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары жасалады.

Кербұлақ ауданы

2020 жылы Кербұлақ ауданында “Жұмыспен қамту 2020 жол картасы” бағдарламасы арқылы 53 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарлануда.

Осының нәтижесіне 333 жұмыс орны құрылатын болады.

Аудандағы 8 ауылдық округтің орталық көшелері және 5 ауылдың кірме жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  Сарыбастау ауылының орта мектебіне күрделі жөндеу жасалынып, 35 мектептің дәретханасы жөндеуден өтеді. Қоғалы ауылдық округіндегі Орталық стадионға жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар Доланалы, Онжас ауылдарының су жүйесінің құрылысы басталады.

Сарыөзек, Қоғалы және Қарашоқы ауылдарына түнгі жарықтандыру жұмыстары жасалынады.

Қоғалыда шағын футбол алаңы мен балалар ойын алаңы салынады және Жастар саябағы мен ҰОС ардагердерлеріне арналған ескерткіш және Кызылжар ауылындағы ҰОС ардагерлерінің ескерткіш тақтасы ағымдағы жөндеуден өтеді.  Осы жоспарларды жүзеге асыру кезінде 165 адам аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа қабылданбақ.

Текелі қаласы

Текелі қаласында барлығы 13 жоба жүзеге асуда. Жазғы маусымда Текелінің 100-ге тарта тұрғыны жұмысқа қабылданған. Оның ішінде 13-і жол құрылысының басы-қасында жүр.

Жақында қала көшелері мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар қалпына келтірілмек. Қаланың кіреберісі және күншығыс көшесіне дейінгі жолда жаңа арық науалары салынып, жаяу жүргіншілер жолының қаңқасы қалануда. Сондай-ақ, Орақты батыр, Жансүгіров, әл-Фараби көшелерінің жиегіне арық жүйелері төселуде.

Бұдан бөлек Текеліде балаларға арналған 22 ойын алаңы салынады. Бүгінде алаңдардың орнын дайындау жұмыстары жүргізілуде: құрылысшылар құм сеуіп, тас төсеніштерді орнықтыруда.

Еңбекшіқазақ ауданы

Ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 106 жоба жүзеге асырылады. Бұл мақсатта қазынадан 11 млрд 513 млн теңге қарастырылған.

Аудан халқы үшін жағымды жаңалықта жоқ емес. Бағдарлама шеңберінде 3152 жұмыс орны құрылады. 1576 орнын Жұмыспен қамту орталықтарында кезекте тұрған тұрғындарға бұйырады.

Барша құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ауданда 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ауқымды жұмыстардың қатарына Есік қаласынан бой көтеретін 1500 орынға лайықталған мектептің құрылысы кіреді. Білім ордасының құрылысына 1253 адам жұмылдырылған. Оның ішінде 630 адам жергілікті Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекпен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданындағы 42-і мектептің ішіндегі әжетхананы ретке келтіру жүргізілуде. Бұл іске 84 адам тартылған. Бағдарлама көмегімен Шелектегі политехникалық колледж күрделі жөндеуден өтеді. Жөндеу жұмыстары 15 мамырда басталған. Желтоқсан айының 20 желтоқсанында қолданысқа беріледі деп күтілуде. 274 адам жұмысқа тартылса, 137-сі жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке араласқан.

Сарқан ауданы

Сарқан ауданы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 45 жоба әзірленген. Оның 44 жобасына 1 млрд. 603 млн. 551 мың теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталды.

Бағдарлама аясында 427 уақытша жұмыс орны ашылды. 

Лепсі өңірінде бағдарлама бойынша ірілі-ұсақты 4 жоба қолға алынған. Көкжиде ауылында 250 орындық орта мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Қарабөгет ауылында 1976 жылы салынған 220 орынды мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Лепсі, Алмалы ауылдық округтерінде тозығы жеткен ауыз су құбырларын ауыстыру жұмыстары басталып, оған 72 млн қаражат бөлінген. Жалпы, су құбырларының ұзындығы 1600 метрді құрайды.

Бұдан бөлек биыл Сарқан қаласында 9 көп қабатты тұрғын үйлердің алдын аббаттандыру жұмысы басталды. Жөндеуге 210 млн теңге қаражат қарастырылған. Сарқан қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған «Сарқан Жылу» қазандықтары жөнделуде. Аудан мектептерінің ішкі дәретхана жұмыстары бойынша 19 жоба қолға алынған.

Сонымен қатар, ауданда туризм саласын дамыту мақсатында «Жоңғар-Алатауы» парк аумағын санитариялық-гигиеналық тораптармен жайластыру жұмыстары басталмақ. Оған 40 млн теңге қаражат бөлінген.

Ұйғыр ауданы

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында Ұйғыр ауданында 178 адам жұмысқа орналасады.

Бұл 34 жобаның шеңберінде жүзеге асырылады. Осы мақсатта бюджеттен 1 млрд 886 млн теңге қаржы бөлінген.

34 жобаның ішінде 21-і білім мекемелерін жөндеуден өткізуге бағытталған. Сонымен қатар, Кетпен ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.  Тұрғын үйлерді қалпына келтіру мен су тарту жұмыстары, жөл жөндеу де назардан тыс қалмаған.

(Ұйғыр ауданына қатысты ақпаратты алдағы уақытта толықтыратын боламыз) 

Қарасай ауданы

Қарасай ауданы бойынша “Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020” бойынша 62 нысанның құрылысы іске асуда. Бұларға тартылатын жұмысшылардың 50 пайызын жергілікті тұрғындар қатарынан алу қажет деген нақты талап бар.

Бұдан басқа осы жобаларды жүзеге асыруда пайдаланылатын материалдың 90 пайызы отандық өнім болуы тиіс. Бұл нысандардың барлығы ағымдағы жылы аяқталады.

Бағдарлама көмегімен барлығы 340 адам жұмысқа орналасады. Жоба жайында айтсақ Райымбек ауданында кешкі демалысқа арналған саябақ пен спорт кешені салынып жатыр. Саябаққа бөлінген аумақ 1,3 га құрайды. Жобаға бөлінген қаражат 53 млн.тенге. Айта кетерлігі, мұнда автосуару жүйесі орнатылған гүлзарлар бар. Онда гүлдер мен көгалды шөптер егіледі.

Ал Тұрар ауылына таза ауыз су келеді. Осы мақсатқа “Жұмыспен қамту жол картасы” бағдарламасы бойынша 851 млн. теңге бөлінді.  Аудан тұрғындары жұмысқа алынды. Жалпы объектіде 87 адам еңбек етуі тиіс. Қазір мұнде 50 жергілікті тұрғын жұмысқа тұрған.

Бұдан бөлек Құмарал ауылында ұзындығы 9 шақырымды құрайтын электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.  Бұған 61 млн теңге бөлінген. Қаскелең, Қошмамбет, Бекболат, Қайнар, Еңбекші, Долан, Жібек жолы ауылында да электрмен жабдықтау желілеріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде.

Жамбыл ауданы

Жамбыл ауданында құны 7 млрд 169 млн теңгені 56 жоба жүзеге асады. Мұның барлығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қолға алынбақ.

Осының нәтижесінде 1394 жұмыс орны құрылады. Барлық жобалар іске қосылғаннан кейін ауданда 251 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Бүгінгі күні жұмыспен қамту орталығы арқылы 698 адам еңбекке тартылған.

56 жобаның 25-і білім ошақтарын қалыпқа келтіруге бағытталған. Бұған бюджеттен 72 млн. 573,4 мың теңге қаражат бөлінген. Оның 29 млн. 399,0 мың теңгесі игеріліп үлгерген.

Ұзынағаш ауылында 1500 орынға арналған мектеп бой көтермек. Және де Сұраншы батыр ауылындағы балабақша мен мәдениет үйі қалпына келтірілмек. Бұл істі соңына жеткізу үшін жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы 132 адам еңбекке тартылған.

Жол жөндеумен төрт бірдей компания айналысуда. Аталған жобаның төңірегінде 266 жұмыс орны даярланса, соның 132-не жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрғындар жұмысқа тартылған. Бұдан сырт тұрғын үй мен су тарту жүйелері бойынша 24 жоба қолға алынған екен. Бұл бағытты 156 адам жұмыспен қамтылыпты.

Ақсу ауданы

Ақсу ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 52 жоба іске асырылады. Аталмыш жоба аясында 2 млрд 148 млн теңге қаражат бөлінген.

Соның арқасында 537 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Оның ішінде 268 адам Халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы жұмысқа тұрады.

Әзір І.Жансүгіров ауылындағы Бөрібай батыр ескерткішін орнату, орталық саябақты абаттандыру жұмыстары басталуда. Сондай-ақ Арасан, Еңбек ауылдарына су құбырлары тартылады. Жол картасы барысында көшедегі шамдарды қалпына келтіру, ауылды жарықтандыру назардан тыс қалмаған. Бұл жұмыстар, І.Жансүгіров, Қалап, Қызылағаш ауылдарында жүргізілмек.

Ал, Көшкентал, Еңбек, Матай, Көкөзек, Егінсу, Қызылағаш, Б.Сырттанов, Ақсу, Сағабүйен, І.Жансүгіров, Н.Есеболатов, Молалы, Қаракөз ауылдарында жалпы 14 спорт алаңдары салынады деп жоспарланған.

Аудан бойынша 27 мектептің әжетханалары мектеп ішіне кіргізіледі.

Ескелді ауданы

“Жұмыспен қамту” бағдарламасының шапағатын көргендер қатарында Ескелді жұршылығы да бар.

Биыл дәл осы ауданға қазынадан 3 млрд 22 млн теңге бөлінген. Аталған қаражатқа аудан бойынша жоспарланған 59 жобаны іске асыру жоспарланған.

Қолға алған істің арқасында Ескелді ауданында әзірдің өзінде 520 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 262 тұрғын аудандық Жұмыспен қату орталығы арқылы екі қолға, бір күрек тауыпты.

Бағдарлама аясында атқарылып жатқан жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы – Бақтыбай ауылдық округінде орналасқан мәдениет үйінің күрделі жөндеуден өтуі.  Өнер ошағының 20 жылдан кейін екінші тынысы ашылғалы тұр. Сән-салтанаты жарасқан ән мен күйдің ордасына көрерменнің келмегеніне біраз жылдың жүзі болған. Су жаңа күйге енгелі тұрған бұл нысанның құрылысын жүргізуге 59 адам жұмылған.

Көксу ауданы

Ауданда бағдарлама аясында 26 жоба іске асырылып, 400-ге жуық адам жұмысқа орналаспақшы.

Әзір дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтуде. Күніне 20 адамды қабылдауға қауқарлы медициналық пункт жұмыстарына 181 млн.теңге қаражат қарастырылған.

Бұдан бөлек бағдарлама шеңберінде былтыр құрылысы басталған Қызылтоған ауылындағы 120 орынға лайықталған білім ордасы есігін айқара ашады деп күтілуде. Бұдан басқа Айнабұлақ ауылында Рамазанов көшесінің жолы жаңартылып, Мәдениет үйінің жанынан фельшерлі акушерлі пункт бой көтеретін болады.

Жөндеу жұмыстарынан көшені ретке келтіру де сырт қалмаған. Бұл мақсатта 19 млн теңге қарастырылған. Бағдарлама қолдауымен аудандағы 5 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Әзірлеген Анар САБЫРОВА,

Dalanews-тің Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі