Back

“Болмановты кеңесші етті…”. Ермек Тұрсынов Мәдениет министріне шүйлікті

Танымал режиссер Ермек Тұрсынов Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованы мұндай жоғары лауазымға лайықты емес деп санайды.

Режиссер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жіліктеп жазып, министрлік жұмысындағы көзге ұрып тұрған олқылықтарға тоқталды деп хабарлайды Dalanews.kz. Автордың ой-пікірін ықшамдап ұсындық. Сонымен, Тұрсынов не дейді?

“Бүгінгі сөз Мәдениет министрлігі жөнінде. Меніңше, Қазақстанды мақсатты түрде жарыместер еліне айналдыру әрекеті жүріп жатыр. Қалайша? Алдымен мәселенің түпкі мәніне үңілейік.

Кейінгі 28 жыл бойына елімізде қаншама мәдениет министрі ауысты. Бұл орында алуан түрлі адамдар отырды. Көпшілігімен ара-тұра байланыс жасауыма тура келді. Сол министрлердің бәрінің атқарған қызметінің жиынтық әсері – жағымдысынан жағымсызы басым. Өзбекәлі Жәнібеков немесе Камал-аға Смайылов секілді тұлғалар қазір жоқ…

ҚР Президенті жанындағы Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы басқосуында менің ел басшылығын мәдениетке ерекше көңіл бөлуге шақырғаным көпшіліктің есінде шығар (әлеуметтік желілерде сол жиынның үзіктері әлі жүр). Атап айтқанда, мен мәдениет саласына қалған-құтқанды ғана бере салмай, оған елеулі қаражат бөлу керектігін ұсынған едім. Сөйтсем, мен қателесіппін.

Осы жылдар бойына мәдениетке ақша жеткілікті бөлініп келіпті. Тек бұл қаражат артистерге, режиссерлерге, сценаристерге, гримерлерге, жарық берушілерге, монтаждаушыларға, кітапханашыларға, жазушыларға, театр қайраткерлеріне жетпеген…

Яғни, сол мәдениетті «жасаушылардың» қолына тимеген. Сондықтан да біздің артистер еңбекақысын айтуға ұялады, телевизиядағы түрлі арзанқол жұмыстарға барады. Тойдан тойға жүгіріп, тиын-тебенге бола қысыла-қымтырыла асаба болады. Сол салтанаттардың жарығын қойып «жарықшылар» жүреді, операторларымыз той түсіреді, суретшілеріміз солардың декорациясын жасайды. Қысқасы, біздің елде мәдениетпен, ағартушылықпен айналысатын жанның бәрі жан бағу үшін халтураға жүгінуге мәжбүр. Бұл түсінікті де: өйткені, олар мемлекеттен бөлінген ақшаны көрмейді.

Дәлел керек пе?

1994 жылдан 2019 жылға дейін мәдениетке, өнерге, спортқа және ақпаратқа республикалық бюджеттен 1,5 трлн. теңге бөлініпті – (ұлттық валютаның ауытқымалы бағамын ескере отырып) доллармен есептегенде бұл сома 8,6 млрд. АҚШ доллары болады.

Салыстырсақ, бұл сома елдегі ипотекалық кредит көлеміне немесе, айталық, Қазақстан бюджетінің дефицитіне сәйкес келеді (мәселен, 2020 жылы ҚР бюджетінің дефициті 1 598 123 151 теңге болып, ЖІӨ-нің 2,1%-ін құраған).

Бұған қоса, бұл қаражат – аталған ширек ғасыр ішінде елдің қорғаныс қабілетін (5,045 трлн. теңге) немесе білім беру саласын (5,27 трлн. теңге) қамтамасыз етуге бағытталған бүкіл шығынның үштен біріне сәйкес болып шықты. 26 жыл ішінде мәдениетке бөлінген қаражат бүкіл мемлекеттік шығындардың 1,8%-і болады екен.

Жалпы, 1994 жылдан 2019 жылға дейін мәдениетті, спортты, туризмді қаржыландыру теңгемен есептегенде 307 есе, доллармен бағалағанда 28 есе өскен.

1994-2019 жылдар аралығында отандық фильмдер өндіру шығындарының өзі 910 есе өскен (1994 ж. 8,9 млн. теңгеден 2019 ж. 8,1 млрд. теңгеге дейін), ал доллармен есептесек, бұл шығындар 84 есе ұлғайған болып шығады.

Жалпы осы 25 жыл ішінде кино өндірісі үшін республикалық бюджеттен 68,3 млрд. теңге бөлінген, долларға шаққанда бұл сома 338,5 млн. АҚШ долларына тең.

Спорттағы жоғары жетістіктер үшін 1999 жылдан 2019 жылға дейін жұмсалған шығын теңгемен 46 есе, доллармен 14 есе өскен (1999 ж. 565 млн. теңге, 2019 ж. 25,9 млрд. теңге).

Театрлық-концерттік ұйымдарды қаржыландыру 1999-2019 жылдар аралығында 40 есе өскен (1999 жылы – 291 млн. теңге, 2019 жылы – 11,8 млрд. теңге). Жалпы алғанда, бұл саланың шығындары 104,4 млрд. теңгеге жеткен.

Аталған уақыт ішінде жастар саясатын жүзеге асыруға жұмсалған шығындар 65 есе өскен (1999 ж. 55 млн. теңге, 2019 ж. 3,6 млрд. теңге). Осы салаға жалпы алғанда 15,4 млрд. теңге бөлінген.

1999-2019 жылдар аралығында әлеуметтік маңызы зор әдебиетті басып шығаруға бағытталған шығындар 23 есе өсіп (1999 ж. 50 млн. теңге, 2019 ж. 1,1 млрд. теңге), жалпы көлемі 18,4 млрд. теңгеге жеткен.

Әлеуметтік маңызы зор іс-шараларды қаржыландыру 1999-2019 жылдар аралығында рекордтық көрсеткішпен 873 есе өсіп (1999 ж. 9 млн. теңге, 2019 ж. 7,8 млрд. теңге), ұзын-ырғасы 58,2 млрд. теңгені құраған.

Сонымен бірге, мемлекеттік тілді және Қазақстандағы басқа да тілдерді дамытуға бағытталған шығындар 20 жыл ішінде 7 есе ұлғайып, ғылымды дамытуға арналған шығындар 13 есе өскен.

1994 жылдан 2019 жылға дейінгі мәдениет пен онымен сабақтас салалардың жылдық орташа шығыны 38% өсті, бұл – құқықтық тәртіпті (43%), білім беруді (41%) қамтамасыз ету шығындарының өсуімен шамалас, ал елдің қорғанысына жұмсалған шығынның жылдық орташа өсімінен (29%) біршама жоғары.

Қазір Мәдениет министрлігі жетекшілік ететін аталған салалар шығындарының мұндай қомақты өсімі осын салалардағы елеулі нәтижеге ұласа қойған жоқ.

Мұның бәрі – есеп-қисап. Енді нақты адамдарға келейік…

Ақтоты Райымқұлова мәдениет министрі болып тағайындалған кезде, мен, шыны керек, аң-таң болдым. Түсінемін, кадр жетіспеушілігі барлық жерде бар, бірақ бұл мемлекеттік ауқымдағы жауапты позиция ғой.

Ақиқатын айтсам, мұны жазу өзім үшін де ыңғайсыз, бірақ жазуға мәжбүрмін: Ақтоты Рахметоллақызы – білімі жағынан да, дүниетанымы тұрғысынан да, жалпы мәдени деңгейі жөнінен де мұндай жоғары лауазымға лайық тұлға емес.

Тағы да қайталаймын: әрине, әйел адам туралы бұлай сөйлеу орынсыз шығар, бірақ, амал жоқ, шыным осы. Мен бұл жерде бірінші кезекте әйел адам жөнінде емес, жоғары дәрежелі мемлекеттік шенеунік, ел билігінің өкілі туралы айтып отырмын. Оның үстіне, жеке жүздесулерде мен бұл ойымды Ақтоты Рахметоллақызының өзіне де жасырмай айтқанмын, яғни ол пікірімнен жалпы хабардар.

Мен неге олай айттым? Өйткені, бұл тағайындаудың осындай салдары болатынын алдын ала сездім. Қызметіне кіріскелі Ақтоты Рахметоллақызы не істеді?

Ең алдымен автогенмен қаруланды да, бұрынғы басшының жұмыс алаңын «тазалауға» кірісті.

Талай қызметкерді жұмыстан шығарды. Барлық жерге мүлде біліксіз адамдарды отырғызды.

Негізінен, музыкалық ортаның өкілдерін – домбырашыларды, қобызшыларды, композиторларды, әншілерді және т.б. іске тартты. Қыдырәлі Болмановты министрдің кеңесшісі (!) етіп алды.

Вице-министр етіп бұрын Құрманғазы оркестріне жетекшілік еткен Нұрғиса Дәуешовті қойды, енді ол кино мәселелерімен айналысып жүр. Ақырында, Мемлекеттік орталықтан А.Хасбулатовты жұмыстан шығарып, орнына «Французский дом» сауда дүкендері желісінің бұрынғы иесі, кей орталарда атышулы Г.Б.Сәрсенова ханымды отырғызды…

Арада жыл өткен жоқ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитеті Сәрсенованың үстінен қылмыстық іс қозғады. Ол алаяқтық жасап, орасан зор сомада қаражат қымқырды деп айыпталуда. Тергеу жүріп жатыр. Іс барысында Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер департаментінің басшысы, белгілі режиссерлер мен продюсерлер де жауапқа тартылуда. Құдды ұйымдасқан қылмыс топ секілді…

(Жалғасы бар)

Тағы оқыңыз:

“Амалым қалмады…”. Тұрсынов Тоқаевқа кинодағы коррупция туралы ашық айтты