Back

Халыққа тегін маска таратқан танымал дизайнер коронавирустан қайтыс болды

Танымал дизайнер Берік Исмаилов көз жұмды, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Қаралы хабарды cенатор, тележурналист Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде естіртті.  Берік Исмаилов карантин кезінде маска тігіп, көпбалалы отбасыларға, мүгедек жандарға, зейнеткерлерге тегін таратқан болатын.

«Коронавирус елімізге қауіп төндірген алғашқы күннен-ақ тегін маска тігіп, таратып, бүкіл шәкірттерін сол жұмысқа жұмылдырған патриот, тамаша дизайнер, елгезек жан Берік Исмаилов ағамызды да сұм ажал, беті жаман індет арамыздан алып кетті. Екі жылдай бұрын жүрегіне ота жасатып, ауыр кеселді жеңіп, қатарға қосылып, әдетінше еңбекқор адамның тынымсыз тіршілігіне кірісіп кеткен еді. Қаншама өнерпазға костюм тігіп, қаншама адамды тігіншілік өнерге баулып, шәкірт тәрбиелеген ұстаз едіңіз! Нарықтың тілін меңгерген нағыз іскер азамат! Алматының Әуезов пен Тимирязев көшесін Беріктің шеберханасынсыз елестету, әсте, мүмкін емес еді! Сол көшенің жарқыраған шамы өшкендей бүгін… Бақұл болыңыз, Жақсы Адам!», – деп жазды Д.Нұржігіт өзінің Instagram-парақшасында.

Берік Исмаилов әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің «Славянский базар» байқауында киген сахналық киімдерін тіккен еді. Ол өмірінің соңғы 24 жылын осы салаға арнаған еді.

Тағы оқыңыз:

Кеген ауданында 15 отбасы үйлі болды