Back

Ассамблея мүшесі: “Комфорт зонадан шығып, қазақтілді ортаға сіңісетін кез келді”

Ассамблеяның Алматы облыстық филиалының белсенді мүшесі, қоғам қайраткері, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идиговтың мына бір ой-тұжырымы көңілімізден шықты. «Осы күнге дейін біз өзіміздің дәстүр-мәдениетімізді дамытып келдік. Енді қазақ халқының құндылығын бойымызға сіңіріп, тіл үйренетін кез келді», – дейді Идигов. «Қала мен Дала» автордың ой пікірін оқырман назарына ұсынады. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде мен елімнің бүгіні мен ертеңіне бейжай қарай алмаймын. Осы елде кіндік қаным тамып, осы елдің топырағында аунап өстім. Мен Қазақстанның сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі патриотымын.

Осы себепті де мемлекеттік тілді білмейтін барша қазақстандықтарға үн қатқым келеді. Жоқ, бұл оларды жазғыру емес. Айыптаудан аулақпын. Кісі басынан кемшілік іздеу қанымда жоқ қасиет. Бірақ, айтылмаса сөз атасы өледі.

Менің қазақ тіліне қатысты үндеуім осы елде өмір сүретін барша ұлт пен ұлыстың жүрегіне жетеді деген сенімдемін.

Осы отыз жылда мемлекеттік тілде төрге оздыру үшін толайым жұмыс жасалды. Қазақ тілінің статусын көтеруде мемлекеттік деңгейде жобалар әзірленді. Жыл сайын қазынадан қомақты қаражат бөлініп отыр. Қазақ тілін қолдауға бағытталған Президенттік қор құрылған. Бұл мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұдайы көңіл бөліп, қазақ тілінің мәселесін биік мінберде сөз етуде.

Жалпы, еліміздегі тілдік саясат сауатты жүргізіліп келді. Бір тілдің абыройын асырып, енді біреуінің ар-намысын табанға таптау секілді солақай саясаттан ада біздің мемлекет. Жалпы, тіл мәселесіне келгенде эмоция мен асығыстыққа жол берілмеу керек.

Бұл саясаттың нәтижесі де көзге көрініп келеді. Қазақ тілінің қазіргі жағдайын 90-жылғы ахуалмен салыстыра алмайсыз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың саны 70 пайызға жуықтайтын еді, ал қазір қазақ тілін білетіндердің үлесі 70 пайыздан асып-жығылып отыр.

Мемлекеттік тіл кезең-кезеңімен өзінің тұғырына көтеріліп, өзінің статусына сай сұранысқа ие болуда. Әлбетте мұның бәрі қуандырмай қоймайды.

Әйтсе де, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтаса да қазақ тілін меңгермеген азаматтардың бар екені көңіл қынжылтады. Қазақстандықтың 30 пайызға жуығы мемлекеттік тілді білмейді. Бұл үлкен олқылық!

Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді білмейтін, білсе де шала-пұла сөйлейтін жаңа буын ержетіп келеді. Бұл олардың сағаттап интернеттің алдында отыруымен байланысты. Бүгінгі буынның арасында әдебиеттен алыстап кеткендер көп. Сөздік қорын толықтырғысы келетіндер кітап оқығанда ғана көкірек көзі ашылады. Бұл процесс әрі қарай да жалғаса түссе рухани деградацияға ұшырауымыз әбден мүмкін.

Үштілділік туралы айтқанда Елбасы әркезде қазақ тілінің айрықша статусын айқындап, үш тілдің ішінде бөле-жара көрсетеді. Бұл тегін емес. Түптеп келгенде, қазақ тілі осы мемлекеттегі ондаған ұлт пен ұлысты бір жұдырыққа жұмылдыратын, біріктіретін күшке айналуы керек.

Мәселен, егер ертеңгі күні 18 млн қазақстандықтың барлығы төсегінен тұра сала, бір-бірін «қайырлы таң!» деп қарсы алса және қазақша сөйлеп кетсе біздің арамыздағы қамалдар құлап, бір-бірімізді дұрыс түсінер едік. Тіл жақындастыратын фактор!

Бір тілді қоғамда ұрыс-керіс те сирек болады. Қазақша айтқанда, бір бірімізге бауырдай жақын боламыз.

Бұған мысал – менің өзім. Қазақтілді ортада, қазақтілді азаматтардың арасында жиі боламын. Бірақ ешкім де, ешқашан да менің қай ұлттың өкілі екенімді қазбалап сұраған емес! Себебі неде? Себебі мен олармен қазақ тілінде сөйлесемін. Қазақтың дәстүр-жоралғысын, әдет-дағдысын, мәдениетін, менталитетін, өмір салтын, түптеп келгенде, жан дүниесін жақсы білемін. Тіпті сұрап жатса, бата беруге де әзірмін.

Осыдан біраз бұрын қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл мемлекет пен халық мүддесін ескеріп қабылданған, маңызды шешім.

Қазақ тілінің күн өткен сайын көкжиегі кеңейіп келеді. Біз буын алмасу кезеңіндегі тарихи сәттің куәсі болудамыз. Аға буын үшін оның ізін басқан кейінгі буын үшін де қазақ тілін білу қажеттілікке айналды. Мемлекеттік тілді білу – біздің азаматтық һәм адами парызымыз. Бұл туралы Ата Заңымызда да тайға таңба басқандай жазылған.

Бұл үндеуімді Ассамблеяның Алматы облысы ғана емес, Қазақстан бойынша барлық мүшелеріне арнаймын. Осы жылдар бойына біздер тек өзіміздің ұлттық мәселемізді шешумен айналыстық. Мәдениетімізді, тілімізді, дәстүрімізді дамыттық. Мемлекет осы жолда бізге барынша жағдай жасады. Әлі де демеп, қолдап келеді. Моральдық тұрғыдан ғана емес, материалдық тұрғыдан да қол ұшын созуын тоқтатқан емес.

Посткеңестік кеңістіктегі бірде-бір мемлекет аз ұлттарға дәл мұндай деңгейде қарайласып отырған жоқ. Қазақтың қанында бар кеңпейілділік пен бекзаттықтық нәтижесінде біздер, басқа ұлттар өзіміздің ұлттық идентілігімізді сақтап қалдық. Сондықтан да қазір біз жақсы өмір сүреміз, ешкімнен кемдік көріп отырған жоқпыз.

Алайда бүгінгі күні жағдай өзгерді. Меніңше, біздің өмірімізге өзгеріс енгізетін кез келді. Қазіргі тілмен айтқанда, «рестарт» жасайтын уақытқа келдік.

Бұл нені аңғартады? Бұл бұдан былай Қазақстанда тұратын түрлі этностар өзінің ұлттық құндылығынан бөлек қазақ халқының тарихын, өмір салтын, болмыс-бітімін, дәстүр-салтын, мәдениетін, тілін меңгеріп қана қоймай, оның насихатын жасауы тиіс дегенді білдіреді.

Былайша айтқанда, бұдай былай біз өзіміздің «жылы ұямыздан» шығып, ұлттық ерекшелік тұрғысынан өзімізді өзгелерден бөле-жара қарауды тоқтатуымыз керек. Қазақтың ортасына бейімделетін кез келді. Қазақтілді ортада өзімізді еркін сезінетін  кез келді. Қазаққа қатысы бар құндылықтардың бәрін көріп-біліп, қабылдап, өз дүниеміздей бауырымызға тартатын шаққа жеттік. Бұл біздің этнос ретінде жоғалуымызды білдірмейді. Біздің ұлттық ерекшелігімізді ешкім тартып алмасы анық, тек бұдан былай қазақтың ұлттық құндылықтарын бойымызға сіңіру керекпіз. Одан өзге жол жоқ. Көпұлтты Қазақстанды біріктірудің ең ізгі жолы – осы.

Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мемлекеттік тілді ұлықтайық» атты  ұзақ мерзімді жобаны қолға алса, құба-құп болар еді. Осы жобасының аясында мемлекеттік тілді ұлықтап, оның насихатын жасауды қолға алса, қазақша білмейтін этнос өкілдерін қазақтілді ортаға алып барсақ, тілді дамытуға қосқан үлесіміз болар еді.

Қазақтілді орта өз-өзінен қалыптасып келеді. Бұл біз секілді этностардан мемлекеттік тілге деген көзқарасты өзгертуді талап етеді.

Айтады ғой: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін». Мен басқаша айтар едім: «Қазақстандық қазақстандықпен қазақша сөйлессін». Алла бұйырса осыған жетеміз!

«Мемлекеттік тіл – біздің тіл! Біз сыйламасақ, кім сыйлайды? Біз қорғамасақ, кім қорғайды? Біз сақтамасақ, кім сақтайды»!

Атсалим ИДИГОВ

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Алматы облыстық филиалының мүшесі,

 қоғам қайраткері, журналист