Back

Даниал Ахметов: “Мен білетін Елбасы”

ШҚО әкімі Даниал Ахметов сұхбат беріп, соның барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

“Шығыс Қазақстан Елбасы үшін ерекше өңір. Бір кездері Нұрсұлтан Назарбаев бұл өңірді Қазақстанның інжу-маржаны деп атаған еді. Шығыстағы көптеген игі жобалар Елбасымен есімімен байланысты. Шығыс Қазақстан  – Назарбаевтың реформалары мен жарқын жобалары, заманауи идеяларының символы іспеттес”, – дейді Ахметов.

Ахметов осы орайда өткен күндерді еске алып, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы аумалы-төкпелі кезеңге тоқталыпты.

“Назарбаевпен 30 жыл бойы үзеңгі қағысып, бірге істедім. Осы жылдарды ой елегінен өткізгенде талай тағдырлы кезеңнен өткенімізге куә боламын.


Әсіресе тоқырау жылдары билікке де, халыққа да үлкен сынақ болды. Нарықтық экономиканың заңдылықтарын жатырқай қабылдаған жұртқа өз көзқарасыңды таңу, ізіңнен жүруге үндеу оңайға соққан жоқ.

Шыны керек жаңа заманның талаптарына бастапқыда біз де бой үйрете алмай, үреймен қарадық. Міне, сол тұстары Елбасы мемлекеттік қызметте енді-енді оң-солын тани бастаған біздерді Алматыға шақырып, елді дағдарыстан шығаруға қатысты шешімдерін ортаға салатын.

Апта сайын Оңтүстік астанада бас қосып, кеше ғана егемендік алған балаң елдің әрі қарайғы тағдырын айқындайтын жоба-жоспар жасалатын.

Ол тұстағы Парламент адуынды, қызуқанды еді. Мемлекеттің іргесін қалауға көшкен Елбасы тәуелсіздіктің елең-алаңында түрлі кедергімен бетпе-бет келді. Парламентпен тіл табысу, әріптесіп жұмыс істеу оңайға соққан жоқ. Экономиканы қоя тұрып, шекараны айқындау, ұлттық валютаны енгізу, Ата заңды қабылдау секілді жауапты жұмыстың өзі төбе еді.

Біз, мына біз нарықтық экономиканың базалық білімін Назарбаевтан үйрендік. Назарбаев нарық заманының заңдылықтарын сабырмен, салқынқандылықпен қабылдап, елге керектісін елеп-екшеді.

Әлі есімде 99 жылы Назарбаев бастаған делегация Қытайға арнайы іс-сапармен бардық. Күн тәртібінде Қытаймен арадағы шекараны бекіту мәселесі тұрды. Жер уайымы бірінші кезектегі мәселе. Ол тұста мен шекараны заңдастыруға қатысты комиссияға жетекшілік ететінмін.


Жасырары жоқ, ұзаққа созылған қиын да күрделі келіссөз жүрді. Міне, сол кезде Назарбаевтың тұлғалық қасиетін толық деңгейде бағалай алдым.

Бұл келіссөздердің ақыр соңы екі тарапқа да тиімді келісіммен аяқталды. Әлбетте, қазір айтуға оңай.


Шекараға қатысты ақырғы шешім қабылданатын шешуші сәтте Қытай басшысы: “Біздің тарап Шекараны бекіту туралы келісімшартқа қол қояды. Бұл бірінші кезекте Назарбаевқа деген ықылас-ілтипатымыздың белгісі” деп мәлімдеді.

Мұның бәріне сол кездесуге қатысқан мына мен куәмін. Аса маңызды стратегиялық мәселені Назарбаевтың қайраткерлік қабілетінің арқасында асқындырмай, ушықтырмай шешіп қайттық.

Қазақстан КСРО шекпенінен шыққан елдердің арасында алғашқы болып делимитация туралы тарихи келісімшартқа қол қойды.
Айта берсек мұндай мысал көп.

Енді ғана егемендік алған елдің еңсесін көтеруге бағытталатын заң қабылдау да қиынның-қиыны еді.
95 жылы Парламент тарап, Елбасы өз указымен мемлекеттің нарықтық экономикаға өтуіне жол ашқан 100-ге тарта маңызды шешім қабылдады.

Тоқ етерін айтқанда, Тұңғыш Президент жауапкершіліктің адамы. Қиындықтан қорықпайтын, ауыртпалықты еңсере білетін қабілетінің арқасында Қазақстандай мемлекеттің қабырғасын қалады.

Елбасының бүкіл ғұмыры тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты. Тәуелсіздік Елбасымен есімімен үндес.
Сол жылдары қабылданған әрбір шешім Назарбаевтың атымен байланысты.