Back

Бозанбай әлеуметтік қызмет көрсету орталығы науқастарға кең көлемде көмек көрсетуде

Ұлан ауданындағы психоневрологиялық, қимыл-қозғалысы нашар науқастарды қабылдайтын аталмыш орталыққа көмекке мұқтаж жандар келеді.

Олар бұл мекемеде жылдар бойы ем қабылдап, сауығу терапиясынан өтіп, қалыпты өмірге бейімделеді.

Орталық директоры Асхат Сүттібаевтың айтуынша, бүгінгі таңда орталықта 18 бен 88 жас аралығындағы 150 адам ем-домдарын алып жатыр.

– Бұл жай ғана науқастар емес, олар қалыпты өмірден тыс қалған жандар. Олардың ой қабілеті мен өмір сүру салты мүлде бөлек. Сондықтан біздің дәрігерлер тұрақты түрде түрлі тренингтерден өтіп, науқастарға толыққанды психологиялық көмек көрсетуге бейімделеді. Біздің ұйымның негізгі мақсаты болып қызмет алушыларға жасына және денсаулығына қарай үй жағдайына жақындатылған өмір сүру жағдайрларын жасау болып табылады, – дейді орталық басшысы.

Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ұзақ мерзімді емдеу курстарынан өткен науқастар қалыпты өмірге бейімделіп, мамандардың сараптамасы бойынша орталықтан емделіп шығарылады. Сондай пациенттердің бірі Евгений. Ол үш жылдан астам уақыт осы орталықта психоневрологиялық ауруынан сауығып, орталықта жұмыс істеп, жинаған қаржысына екі бөлмелі пәтер сатып алды. Енді Евгений қоғамның толық мүшесі ретінде өз өмірін жалғастыра алады. Оның айтуынша, жақын арада отбасы құру ойы бар екен. Орталықта осы іспеттес тағдырлар өте көп.

– Біздің мекеменің басқа әлеуметтік және медициналық мекемелерден ерекшелігі қызмет алушыларда. Көптеген жағдайда науқастар психоневрологиялық мекемелерге түсіп өмірінің соңына дейін қалады. Қызмет алушылар  жылдар бойы әлеуметтік оқшаулау жағдайында болады. Сондықтан науқастар жақындарымен, туыстарымен онлайн режимінде байланысқа шығып тұрады. Мекеме уақыт талабына сай түрлі процестерді енгізіп келеді, – дейді Асхат Сүттібаев.