Back

Қуаныш Смағұлов: “Тәуелсіз елде, тәуелді журналистер болмауы керек”

Алаштың арнасы, Шығыстағы “SEMEI” телеарнасына биыл 55 жыл. Халықпен биліктің арасында алтын көпірге айналған арнаның белді журналисі Қуаныш Рахметоллаұлымен кездесіп, Алатаудың баурайында сұхбаттасудың сәті түсті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінің түлегі туған жерінде жемісті еңбек етіп “SEMEI” телеарнасында жүргізуші-редактор қызметін 0атқаруда.

“Мен үшін бұл телеарна өмірлік және еңбек жолымдағы үлкен мектеп” дейді.  Бүгінде республикалық белді БАҚ-да қызмет етіп жүрген елімізге белгілі журналистер осы арнадан журналистиканың қыр-сырын үйреніп, қанаттары қатайып түлеп ұшқанын мақтанышпен жеткізді.

“Жалпы өңірлік арнада жүмыс істеген жан, телевизияға қажетті барлық дүниені үйреніп шығады. Бір өзі бірнеше бағдарламаны жүргізіп мол тәжірибе жинайды, ол хабарларға жалғыз өзі қонақ шақырып  продюссердің қызметін атқарады, керек десеңіз монтажды да үйреніп, оператордың жұмысын меңгеріп ала алады. Міне журналист бола жүріп қанша мамандықты игеріп шығады.

Атқарған жұмыстың нәтижесінде   толықтай өзіндік өнім арқылы көрерменнің сұранысына сай сапалы хабарлар ұсыну дәстүрге айналған” – дейді әріптесіміз Қуаныш.

Расында қазіргі кезде журналистің жан-жақты болуы аса қажет.

Соңғы уақыттарда көп айтылып жүрген салалық журналистиканы дамыту керек дегенді Қуаныш та қолдайды. Әр түрлі саладан ақпарат тарататын журналист емес, бір саланы жетік меңгерген маман  қажет сияқты қазір бізге. Әсіресе  өңірлерде салалық журналистика мүлдем ақсап тұр. Тіпті жоқтың қасы. “Неге?” деген сауал туындайды.

“Себебін түсіндірейін. Бір тілші спорт туралы ақпарат таратса, сол күні дін, мәдениет, экономика, саясат  сынды алуан түрлі тақырыптарды қозғап, халыққа жеткізуі мүмкін.  Жан-жақтылығы түсінікті де. Өйткені штатта санаулы журналистер. Сол себепті кейбір саяси не экономикалық, әлеуметтік тақырыптарды жеріне жеткізіп талдап беретін, мәселеге тереңірек бара алатын  мамандардың аздығынан, оқырман немесе көрермендерге жан-жақты зерттелген , сараптамалық материалдардың жетпей жатуы осыдан болар” дейді әріптесіміз.

Оның айтуынша шет мемлекеттерде  экономикаға арналған бағдарлама болса белгілі экономист, салмағы ауыр саяси хабарларды белді саясаттанушылар немесе саясаткерлер, футболды  бұрынғы әлемге әйгілі аяқ допшылар комментатор ретінде жүргізеді. Ал бізде жағдай мүлдем басқаша.

“Журналист- адалдықты, шынайылықты, ақиқатты сүйеді.  Тәуелсіз елде тәуменді журналистер болмау керек”, – деп жалғастырды әңгімесін  Қуаныш Смағұлов. “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” және “айтпаса шындықтың атасы өледі” деп тағы айтады. Осы қағидалар төртінші биліктің ұстанымына сай келу керек.

Қара басының қамын емес, қарапайым халықтың жағдайын алдыңғы қатарға қойып өз мүддесінен ел мүддесін артық қоятын, журналистер қауымы биілкпен халық арасындағы алтын көпір іспеттес. Дейтұрған жазушы Шер ағаң “ауыз өтірік айтса мұрт күледі, журналист өтірік айтса халық күледі” дейтіндей арамызда бас пайдасын жоғары қоятын, мақтау-мадақтаудан ары аса алмайтын,  былайша айтқанда қара қазанның айналасында жүретін әріптестерімізде жоқ емес.

Алғашқылары жоғарыдағыларға жақпай, халықтың ықыласына бөленсе, екіншілері билікке жағынам деп, қарашаның алғысынан құр қалады” дейді Қуаныш Рахметоллаұлы.

Әлеуметтік желілерде ақиқатты айтамын деп талай мәрте жоғары жақтан ескертпелер де болғанын жасырмаған әріптесіміз, әрқашанда елдің мұң-мұқтажын айтуға жалықпайтынын жеткізді. “Қызмет қолдың кірі”, ал абырой мен намыс басты орында тұруы керек деп санайды.

Жарты ғасырлық тарихы, қазақ телевизиясында өзіндік орны бар «SEMEI» телеарнасы өзіндік көрермені, өзіндік стилі қалыптасып үлгерді. Аға буын жол бастап, кейінгі толқын ізбасарларына білгенін үйретіп келеді.

“Рұқсат болса осы сұхбатты пайдаланып маған телевизия саласында әліпті таяқ деп үйреткен, бәйгеге түсер жүйрік аттай баптап, білгенін үйретіп, кемшілгімді түзеген телевизия саласындағы ұстазым «SEMEI» телеарнасының Бас редакторы, белді журналист  Сайра Қажыоспанқызы, әр кез шыңдап, ақыл қосып, мен үшін жұмбақ болған, телевизияның қыр-сырын үйретіп, шығармашылығымды шыңдауға әсер еткен, біздей жас қыранның томағасын сыпырып, көгілдір экранның ар жағында отырған талғампаз көрерменді ақпаратпен сусындауына, тағылымы мол хабарлар әзірлеуге бағыт-бағдар берген, мол тәжірибесімен бөліскен Нұргүл Құдайбергенқызы мен Ержан Жақып сынды тісқаққан журналистер де ақпарат биігінде самғауыма мол әсер етті. Алғысым шексіз”, – дейді әріптесіміз.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ