Cоңғы жаңалықтар
Back

Тоқаевтың кеңесшісі: “Территория? Путин Қазақстанға талап қоя алмайды”

Қазақстан Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Ресей президенті сұқбатындағы “орыс халқының сыйға тартқан территориялары” туралы айтылған жеріне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Dalanews.kz 

– Егер фильмді толық қарап шықсаңыз, онда, негізгінен Украина туралы сөз болып жатқанын аңғаруға болады. Шамасы, елдің атауын тікелей атамау керек болғандықтан, көптік мағынада ол айтыла бастады, содан кейін де басқа посткеңестік республикалардың әрқайсысы мұны өзіне қатыстырып ойлап алып жатқан секілді.

Бірақ сол сұқбаттан кейін баспасөз хатшысы бұл айтылған нәрсеге қатысты дереу түсініктеме беріп, бір түсінбестіктің алдын алды. Ол Ресейдің ешбір республикаға территориялық мәселеде ешқандай кінәрат тағып, талап қоймайтынын кесіп айтты.

Іс жүзінде Президенттер де адам баласы, сұқбат бергенде ойын сәтсіз жеткізіп қалатын кезі болады, ондайда баспасөз хатшысы оны түзеп, қоғамдағы түсінбестің алдын алады. Бұл қарапайым практика. Жалпы, ол фильмде Украина туралы айтылып жатқаны анық, – деп жазды Құдайбергенов Facebook-тегі парақшасында.

Ол Қазақстанның географиялық жағдайы Украинаға қарағанда өзгеше екенін, сондықтан Ресей территориялық мәселеде бізге ешқандай кінәрат тағып, талап қоя алмайтынын айтты. Мәселен, бізде Қара теңіз флоты сияқты даулы стратегиялық нысандар жоқ.

– Тіпті, Ресей тарапынан территориялық мәселеге қатысты қандай да бір дау көтеріп жатса, олар әдетте салмағы жоқ саясат сахнасындағы қойылымды “ойнаушылар” немесе маригиналдар болып келеді, ал оларға сөзді де, уақытты да шығындап қажеті жоқ, – дейді ол.

“Ресей. Кремль. Путин” фильмінде Владимир Путин конституцияға енгізілген өзгертулерге түсінік бере отырып, КСРО республикаларының одақ құрамынан шығуға құқығы бар болғанын, алайда ол одақтық келісімде көрсетілмегенін айтқан.

– Кеңес Одағы құрылған кезде одан шығу құқығы да белгіленді, бірақ оның тәртібі құжатта белгіленбегендіктен, өздігінен бұл арада мынандай мәселе туындайды: егер белгілі бір республика Кеңес Одағының құрамына кірсе, одан соң орыстардың сыйын қоса иеленсе, мысалы дәстүрлі, тарихи территорияларын, орыс аумақтарын дегендей, одан кейін одақтан шығу туралы шешім қабылдаса не болады? Онда келген кезде қандай, сондай күймен кетуі керек қой, орыс халқы сыйын қоса ала кетпей, – деді сөз талқыда Путин.

Келесі күні Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің көрші мемлекеттерге қатысты ешқандай территориялық талаптары жоқ екенін айтты.

Тағы оқыңыз:

42 500 теңге тағы төлене ме? Министр Нұрымбетов жауап берді