Cоңғы жаңалықтар
Back

Шығыс Қазақстанда шектеу шаралары күшейтілуде

Өңірде коронавирустың өршуіне байланысты қатаң шектеу шаралары енгізілмек. Облыс орталығы Өскеменде карантинді күшейтуге байланысты қоғамдық кеңестің отырысы өтті.

Облыс аумағында коронавирус жұқтырғандардың саны 507 адамға жетті.

Кеңес қауіпті вирустың таралмауына қатысты мәселелерді талқыға салды. Айталық, дәл қазіргі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қоғамдық көліктердің жұмысын шектеу ұсынылды. Мұндай қатаң шаралар жақында ғана Семей қаласына енгізілгені белгілі. Онда автобустар жұмыс күндері сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін жүреді, ал демалыс күні қоғамдық көліктер мүлдем қатынамайды.

Жиынға қатысушылар осыған байланысты қызметкерлерді жұмыс орнына апарып-әкелу мәселесін шешу керектігін айтты. Өйткені мекемелердің барлығы бірдей қашықтан жұмыс істеуге көше алмайды.

Ал облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі Өскемен қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының жобасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бірақ қаулының жарыққа қашан шығатыны белгісіз.