Cоңғы жаңалықтар
Back

Биліктің Бергейді ақтаудан өзге амалы жоқ – сарапшы

Осы аптада Жоғарғы сот жемқорлық айыбымен сотталған Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен інісі, экс-депутат Аманжан Рысқалиевтің тәркіленген дүние-мүлкін қайтарып бердіDalanews.kz осы шешімнің заңдылығына күмән келтірген экономист Айдар Әлібаевтің ой-пікірін назарыңызға ұсынады.   

“Білесіздер, 2012 жылы Атырау облысы әкімі Бергей Рысқалиев қызметінен қуылды және бірден шетелге кетіп қалды. Бұдан кейін тергеу басталып, біраз былықтың беті ашылды.

Бергейдің мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны, қызметін асыра пайдаланғаны, ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны әшкере болды.

Былтыр осыған қатысты өткен сот ісінде Бергей мен інісі Аманжан Рысқалиев сырттай сотталып, бұлардың қосынында болған тағы 22 адам 2,5 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта жаза арқалады. Тергеу барысында Бергей құрған қылмыстық топ 72 млрд теңгеден аса мемлекет қаражатын қалтасына басқаны анықталды.

Сот бұйрығы бойынша ағайындыларға тиесілі 185 нысан, оның ішінде пәтер, жер учаскілері, жер асты гараждары, жылжымайтын мүлік, банктегі есеп-шоттар және басқа да материалдық мүлік тәркіленді. Мұны ақшаға айналдырғанда млрд-пен бағаланатын тағы бір капиталдың басы құралар еді.

Билік ағайындылардың соңына түсіп, халықаралық іздеу жариялады. Осы уақытта тергеушілер Бергейдің барша былықтарын топтастырып, том-том етіп тікті. Соның нәтижесінде экс-әкімге үкім шығарылып, Бергей 17 жыл арқалады. Інісі Аманжан 16 жылға сотталды. Сырттай. Ілгеріде айтқан барлық дүние-мүлкі тәркіленді.

Осы күнге дейін олар Англияда өмір сүріп келді, сүріп те жатыр. Алайда әлгі үкімнің күші ұзаққа барған жоқ.

нурдаулетов

Күні кеше Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов аталған іске аяқасты қызығушылық танытып, ағайындылардың тәркіленген активін қайтару туралы осы жылдың 1-мамырында Жоғарғы сотқа шағым түсірді.

Бас прокурор Жоғарғы соттан Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 25.01.2019 жылғы үкімінің күшін және 09.01.2020 жылғы Жоғарғы соттың жаңа қаулысын жоюды сұраған. 

Оның айтуынша, Рысқалиевтер жиған-тергенін маңдай тер, адал еңбекпен тапқан. Ең қызығы, Жоғарғы сот та Бас прокурордың шағымын көпке созбай, қанағаттандырды.

16-маусым күні Жоғарғы сот Бас прокуратураның кассациялық шағымын қарап, Рысқалиевтерге тәркіленген дүние-мүлкін қайтару жөнінде шешім шығарды.

Шыны керек, бұл – нонсенс. Мәселенің байыбына бармай, айға жетпес аралықта шешім шығара салу, ақылға сыймайды. Ең қызығы, «Рысқалиевтың дүние-мүлкі адал еңбекпен табылған» деп танылады да, оның 17 жылға сырттай сотталғаны, оған халықаралық іздеу жарияланғаны өз күшінде қалады.

Сот үкімі бойынша Рысқалиев ауыр қылмыс жасаған адам. Заң бойынша ауыр қылмыс жасаған азаматтың дүние-мүлкі автоматты түрде тәркіленеді!

Егер Бергей дүние-дәулетін адал еңбекпен тапса, онда оған несіне айып тақты? Олай болса, оны 17 жылға соттаған үкімнің де күшін жойсын.

Қисынға салар болсақ, бұл істің ақыры Бергейдің ақталуымен аяқталуы тиіс.

Ендігі мәселе неге дегенге тіреледі? Бергейдің мүлкін қайтарып беруді сұраған Бас прокурор неге сүйенді? Біз білмейміз, бірақ тұспалдай аламыз.  Бұл – бұйрық. Бас прокурор осы тапсырманы орындаушы ғана. Бұйрықты кім берді? Біз білмейміз, тағы да тұспалдай аламыз.

Бұйрық берген адамның аты-жөнін сіз де, біз де шамалауымыз мүмкін. Мәселе, ол неге мұндай амалға барды? Бұған баруға мәжбүрледі ме, әлде шынымен де, Бергейге жаны ашыды ма? Ол кісіні бопсалағаны рас болса, Бергейдің қолында көпке жария етер компромат болғаны ма?

Айналасы екі аптаның ішінде шешілген шаруа – ауыл-аймақ, бота-тайлақтың  мәселесі емес еді. Соған қарағанда сөзіміздің жаны бардай.

Одан бұрын Бергейдің мал-мүлкін маңдай терімен тапты дегенге сенесіз бе? Мемлекеттен жырған 72 млрд өз алдына, Қазақстанда тұрып 185 объектіге иелік ету, мұның бәріне адал еңбекпен қол жеткізу мүмкін бе?

Әлбетте егер Рысқалиев мұның бәрін өз еңбегімен тапса таласым жоқ, бірақ бұған дәлел ретінде оның ресми табысын да жариялау керек еді.

Ал Бас прокурорға айтарым, бұлай үнсіз кетуге болмайды. Іс-әрекетіңізді ел-жұртқа түсіндіруге тиіссіз. Халық күтіп отыр. Тіпті не болғанын да түсінбей қалды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында дәл мұндай сорақы шешім шығарылмаған!

Әлгі шешім онсыз да көптің көңілі қалған сот жүйесі мен қылмыстық атқару жүйесінің беделін құлдырата түспесе, көтермейді”.

Рысқалиевке қайтарылар дүние-мүліктің тізімі

Бас прокурор төмендегі мал-мүлікті бұрынғы иелеріне қайтаруды сұраған:

  •  Бергей Рысқалиевке оның төрт ЖШС үлесін, үш жер учаскесін (Нұр-Сұлтан, Атырау және Ақтөбе қалаларында), Атыраудағы үйді, сондай-ақ Алматыдағы жер асты гараждарын қайтаруды сұрайды.
  • Аманжан Рысқалиевке Атыраудағы жер учаскелері мен Ақтөбедегі үйлерін, сондай-ақ екі ЖШС үлесін.
  • Бергей Рысқалиевтің жұбайына Атыраудағы бірнеше тұрғын емес үй-жайлар мен жер учаскелері, сондай-ақ бірнеше ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің жартысы.
  • Аманжан Рысқалиевтің жұбайына Атырау орталығындағы жер учаскелері мен 2 пәтер. Рүстем Әлбақасовтың жұбайына Нұр-Сұлтан мен Ақтөбедегі бес жер учаскесі, Алматыдағы жер асты паркингі, Ақтөбедегі үй және тұрғын үй-жайлар.

ЖСДП Бергейдің партиясы ма?

 Бұдан бұрын ЖСДП партиясының бұрынғы төрағасы Ермұрат Бапи әлеуметтік желіде «Бергей ЖСДП партиясын байлап беріп, билікпен келісімге келді» деп жазған.

«Бергей үшін қоғам, ел, халық… деген ұғымдар ақшадан артық емес екеніне көзім жетті. Ол өз пайдасы үшін қоғам мүддесін емін-еркін айырбастап жүре береді. Сондықтан мұндай жұлымыр атжалман қоғамға қолғабыс жасайды деп алданып қалуға болмайды.

 Ал сот шешімімен Бергейдің бұғауланған активтерін қайтарып беру процесінің басталғаны – оның бүгінгі режиммен ауызжаласқаны. Бүгінде Назарбаевтың нұсқауымен Бергейдің активтерін қайтарып беру ісіне Карим Масимов бақылау жасауда. Қашқын әкім билікке ОСДП-ны байлап берді.

 Яғни Карим-аканың манипуляциясымен алдағы парламенттік сайлауда бұл партия оппозицияның рөлін атқарады. Өзінің жеке бас пайдасы үшін КНБ-ның қолтығына кірген адамнан халыққа қайыр жоқ», – дейді саясаткер.

Айта кетелік, ағайынды Рысқалиевтерді құқық қорғау органдары 2013 жылдан бері іздестіріп жатыр.

2019 жылы қаңтар айында ағайынды Рысқалиевтерге сот үкімі шыққан. Сот Бергей Рысқалиевті – 17 жылға, Аманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған болатын.

Аль ФРЕДО

Тағы оқыңыз:

“Бізді қазақтың құрты құтқарып қалды…”. Ингуштер қазақ халқына алғыс айтты

Anadolu Ajansı: “Тоқаев саяси реформасыз экономикалық даму жоғын түсінді”