Back

Ахметов Алакөлде жүр. Әкім демалыс орындарына бірқатар талап қойды

ШҚО әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Алакөл жағалауына барып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жазғы демалыс маусымын ашу мәселесі бойынша жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізді.


Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда короновирус инфекциясын жұқтырған 204 адам тіркелді.

Үржар ауданында да инфекцияның таралу фактілері тіркеліп, саны 14 адамға жетті. Сондай-ақ, облыста ешбір белгісіз таралатын аурудың 100-ге тарта жағдайы тіркелген.

Яғни, бұл науқастар коронавирус инфекциясын тасымалдаушылар, олармен байланысқа түскен жағдайда ауру саны еселеп артуы мүмкін.

Осы себепті Алакөл жағалауында тиісті санитарлық-эпидемиологиялық талаптар енгізілген.

Айта кетсек көл жағасында 2 шақырымға созылып жатқан шомылатын және серуендейтін жағажай бар, онда бір мезетте 12 мың адам демалуы болуы мүмкін. Бұл аурудың таралуына әсер ететін бірден бір  көрсеткіш.

Өткен жылы Алакөлде демалғандар саны 700 мыңнан асқан болатын.

Сондықтан ауруды жұқтыру мен таралудың мүмкіндігін төмендету мақсатында Алакөлге келушілер мерзімі өтпеген ПЦР сараптамасы мен COVID-19-ға тапсырылған тест нәтижелерін ұсыну қажет.

Және де жағалауға кірерде тест тапсырып, анықтама алуға мүмкіндік беретін арнайы медициналық пункт қызмет ететін болады.

Науқастар анықталған жағдайда Үржар аудандық ауруханасында арнайы әзірленген бөлімге жеткізіледі.

 

Көл жағасында орналасқан Қабандай ауылында да 12 инфекциялық орын дайындалған, 2 тыныс алу аппараттарымен қамтамасыз етілген.

– Біздің басты мақсат – қазақстандықтардың өмірін қауіпті індеттен арашалау. Санитарлық талапты елемей, тек табыс табуды ғана көздесеңіздер, жағдай ушығып кетеді. Демалуға келген азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етулеріңіз қажет.

Барлық туристік нысандар демалыс маусымына дайын екенін дәлелдейтін актіні алғасын ғана іске кіріседі, – деді кәсіпкерлермен кездескен Даниал Ахметов.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Марат Исмаиловтың мәліметінше аталған актіні әзір бірде – бір кәсіпкер алмаған.

Жағалауда орналасқан туристік нысандардың карантин жағдайына бейімделіп, қызметін бастауын арнайы құрылған 3 сараптамалық топ тексеретін болады.

5-9 маусым аралығында топ мүшелері барлық 175 демалыс базасын тексеруден өткізді.

Қазіргі таңда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып 72 демалыс орны қызметтерін бастады, қалған 103-і дайындық үстінде.

 

41 нысанда дезинфекциялық құрылғылар, 31-нде санитайзерлер, 20-да термометрлер орнатылған. Тек екеуінде ғана келушілер саны мен кезегін реттеу режимі қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, көл жағасындағы 43 сауда және қызмет көрсету нысанның екеуі ғана іске қосылған. Тексеру барысында санитарлық талаптарды бұзудың 7 жағдайы анықталды.

Аймақ басшысы аталмыш сауда нысандарына барып, мәселені түбегейлі шешкенше қызметін тоқтатуды тапсырды.

Демалыс орындарының тазалық талабына сай болуын бақылау жаз бойы жүреді. Әкіммен жүздескен кәсіпкерлер өздерін мазалаған сауалға жауап алу, санитарлық талаптың сақталуы маңызды екенін атап өтті.

– Мұның бәрі халықтың денсаулығынан ойлағаннан жасалып отыр. Мұндай бастаманы бірауыздан қолдаймыз және соның негізінде Алакөл жағалауына қауіпті індеттің таралуына тежеу саламыз деген үмітім бар. Демалушылардың барлығынан емін-ерін демалу үшін алдымен тестіден өтуін сұраймыз, – деді өз кезегінде “Інжу” демалыс аймағының басшысы Дулат Асылбеков.

Кәсіпкерлердің өтініші бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі бизнес нысандарының қызметін жалғастырудың жаңа шартын ұсынды.

Егер, 13-23 маусым аралығында көл жағалауында коронавирус инфекциясы тіркелмесе, демалыс орындарының басшыларына қонақ үйлердің жобалық сыйымдылығына сәйкес 75%-ға дейін адамдарды орналастыруға рұқсат етіледі.

Тұрақты эпидемиологиялық жағдай сақталса, бизнестің барлық нысаны 1 шілдеден бастап толыққанды жұмыстарын бастай алады.