Back

Қоғам карантинде дәрігерлердің бір командада жедел, ықшам жұмыс істеуін талап етті (фоторепертаж)

Әлемді жайлаған коронавирустың пандемияға айналуы халыққа оңай тимеді. Қазіргі таңда жұрттың бәрі осыған дейін қалыптасқан тіршілік дағдысынан айырылып, жаңаша өмір сүруге мәжбүр. Бірінші кезекте пандемияның қиындықтарын медицина қызметкерлері сезінуде. Індет ушығып, карантиндік шаралар күшейген кезде қоғам дәрігерлердің бір командада жедел, ықшам жұмыс істеуін талап етуде. Осы ретте Dalanews.kz ақпарат агенттігі Орталық Азияның Еуразия қоры «Qolda» жобасы аясында HAPPY CLINIC балалар медицинасы орталығы пандемия кезінде жұмысын қалай ұйымдастырғаны жайында фоторепортаж жасаған еді. Соған назар аударсаңыздар.  

HAPPY CLINIC балалар медицинасы орталығында бүлдіршіндерге балалар стоматологиясы мен педиатриясы бойынша қызмет көрсету ісімен айналысатын бірден-бір орталық.

Орталықтың жетекшісі білікті маман Әлия Жигитаева карантин кезінде өздерінің қызметіне жүгінген ата-аналардың саны көп болғанын алға тартты. Алдағы уақытта да орталық мамандары өздерінің қызметіне жүгінген бүлдіршіндерге көмек көрсетуге әзір екен.

– Мен бірінші кезекте кәсіпкер болғандықтан, карантин кезінде күнделікті шығындарымызды есептеп, жұмысымызды жүйелеуге тура келді. Біздің ұжымда көптеген білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Сол себепті олардың алдындағы моральдық жауапкершілігімді карантин кезінде барынша сезіндім. Карантин кезінде қызметкерлердің 20 пайызын қысқартуға мәжбүр болдым. Өзгелерін уақытша демалысқа жібердік. Осылайша, Төтенше жағдай кезінде шағын құрамда жұмыс істеп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді жалғастырдық, – деді орталық жетекшісі Әлия Жигитаева.

Клиника карантин кезінде жоспарлаған біраз жобаларын тоқтата тұруға мәжбүр болды. Қазіргі таңда халықтың тұтынушылық қабілетінің төмендеуі медицина саласына да оңай соқпауда.

Төтенше жағдай кезінде HAPPY CLINIC балалар медицинасы орталығының басшылығы қызметкерлерін қажетті медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп, көпшілікке сапалы қызмет көрсетуге айрықша мән бергенін айта кетуіміз керек. Мұның бәрі оңай болмағаны белгілі.

Бұдан басқа, доллардың көтерілуі де сырттан келетін сапалы медициналық жабдықтардың қымбаттауына әсер еткен. Осылайша, еліміздегі жекеменшік медициналық емдеу мекемелері осындай үлкен қиындықпен бетпе-бет келген.

Карантин кезінде HAPPY CLINIC ата-аналарға онлайн кеңестер беру ісін барынша дамытқанын атап айтуға болады.

Індет жайлап, карантин күшейген сәтте де HAPPY CLINIC балалар медицинасы орталығы мамандардың біліктілігін көтеру мақсатында білікті сарапшылардың лекцияларын тікелей эфирде ұжым болып тыңдап, көкейде жүрген көп сауалдың шешімін тауып, сұрақ-жауап арқылы білуді жалғастырып отырған.