Back

Тоқаев: «Бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес»

ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес екенін алға тартты, –  деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі.

Алқалы басқосуда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Бүгінгі отырысқа дейін атқарылған жұмысымыздың нақты нәтижесі бар. Бірер күн бұрын мен «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңға қол қойдым. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Оны алдын ала ескертіп, өткізуге болады. Осы заң қоғамдық-саяси қатынастарды демократиялық жолмен одан әрі дамытуға зор үлес қосады, – деп бейбіт жиындарға қатысты өз ойын білдірді.

Өз кезегінде Президент жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз ететінін алға тартты.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленіп жатқанын алға тартты. Бұл ретте Сайлау туралы және Саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер еніп жатқаны белгілі.

– Біз парламенттік оппозиция институтын енгіздік. Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174 бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға азаматтар барынша қолдау білдірді. Бұдан бөлек, басқа да мәселелер бойынша нақты нәтиже бар, – деді Қ.Тоқаев өз сөзінде.

Тағы оқыңыз:

Тоқаев сапасыз оқулық үшін жауапкершілік енгізуді тапсырды