Cоңғы жаңалықтар
Back

Баталов: “Маска кию өзіңізді ғана емес, өзгені де ойлау”

«Талдықорған көшелерінде жайбарақат жүргендер көп. Маска тақпайды. Қала әкіміне шаруаны мықтап тапсырдым», – деді Амандық Ғаббасұлы баспасөз-мәслихатында.

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ел алдына шығып коронавирус төңірегіндегі барша сауалға жауап беріп, атқарылған шаралар мен қазіргі аумақтағы ахуалға тоқталды.

Бүгінгі күні облыста коронавирусқа шалдыққан науқастар саны 305-ке жеткен. Оның 181-і дерттен құлан-таза айыққан. Медицина қызметкерлерінің бақылауында 1415 адам бар. Үй карантинінде 1085 адам жатыр. Қазіргі таңда індеттің 31 аймақта  карантин режимі алынған.

Алматы облысында Талдықорған, Кеген, Талғар аудандары індеттің ошағы болып отыр. Қазіргі кезде коронавирусқа шалдыққандарды анықтау үшін 6 зертхана жұмыс әстеуде. Алдағы уақытта тағы бір зертхана өз қызметіне кіріседі.

Мемлекет пандемия кезінде халықтың тұрмыстық жағдайында назардан тыс қалдырмады. Мәселен, тек Алматы облысының 545 мың тұрғыны 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қол жеткізген. Коммуналдық төлемді өтеуге қатысты 15 000 теңгені алуға облыста 24 мың адам өтініш қалдырған.

Қазіргі таңда аталған соманы өтеу жүйелі түрде іске асуда. Халықтың қамы демекші, карантинге қарамастан жұмыспен қамту шаралары ретімен жүзеге асып жатыр. Бұл мақсатта бюджет қаражаты есебінен 109,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Соның аясында 23 жұмыс орны ашылмақ.

Карантин режимін кезең-кезеңімен жеңілдету барысында әуе қатынасы қайта жолға қойылды. Бүгінгі күні айдынды Алакөлге, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан күніне 6 мәрте ұшақ қатынайды. Ал Талдықорған қаласынан Үшарал жеріне  тәулігіне екі рет әуе кемесі көкке көтеріледі.

Алматы облысы әкімінің айтуынша, 13 маусымнан бастап Алакөлде демалыс маусымы ашылмақ. Ал, шомылу маусымына ауа-райы жылынған кезде ғана рұқсат берілмек.

– Қаладағы саябақтар әзірге ашық. Тек, демалыс орындарында, қоғамдық жерде санитарлық талаптарды қатаң сақтауы міндетті. Ара қашықтықты да ұмытпаған абзал, – деді Амандық Ғаббасұлы.

1 маусым күні тағы да індетке қарсы күрес комиссиясының отырысы өтеді. Сол кезде карантин режимін алып, алмау мәселесіне нақты жауап берілетін болады.

«Алғаш рет облыс орталығында коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқас тіркелгенде ол сырттан келген адамнан тараған белгілі. Сондықтан блок-бекеттердегі тәртіпті күшейту маңызды. Әлі де болса вирус бар.  Карантин режимін сақтап, мамандардың ескертуіне құлақ асыңыздар. Елімізде індеттің таралуы өршіп кеткен жағдайда біз облыста қатаң режимге көшуге мәжбүр боламыз, – деді.

Сөз соңында өңір басшысы облыстағы мейрамхана-кафелер әлі ашылмайтынын айтты. Балабақшалар да әлі жұмыс істемейді.

– Базарларда маскасыз жүрген жұрт көп. Бұлай болмайды. Бірінші кезекті жақындарыңызды, балаларыңызды ойлаңыз. Оларды аялау керек. Жауапкершілік маска киюден басталады. Қалыпты өмірге қайтып оралуды қаласақ және жаңа індет ошақтары пайда болмау үшін карантин талаптарын сақтау міндет, – Баталов.

Облыс әкімі осы сөзімен барша халықты  саналы түрде сақтық талаптарын орындауға шақырды.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

Тағы оқыңыз:

Алматы облысында 11 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады