Back

“376 адам ем-дом алуда”. Компания өкілі Теңізшевройлдағы ахуал жайлы айтты

“Теңізшевройл” компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев кәсіпорындағы әзір ахуал туралы айтып берді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Журналистер сауалына жауап берген компания өкілі карантин кезіндегі сақтық шараларына егжей-тегжейлі тоқталды.

“Кәсіпорын басшылығы санитарлы-эпидемиологиялық талаптарға ерекше мән береді. Қорғаныс ережесін сақтамаған мердігер компаниялармен арадағы келісімшартты үзуге тура келеді.

Әйтсе де коронавирус инфекциясының табылғанына қарамастан жұмысты тоқтатқан жоқпыз. “Келешек кеңею”, “Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару” секілді жобаларды қауіпсіз түрде әрі мерзімінде тапсыру жұмысы жүргізілуде”, – деді ол Атырау облыстық коммуникациялар қызметінде өткен кездесуде.

Оның атап өткеніндей Теңізде індеттің таралуын тежеу мақсатында бірқатар шара қабылданған. Соның бірі – жұмысшыларды жеке-жеке топтарға бөлу.

“Жұмыс тобы мүшелерінің бірі вирус жұқтырған жағдайда, басқа бір жұмыс тобы олардың орнын  алмастыруға әзір болады. Бұл өз кезегінде өндірістік қызметті тоқтатпауға мүмкіндік береді”, – дейді компания өкілі.

Кәсіпорын жұмысшылары медициналық маска тағуға және жеке тазалықты сақтауға міндетті.

“Осынау талаптың қатаң сақталуын мердігер компаниялардың құлағына құйдық. Ілгеріде айтқандай бұл ережеге жүрдім-бардым қараған мердігерлерге шара қолданамыз. Қажет болса тіпті келісімшартты тоқтатамыз”, – дейді Рзабек Артығалиев.

ТШО компаниясы коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында – наурыз, сәуір және мамыр айында өндіріске тікелей қатысы жоқ жұмысшыларды Теңізден уақытша шығаруға шешім қабылдаған.

Денсаулық сақтау министрлігі және Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Теңіз кенішіндегі өндіріске тікелей қатысы жоқ қызметкерлерді үйлеріне жеткізу үшін 211 әуе рейсі және 170 автобус рейсі ұйымдастырылған. Сонымен қатар 16 пойыз жөнелтілген.

“Мұнда мұнай өндіру процесі тоқтаған жоқ. “Теңізшевройл” ЖШС алғашқы тоқсанда 7 миллион 680 мың тонна мұнай өндірді. “Келешек кеңею” жобасының құрылысы 77 пайызға орындалған және жоспарға сай жүруде”, – дейді компания өкілі.

Бүгінге дейін кәсіпорында коронавирусты анықтайтын 8 мыңнан аса тест сынамасы алыныпты. Рзабек Артығалиевтың айтып өткеніндей жаппай тексеру нәтижесінде вирус жұқтырған азаматтар анықталған.

“Теңіздегі” коронавирус жұқтырған азаматтардың 90 пайызы ауырғанын мүлде сезбеген, яғни симптомсыз өткерген. Кәсіпорындағы коронавирустың жеңіл әрі симптомсыз белгілері бар жұмысшыларға арнап арнайы стационар ұйымдастырылды. Қазір мұнда 376 адам ем-дом алуда”, – деді компания өкілі.

Айта кетелік бұдан бұрын бас санитар Айжан Есмағамбетова “ТШО – дағы коронавирус жұқтырған жұмысшылардың саны мыңнан асып жығылуы мүмкін” деп мәлімдеген еді.

Тағы оқыңыз:

Марқұм полицейдің әйелі: “Шындықты айтыңыздар! Ол полицияда жұмыс істейді”