Back

Алматы облысында COVID-19 инфекциясын анықтайтын 7-ші зертхана ашылады

Алматы облысында жуырда COVID-19 инфекциясын анықтайтын 7-ші зертхана іске қосылады.

 Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминмен бірге делегация құрамында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов та болып, вице-премьер Талдықорғандағы құрылысы аяқталған орталықтандырылған медициналық зертханаға барды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ералы Тоғжановтың Жетісу өңіріне жасаған сапары негізінен коронавирус індетімен күрес шараларымен танысып, білу мақсатына бағытталды.

Вице-премьер облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановпен бірге зертхана ғимаратын аралап көрді.

Б. Байжұманов орталық салу жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылғанын айтты. Құрылысы аяқталған ғимаратты маусым айында ашу жоспарланған. Медициналық мекеме облыстағы 7-ші зертхана, сондықтан № 7 зертхана ретінде жұмысқа кірісетін болады.

3 қабатты ғимараттың құрылысы, зертханалық мүмкіндіктері, пациенттер қабылдау реті және басқа да мәліметтерді Ералы Тоғжановқа «Олимп» клинико-диагностикалық зертхананың Алматы облыстық филиалының директоры Арман Шаухин баяндап берді. Оның айтуынша, зертхана консультативті-диагностикалық қызмет көрсететін мекеме болмақ. Зертхананың құрылыс жұмыстарын бұдан неғұрлым ерте мерзімде аяқтау жоспарланғанымен, індеттің таралуы құрылыстың біраз кешіктірілуіне себеп болған. Дегенмен бүгінгі күні құрылыс жұмыстары, ішкі әрлеуі толық аяқталған, қажетті құрал-жабдықтар әкелінген, іске қосуға дайын.

Ералы Тоғжанов жұқпалы ауруларды диагностикалайтын, сол қатарда коронавирусқа ПЦР талдауын жасайтын зертханалар орналасатын екінші қабатты толық аралап көрді. Мұнда қойылатын құрал-жабдықтар, қорғану шаралары, зарарсыздандыру процесі жайлы сұрап білді.

Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов бүгінгі күні өңірде COVID-19 инфекциясына тексерудің тәулігіне 2,5 мың зерттеуі жасалса, осы зертхана іске қосылғаннан кейін зерттеулердің санын 3 мыңға жеткізуге мүмкіндік бар екенін айтты. Ал жалпы облыста бүгінге дейін 38 мыңнан астам зерттеулер жасалған.

Вице-премьерге облыстағы коронавирус індетінің бүгінгі таралу жайы, емдеу шаралары, инфекциялық төсек пен провизорлық стационарлардың жағдайы туралы толық мағлұмат берілді.

– Ең алдымен індет жұқтыру қаупі жоғары топқа жататын медицина мамандары, полиция қызметкерлері және басқа да індетпен күрес шаларарына тартылған азаматтарды тексеруден өткізу үздіксіз жүргізілуі керек. Облыстың Қытаймен, сол сияқты Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарымен шектесетін аумақтарын жіті бақылау керек. Сырттан келгендері, шет мемлекеттерден келіп жатқан студенттерімізді, сыртқаттармен байланыста болған азаматтарды провизорлық стационарларға карантинге алу жұмыстары тиісті деңгейде болуы тиіс. Індеттен қайтыс болу дерегіне жол бермеуіміз керек. Облыстағы бұл бағыттағы жұмыстарға қанықпын. Жұмысты осы қарқында жалғастыра беріңіздер, – деді Е. Тоғжанов.

Сол сияқты вице-премьер «Олимп» зертханасының қызмет көрсету бағалары жайлы сұрап, халықтың жағдайына сәйкес болуын да есте ұстау керектігін айтты.

Атап өтсек, Орталықтандырылған медициналық зертхананың құрылысы 2018 жылдың шілде айында басталған болатын. Алдағы маусым айында ашу жоспарланған. Жалпы алаңы – 2016 ш.м. Құрылысын жүргізген мердігер ұйым – «НацСтройЛидер» ЖШС.