Cоңғы жаңалықтар
Back

Сапарбаев әкімдерге сөгіс жариялады

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев карантин режимін тиісті дәрежеде қамтамасыз етпегені үшін Тараз қаласы мен Байзақ және Талас аудандарының әкімдеріне сөгіс жариялады деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жамбыл облысы бойынша жедел штабтың кезекті отырысында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал барысы талқыланды. Статистикаға сәйкес, аймақта COVID-19 ауруының өсуі байқалуда.

– Өкінішке қарай, облысымызда коронавирустық инфекцияның таралуы жалғасуда. Соңғы 10 күннің ішінде 30 жаңа жағдай анықталды.

Бұл жергілікті алдын-алу жұмыстарының әлсіздігін және карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмай отырғандығын көрсетеді.  Экономикалық қажеттілікке байланысты шағын және орта бизнестің кейбір салаларының қызметіне шектеулер алынып тасталды. Дегенмен, бұл қауіпсіздік шараларын елемеуге болады дегенді білдірмейді.

Карантиндік режимнің талаптары сақталуы керек және оған барлығы міндетті. Алайда, Тараз қаласы мен аудан орталықтарында көптеген тұрғындар қорғаныш медициналық маскаларын пайдаланбауда, ал сауда орындары мен басқа да нысандарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптар орындалмай отыр.

Айталық, Талас және Байзақ аудандарында бір жерде адамдардың көп жиналуына қатыс жағдайдың салдарынан аурушаңдықтың өсуі орын алған, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, биыл 24 наурыздан 21 мамырға дейін аймақта коронавирустық инфекцияның 229 жағдайы тіркелген. Оның басым бөлігі Тараз қаласы мен Қордай және Байзақ аудандарында.

Бұған дейін аурудың өңірімізге сырттан әкелу жағдайлары көбірек байқалса, соңғы кездері жергілікті тұрғындар арасында жұқтыру дерегі өсіп отыр. Мұндай оқиғалардың жоғары үлес салмағы облыс орталығында және Байзақ ауданында анықталған. 21 мамыр күнгі жағдайға сәйкес, облыс бойынша аурушаңдықтың өсу деңгейі тәулігіне 5,4 пайызды, ал соңғы 7 күнде – 17,4 пайызды құраған.

Осылайша, өз жұмысында жіберіп алған кемшіліктері үшін Тараз қаласының, Талас және Байзақ аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланды. Ал, осы бағытқа жетекшілік ететін Тараз қаласы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Бұдан бөлек, Қордай, Байзақ және Талас аудандары әкімдерінің орынбасарларының жеке жауапкершілігі қаралады.

Бердібек Сапарбаев жергілікті атқарушы органдардың басшыларын әлеуметтік қамсыздандыру және тұрғындарды жұмыспен қамту жайына баса назар аударуға шақырды.

Тағы оқыңыз:

Тұрғымбаев Тоқаевтан қашан үлгі алады?