Back

Текелі қаласында жаңа тігін цехы ашылды

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласынан «Техно Авиа Групп» ЖШС – бір реттік медициналық бетперделер, халаттар, комбинезондар және басқа да арнайы киімдер тігетін кәсіпорынын ашқан еді. Аталған цех енді Текелі қаласынан да жұмыс бастады.

– 2020 жылдың мамырынан бастап ғимаратты іздестіру және оны жөндеу жұмыстары басталды, нысанды жөндеуге бір апта уақыт кетті. Бұл кәсіпорын орналасқан жерді кейіннен сатып алу мүмкіндігі арқылы жалға алып отырмыз, – дейді Текелідегі «Техно Авиа Групп» серіктестігінің филиал басшысы Жарылқасын Болатұлы.

Басшылықтың айтуынша, цехтің алып жатқан аумағы 350 шаршы метрді құрайды. Бүгінде өндіріс орны 50 жоғары жылдамдықты, 10 арнайы өндірістік тігін машиналарымен қамтамасыз етілген. Жаңа тігін цехы ашылғанын естіген Текелі халқының қуанышында шек жоқ. Себебі, алдағы уақытта 70 жұмыс орны ашылмақ.

Қадамын енді басқан кәсіпорынның ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Алғашқы кезеңнен бастап күндігіне 18-20 мың дана,  айына 400 мың дана бетперде тігу жоспарланған. Бұл жоспарды іске асыру үшін 19,0 млн теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Істің алға басуына міндетті түрде жүйе керек. Осы тұрғысында өндіріс орны ешкімнен қалыспайды. Барлық әрекеті мен бағдары алдын-ала дайындалған. Яғни, қолға алған істерінде реттілік бар.

Цех басшылығының жоспарына сәйкес жұмыс кестесі толық әзірленген.

Мәселен, мамыр-шілде айының соңына дейін бір реттік пайдаланылатын медициналық бетперделер, халаттар, комбинезондар тігуді жоспарлап отыр.

Тамыз айынан бастап жеке компанияларға, яғни, мұнай, энергетика саласындағы өндіріс орныдары үшін арнайы киім әзірлей бастайды.

Алдағы уақытта кәсіптің тасын өрге домалату мақсатында ҚР Қорғаныс министрлігінің Мемлекеттік сатып алуларына қатысу көзделінген.

Жауапты тұлғалар кәсіпорын жұмысының әлеуметтік сипатына үлкен мән беруде. Сондықтан цех қызметкерлері үшін Текелі қаласы бойынша тасымалдау және тегін түскі ас қарастырылған.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

Тағы оқыңыз:

Көксу қант зауыты қант қамысын өңдейтін жаңа желіне іске қосады