Back

Көксу қант зауыты қант қамысын өңдейтін жаңа желіне іске қосады

Көксу қант зауыты жаңа маусымға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Кәсіпорындағы жөндеу жұмыстары 20 сәуірден басталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көксу қант зауытының басшылығы алдымен жөндеу жұмыстарының кестесін жасаған.

Мұндағы 8 цехты жаңа маусымға дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр, оған 170 адам тартылған. Қант қызылшасын өңдеу желісінің негізгі тораптарына ағымдағы жөндеу мен дефектілік жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса қамыстан қант өңдейтін жаңа желінің құрылысы аяқталуға жақын.

– Жалпы қант қызылшасын қабылдау пункттері мен зауыттың жөндеу жұмыстары биылғы жылдың 15 қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Ол үшін қаржылық мүмкіндіктер де, еңбек ресурстары да жеткілікті, – дейді зауыт директоры Алтынбек Абатов.

Атап өтсек, Көксу қант зауытының бір өзі өткен жылы 260 мың тонна шикізат өңдеп, 32 мың тонна қант алған. Ал биылғы жылы 285 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 38 мың тонна дайын өнім алу межеленіп отыр.

Жалпы облыс бойынша өткен жылы Ақсу және Көксу қант зауыттары бірлесіп 51 мың тонна қант өңдеп шығарса, биыл бұл көрсеткіш 58 мың тоннаға жетеді деп жоспарланған. Осы ретте бүгінгі күнге дейін тәтті түбір 16 100 гектарға себілгенін айта кетуіміз керек.

Тағы оқыңыз:

Жетісуда 6 бала тәрбиелеп отырған отбасы баспаналы болды