Back

Жетісуда 6 бала тәрбиелеп отырған отбасы баспаналы болды

Айлардың сұлтаны – Рамазан айында көпбалалы жанұя баспаналы болды.  Дүйім жұртқа қайырымдылықпен айналысуы арқылы танылған  «Харекет» қоры бұл жолы 6 балалы отбасына көмек қолын созған.

Қайырымдылық қоры «30 күнде 30 баспана» жобасын қолға алған еді. Аталған қайырлы істің  шапағатын Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылының тұрғындары көріп отыр.

Ескелділік Қуанбай Асылбек пен Хожу Баршагүл 6 баланың ата-анасы. Олар тағдырдың тауқыметін бір кісідей көрген жандар.«Баламның табанына кірген шеңгел, менің маңдайыма қадалсын» дейтін ата-ана үшін бауыр еті баласының дертпен алпарысуын көргеннен артық азап жоқ.

Олардың бір баласы медицина тілімен айтқанда  «ДЦП» яғни, церебральді сал  ауруымен ауырады. Баласының еміне, немесе пана болар күркеге қаржы жинарын білмей дел-сал болған жанұяға атымтай жомарт азаматтар көмек көрсетті.

Дімкәс перзенті барын ескерген кең жүректі жандар үйді емханаға жақын жерден алып берген. Құтты шаңырақтың кілтін Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Нұрбақыт Теңізбаев пен киокушинкай каратэден тұңғыш (2015) жылғы әлем чемпионы Мерей Сүйінов табыстаған.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы

 

Тағы оқыңыз:

Алматы облысында «Covid-19» инфекциясын анықтайтын зертхана ашылады