Cоңғы жаңалықтар
Back

Түркіменстанда астықты құқыққорғау органдары күзетуде

Түркіменстанның Лебап уәлаятында астық жинау науқаны қарсаңында құқыққорғау органдары қызметкерлерінен арнайы топ құрылады.

Лебап билігі астықты халық тонап кетеді деп қауіптенеді. Түркіменстанда бірнеше жылдан бері ұн мен нан тапшы.

– Уәлаяттың Керки және Ходжамбаз этраптарында ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, полиция қызметкерлері мен әскерилерден астықты күзететін арнайы топ құрылады, – деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Оның мәліметінше, соңғы уақытта аймақта көкөніс пен жеміс-жидек ұрлығы көбейген. «Алқаптарда картоп жиі ұрланып жатыр. Билік соған алаңдайды. Халық жейтін нәрсе таппай отыр» деп хабарлады тілші.

Түркіменстанда жерді мемлекеттен жалға алатын шаруалар, бидай мен мақтадан бөлек, картоп пен қызылша егеді.

«Оңтүстік аймақтарда егін жинау науқаны жақындады. Адамдар мемлекет алқаптарындағы астыққа шабуылдауға дайын екенін жасырмайды» деді тілші.

Түркіменстанда астық жинау науқаны маусым айында басталады.

Республикада алдыңғы жылдары да астықты күзетуге құқыққорғау органдарының қызметкерлері тартылған.

Тағы оқыңыз:

Ай сайын шашын бояйтын Түркіменстан президенті елді әбігерге салуда