Back

Аягөзде 4 баланың қаза болу себебі анықталды

Бүгін Аягөздегі балаларға арналған мамандандырылған әлеуметтік көмек көрсету орталығында орын алған жағдай бойынша брифинг өтті. Оған ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев қатысты.

– Бұл жағдайды облыс әкімі бақылауында. Даниал Ахметовтің тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде аталмыш орталықтың 4 тәрбиеленушісі негізгі ауыр және ілеспе аурулардан қайтыс болғаны анықталды. Комиссия мүшелері жүргізген зерттеу жұмыстарының қортындысы бойынша балалардың әртүрлі туа біткен ауруларының асқынуының салдарынан бір ай ішінде әртүрлі уақытта қайтыс болғаны анықталды, – деді Әлішер Мархабат.

Ресми дерек көзіне сүйенсек, бірінші 2 сәуір күні  24.12.2008 жылы туылған ұл баланың қазасы балада тіркелген. Екінші рет 11 сәуір күні 17.11.2009 жылы туылған тағы бір ұл бала қайтыс болса, 20 сәуір күні 11.03.2006 жылы туылған ұл бала қайтыс болады. Ал 29 сәуір күні тіркелген қайғылы оқиғада 24.08.2012 жылы дүниеге келген қыз бала өмірден өтті.

Тексеру барысында қайтыс болған балаларда қызылша ауруы анықталмаған. Өкінішке қарай, қайтыс болған балалардың төртеуінен де ата-аналары бас тартқан екен.

Комиссия құрамында әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау басқармаларының, ШҚО бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, аудандық әкімдіктің басшылары мен өкілдері, облыстық және аудандық прокуратура мен полиция қызметкерлері болған. Бұдан басқа бейінді медициналық мамандар – облыстың бас педиатр, дәрігер инфекционист, медициналық бақылау қызметкерлері комиссия жұмысына араласқанын айта кетуіміз керек.

– Облыстың бас педиатры мен инфекционист дәрігерінің басшылығымен жауапты сала мамандары балалар орталығының қамқорлыққа алынған 98 тәрбиеленушісін қарады. Нәтижесінде балалардың жағдайы жақсы екені анықталды. Тексеру барысында тәрбиеленушілерден тері ойылулары байқалмады. Балалар тамақпен толық қамтамасыз етілген, медициналық және әлеуметтік қызметтердің барлық көлемін алып отырғаны анықталды, – деді Әлішер Мархабат.

Комиссия жұмысының қорытындысы негізінде ішкі істер органдары балалар өліміне қатысты ҚР ҚК 317-бабының 4-тармағы бойынша («Медицина немесе фармацевтика жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» 4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер) қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

– Комиссия мүшелері медициналық құжаттарды жүргізу бөлігінде орын алған олқылықтарды анықтады. Соған байланысты іс жүргізу нормаларына сәйкес ШҚО бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті аталмыш орталықтың қызметіне құзыретіне кіретін мәселелері бойынша тексеруді жалғастыруда. Аталған заң бұзушылықтар бойынша лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту шарасы жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша қаралады, – деді Әлішер Мархабат.

Сонымен қатар, ішкі бақылау аясында әлеуметтік қорғау басқармасымен аталмыш орталықтың директоры, оның орынбасары, сондай-ақ орталық пен басқарманың бейінді бөлімдерінің басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствоаралық комиссияның жұмысы аясында зертхана мамандары 146 адамнан, оның ішінде 96 тәрбиеленуші, 50 қызметкерден иммунитет кернеулігіне талдау жасады. Талдаудың қортындысына сәйкес 9 тәрбиеленуші, 2 қызметкер ОАА жұқпалы аурулар бөлімінде емделген. Қазіргі күні олар ауруханадан шықты.

Бүгінде бұл орталықта 35 қыз бен 65 ұл тәрбиеленуде. Оның ішінде 24 баланың ата-анасы бар. 11-і тұрақты түрде келіп тұрады. Ал 7 ата-ана балаларының жағдайын телефон шалып, сұрап тұрады. Қалған 6 балаларының жағдайы мүлдем қызықтырмайды.

Өкінішке қарай, 20 баладан ата-анасы бас тартқан. Сонымен қатар мұнда 9 жетім бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 5 бала бар. 42 баланың ата-анасы құқығынан айырылған.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, мұндағы 85 тәрбиеленуші бала кезінен бері мүгедек. Ал 8 бала бірінші топтағы болса, 7 бала екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына жатады.

– Комиссия мүшелері балалардың дене салмағының жетіспеушілігі туа біткен аурулардың ерекшелігі мен ауырлығына байланысты екенін анықтады.  Мұндай патологиясы бар балалардың физикалық дамуында артта қалушылықтар бар. Айта кетейік, өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылған қоғамдық комиссияның жұмысы аясында қоғам өкілдері, ата-аналар мен БАҚ өкілдері осы орталыққа барып, балалардың стандартқа сәйкес барлық медициналық және әлеуметтік қызметтерді алып отырғандарын көріп қайтты. Сондай-ақ, мекеменің ұйымдық-қаржылық қызметін мемлекеттік аудит органдары тексергенін атап өткен жөн, – деді Әлішер Мархабат.