Back

Тоқаев Еуразиялық одақтың өкілеттігін кеңейтуді қолдамады

Күні кеше ғана Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы онлайн отырысы өтті. Оған Еуразиялық Одаққа мүше елдердің басшылары қатысып, ұйымның жұмысына қатысты ойларын ортаға салды. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмысына қатысты ой-пікірін ашып айтты. Мемлекет басшысы індет кезінде туындаған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алып тастауды, ортақ ақпараттық ресурстарды құру ісі тиісті деңгейде іске аспай жатқанын, алға тартты. Сонымен қатар Одаққа мүше елдердің өзге елдермен келіссөздерінде ЕЭК өкілеттілігін кеңейту басы артық дүние екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев онлайын отырыста коронавируспен күрес мәселесін және одан кейін шектеулерді алып тастау кезінде көлік билігінің, санитарлық қызметтердің, шекаралық ведомстволардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.

– Өзара тауар айналымы көлемінің сақталып, арта түсуін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, оның номенклатурасы мен балансының әртараптандырылуын қамтамасыз ету маңызды. Індет кезінде туындаған барлық шектеулер мен кедергілерді кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қажет. Біздің денсаулық сақтау, санитарлық-ветеринарлық және бақылаудың басқа да салаларындағы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, бір жағынан азаматтарымыздың қауіпсіздігін, екінші жағынан тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін өзара іс-қимылдың лайықты тетіктерін ұсынуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен берге Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың кіріктірілген ақпараттық жүйесін іске қосу жұмысын жандандыру қажет екенін де алға тартты. Бұл туралы шағын құрамдағы онлайн отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев 2015 жылдан бері орталыққа 88 процестің тек 19-ы немесе 21 пайызы ғана енгізілгенін айтты.

– Цифрландыру – елдеріміздің мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылының басты аспектісі, бизнес-процестерді жеңілдетуге, өзара тауар айналымын арттыруға, бизнеске әкімшілік жүктемелерді төмендетуге септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін кеңейту мәселесі мұқияттылықты қажет ететінін мәлімдеді.

– Қызметтердің саудасы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үшінші елдермен екіжақты келіссөздеріне Еуразиялық экономикалық комиссияны қатыстыруға құқық беру туралы ЕЭК-тің өкілеттігін кеңейту мәселесі – мұқияттылықты қажет етеді, – деді Президент. Мемлекет басшысы бұл мәселе қосымша зерттеуді талап ететінін айтып өтті.

– Шын мәнінде, мұның іс жүзіне қалай іске асырылатынын елестету қиын: екіжақты келіссөздерге комиссия өкілі қатысып отырады. Қызметтерді саудалау саласында инвестициялар – ұлттық құзіреттілікке жатады. Себебі ол басқа елдердің мүдделеріне қайшы келмейді. Тиісінше, бұл жұмысқа комиссияның адами және қаржылық ресурстарын тарту – ашығын айтқанда бізге түсініксіз. Егер тараптар үшінші елдермен келісімнен кейін ЕЭК-ке ақпарат берсе, жекелеген жағдайларда келіссөздерге дайындық жұмыстарына консультациялық кеңес сұраса, келіссөзге қажетті ақпаратпен, тәжірибемен алмасса – мәселе басқа, – деді Қ.Тоқаев.

– Бүкіл әлемде дағдарыс жағдайында сатып алушы сұранысы төмендеп, кәсіпорындар жабылады, тарихи көлік байланыстары үзіледі. Мұндай кезде көлік-логистикалық қызметтерді дамыту қажет. Елдеріміз географиялық тұрғыда оңтайлы орналасқан. Алайда, қолда бар әлеует әлі жүзеге асырылған жоқ. Бұл жұмыстар аясында біз ұлтүстілік тауар өткізу жүйесін құруға кірісіп кеттік. 2020 жылға қарай ол 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады, – деді ҚР Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шамамен 5 млн тонна агроөнімді сақтауға, өңдеуге және таратуға мүмкіндік береді. «Одақтың мүдделік танытатын елдеріне тауар таратудың ортақ желісін құру мүмкіншілігін қарастыруды ұсынамын. Сонымен қатар Одағымызға мүше мемлекеттерге бұл бастамаға инвесторлар, мердігерлер, пайдаланушылар ретінде белсенді қатысуды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы онлайн отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның шығыны көп кейбір шешімдерін кейінірек орындауды ұсынды.

– Бүгінде елдеріміздің бизнесі өте күрделі жағдайға тап болып отыр. Өндірісті дамыту жоспары, жеткізу тізбегі бұзылып, кредиторлық берешек өсіп кетті. Іс жүзінде барлық ресурс жұмысты тұрақтандыруға, жұмыс орындарын сақтауға жұмылдырылған. Сондықтан, Одақ органдарының барынша шығынды жекелеген шешімдерін орындау ақылға қонымды болмақ емес. Қалай десек, Ұйымымыздың қазіргі даму кезеңінде. Мұндай шешімге міндетті таңбалауды енгізу жоспарын жатқызуға болады. Бірақ, бұл мәселені комиссия аясында Үкімет қарауы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қазірден бастап дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалу қажеттігін баса айтты. «Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Дәл осындай жұмыс өзге де елдерде жүргізілгеніне сенімдімін. Сондықтан сыртқы сын-тегеуріндерге жауап қайтару және дағдырстан кейінгі кезеңде экономиканы дамыту шараларын талқылау үшін елдеріміздің қаржы-экономикалық блок министрліктері басшыларының, толықтай алғанда Үкімет алаңын құрып, белсенді пайдалануды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тағы оқыңыз:

Тоқаев: “Шенеуніктің міндеті елге қызмет ету. Әйтпесе несіне жүр?”