Back

Карантин кезінде логистикалық компаниялар жұмысын қалай атқарды?

Карантин кезінде бизнесті тұралатпай сақтап қалу оңай шаруа емес. Бұл үшін үлкен ерік-жігер, жылдар бойы жинақталған тәжірибе керек. Сонымен қатар осындай қиын кезеңде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бір кісідей сезініп, өз қызметкерлерінен бөлек қарапайым халыққа қол ұшын созған кәсіпкерлер болды. Осындай компаниялардың жұмысын Dalanews.kz ақпарат агенттігі Орталық Азияның Еуразия қоры «Qolda» жобасы аясында жұмыстарын насихаттауда.

Бүгін карантин кезінде жұмыстарының қарқынын төмендетпей, ел экономикасына үлес қосқан SPD EXPRESS компаниясының жұмысы жайында аз-кем әңгімелеуді жөн санап отырмыз.

Наурыздың аяғынан бастап, мамыр айының басына дейін созылған Төтенше жағдай мен карантиндік шаралар бизнеске оңай соқпағаны анық. Өз кезегінде түрлі заттарды еліміз бойынша жедел жеткізу ісімен айналысатын SPD EXPRESS компаниясының жетекшсі Раушан Кашкомбаева карантиндік шаралар өздеріне оңай тимегенін жасырмай айтты.

– Шыны керек, биылғы жұмыс жоспарымызда мұндай қиын жағдайға тап боламыз деп ойламадық. Бірақ қандай жағдай болса да жұмыс істеп, нарықтағы орнын сақтап қалу кез келген компанияның алға қойған басты мақсаты деп есептеймін. Сондықтан біздер елімізде індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында төтенше жағдай жарияланып, қатаң карантиндік шаралар енгізілген сәттен бастап, өзіміздің жұмыс тәсілімізді пысықтап, стратегиямызды қайта тексеріп шықтық. Бірінші кезекте компаниямыздың шығындарын қайта қарауға тура келді. Кез келген дағдарыста бизнестің кейбір түрлері үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болуы мүмкін. Карантин кезінде жұрттың бір-бірімен байланысы күрт төмендеп, түрлі заттарды дер кезінде жеткізу ісімен айналысатын біз сияқты жаңа компанияларға үлкен жауапкершілік жүгі артылды десек болады. Індет кезінде халықтың сенімінен шығу үшін біздер өз қызметкерлеріміздің денсаулығын бақылауға алып, олардың жедел кідіріссіз жұмыс істеуіне күш салдық. Осындай қиын кезеңде қызметкерлердің айлығын кешіктірмей төлеу, індет жұқтырмай жұмыс істеуі үшін олардың бәрін қажетті медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз еттік, – дейді Раушан Кашкомбаева.

Төтенше жағдай кезінде теміржол мен әуе қатынасы жұмысын тоқтатқаны белгілі. Бұл еліміз бойынша жүк тасымалымен айналысатын компанияларға ауыр соққы болып тигені жасырын емес. SPD EXPRESS компаниясы да бұл қиындықпен бетпе-бет келген.  Олар бірінші кезекте Алматы қаласы аумағында жұртқа сапалы қызмет көрсету үшін Алматы қаласы әкімдігі жанындағы арнайы штабпен хабарласып, қала ішіндегі жеткізу қызметін тоқтатпау үшін қажетті рұқсаттарды дер кезінде алып, алматылықтарға сапалы қызмет көрсеткенін айта кетуіміз керек.

SPD EXPRESS өкілі карантин кезінде халықтың көпшілігі интернет дүкендердің қызметіне жүгінгенін алға тартты. Олар интернет дүкендермен келісімге келіп, қала ішінде жұрттың тапсырыс берген тауарларын дәл уақытында жеткізіп берген.

Осы ретте айта кетуіміз керек, Төтенше жағдай мен карантин кезінде SPD EXPRESS компаниясының кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Осылайша, олар республикалық деңгейде қабылданған шараларға айрықша назар аударып, өз қызметкерлерінің індетке шалдықпауына баса мән берген.

Карантин кезінде SPD EXPRESS компаниясының қызметін тұтынатын өзге компанияларға да оңай тимепті. Карантинге дейін тауарларын еліміздің өзге аймақтарына, тіпті көршілес елдерге еркін тасымалдап жүрген компаниялар екі ай бойы тиісті жүктерін әуе тасымалының тоқтауына байланысты дер кезінде жеткізе алмаған жағдайлар болыпты.

Әуе қатынасы тоқтағаннан кейін компания автокөліктердің қызметіне жүгінуге мәжбүр болған. Нәтижесінде, жүктің жол бойында ұзақ жүріп қалғаны жасырын емес. Облыс пен қалалардағы блок-бекеттердегі тексерістер, әр қалада қабылданған карантиндік шаралардың әртүрлі болуы да жүктің діттеген жеріне тез жетуіне кедергі келтіріпті.

Бірақ SPD EXPRESS компаниясының қызметкерлері мұндай уақытша қиындықтарға мойымай, өз жұмыстарын мінсіз атқарып шыққан.

Айталық, карантин кезінде коронавирусты ауыздықтауға қажетті медициналық жабдықтар мен медициналық маска секілді бірінші кезекті қажет қорғаныс құралдарын бір қаладан екінші бір қалаға дәл уақытында жеткізіп, елімізде індеттің таралмауына өз үлестерін қосып отырды.

Осылайша, SPD EXPRESS сынды нарықта әбден танылған компаниялардың арқасында орталықтан шалғайда жатқан аудан мен қалаларға қажетті медициналық жабдықтар дәл уақытында жетіп отырған. Бұл үшін логистикалық компанияға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Нұрлан ЖҰМАХАН

 

Тағы оқыңыз:

Жетісуда 6 бала тәрбиелеп отырған отбасы баспаналы болды

Бүгіннен бастап Алматы облысында бірқатар блокпосттар алынады