Back

Министрлік митингке қатысты заң жобасындағы қателікке түсініктеме берді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларының мәтінінде кездесетін қателіктер туралы түсініктеме берді.

«Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары мәтініндегі грамматикалық қателіктерге қатысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат таратты.

Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңында және заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында заң жобаларын әзірлеу кезінде сақталатын нақты ережелер қарастырылған.

Міндетті талаптардың бірі – заң жобаларын ғылыми-лингвистикалық сараптау.

Бұл жағдайлар бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде ескерілді, заң жобаларының мәтіні Парламентте талқылануға дейін екі рет қажетті тексерулер мен лингвистикалық сараптамадан өтті. Ғылыми-лингвистикалық тексерулер нәтижелері бойынша барлық ескертулер ескеріліп, қателер түзетілді.

Заң жобалары Парламентке ұсынылған кезде оларға ілеспе құжаттар, оның ішінде ғылыми-лингвистикалық сараптама қорытындылары қоса беріледі.

Анықталған қателіктер туралы ақпарат бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларының бастапқы нұсқасына қатысты, заң жобалары Парламентке жіберілгенге дейін бұл қателер жойылды.

Тағы оқыңыз:

Бейбіт шеруге қатысты жаңа заң жобасы халыққа қолайлығымен ерекшеленеді