Back

Жетісудың 8 мың туристік локациясы әлемдік онлайн-платформаға жүктелді

Алматы облысында соңғы 3 жылда әлемдік онлайн-платформаға туристік локацияны жүктеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, GoogleMaps, Yandex карталарында және «TripAdison» сайтындағы Алматы облысының микросайтында өңірдегі 8 мыңнан астам локация пайда болды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облыстық туризм басқармасы мен «Wikipedia» жалпыға бірдей қолжетімді энциклопедиясы арасында меморандум жасалды. «YouTube» танымал бейнехостингінде «KZ-дағы демалыс. Жетісуға саяхат» бейнеролигі орналастырылды.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаеваның айтуынша, кәсіпкерлерді цифрлық құралдарды қолдануға, жүктелген мәліметтерді белсенділендіру мен сараптауға үйрету жұмыстары жүруде.

Сол сияқты сәуірдің соңында облыстық туризм басқармасы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен «Most» бизнес-инкубаторының қатысуымен туризм бойынша «Global Online Startup Weekend: Covid-19 Edition» бірінші виртуалды хакатон ұйымдастырылды. Сөйтіп, туристік сала UNWTO «Healing solutions for tourism challenge» жаһандық бастамаға қосылды. Республиканың әр түкпірінен 200-дей қатысушы жобаға үн қатып, көз ілеспес жылдамдықпен өзгеретін бүгінгі заманда туризмді дамыту міндетіне ортақ үлес қосуға ниет білдірді.

Жалпы қабылданған шаралардың арқасында соңғы 10 жылда Жетісудағы туристер легі 3,5 есеге өскен, соның ішінде соңғы 5 жылда бұл көрсеткіш белсенді түрде артқан. Бұл – облыс басшылығының инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарған ауқымды жұмысының нәтижесі.

Мәселен, өткен жылдың жаз маусымында Алакөл, Балқаш көлдері мен Қапшағай су қоймасында демалғандар саны 1 725 600 адамға жетті, соның ішінде Алакөлде демалғандар – 1,3 млн. адам. Орналастыру орындарының саны 500-ге жетті, соның 244-і – Алакөлде, 190-ы – Қапшағай су қоймасында. Жалпы ұсынылған орналастыру орындары мен туристік сауықтыру қызметі 1,5 есеге өсіп, 9,7 млрд. теңгені құрады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінде хабарлағандай, өңірде Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, республикалық туристификация картасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Алматы облысының тау кластері мен Алакөл көлінің жағалауын қоса алғанда үздік ондықты дамыту қарастырылған.

Осы мақсатта Алматы қаласы әкімдігімен және «ҚазақТуризм» ұлттық компаниясымен арада үш жақты келісімшартқа қол қойылды, Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі Бірлескен жобалық кеңсе құрылды. Инвестициялық жобаларды дамытудың жол картасы дайындалып, Талғар локациясының инженерлік инфрақұрылымының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде.

Атап өтсек, Алматы тау кластері туризмнің 5 негізгі түрінен 8 локациядан тұрады. 2019 жылы жергілікті бюджет есебінен Талғар локациясының инженерлік инфрақұрылымын жобалау басталды.

Қазіргі кезде тау кластері аумағында жылына 1,5 млн. туриске қызмет көрсететін 50 шақырымнан астам шаңғы трассасы, 25 көтергіш жұмыс істейді. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде қызмет көрсету көлемі күніне 7,5 мың адамнан 65 мың адамға дейін, трасса ұзындығы 53,3 шақырымнан 456 шақырымға дейін, нөмірлік қордың бір мезгілдегі сыйымдылығы 670-тен 4 мың төсек-орынға дейін артады.

Сонымен қатар «Бірлік – Алмалық – Рысқұлов – Қазстрой – Ақ-Бұлақ тау курорты» автожолының 17 шақырымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттен 314,0 млн теңге бөлінді. «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» курортына дейінгі республикалық маңыздағы автомобиль жолының 6,2 шақырымы 497 млн.теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сол сияқты Көлсай көлдері (35 км), Таңбалы музей-қорығы (38 км, 905.4 млн. теңге), Шарын шатқалы (11 км, 561 млн. теңге) сияқты туристік нысандарға апаратын автомобиль жолдары салынды.

Алматы облыстық туризм басқармасының мәліметінше, 2025 жылға қарай Алматы өңіріне келетін туристердің болжамды легі 4 млн. адамға жетеді, оның 3,5 миллионы Алматы облысының нысандарына келеді. Тау кластері бойынша жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 600 млрд. теңге, соның ішінде жеке инвестиции – 498,7 млрд. теңге. Нәтижесінде бұл шаралардың барлығы өңірде 22 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз:

Алматы облысында майлы дақылдар өңдейтін зауыт іске қосылды