Cоңғы жаңалықтар
Back

МЕНІҢ АТАМ ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВАНЫ КӨРГЕН…

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған “Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз” атты жетікүндік онлайн-марафон бүгін өз мәресіне жетті. Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектебінің алпысқа жуық оқушылары мен мұғалімдері қашықтықта мәңгілік шеп қатарында өтті. Жалпы осы күндері марафонға түскен хаттар, суреттелген бейнебаяндар Ұлы Отан соғысының әр қазақстандық отбасы үшін өшпес із қалдырғанын тағы бір рет айқындады. Ондаған құжаттар қайта оқылды, соғыс суреттері көтерілді, тарих ақтарылды. Марафонда көрсетілген жауынгерлердің майдан жолдары, олардың қайтпас батылдықтары , отансүйгіштігі, ержүректігі  өскелең ұрпақ үшін  құнды тарихи сабақ болды. 

Солардың бірі майдан даласында жеңісті ту етіп 17 жасында соғыстың алғашқы айларынан 1945 жылғы мамырына жеткен жауынгер Шамшат Баекеев туралы  шөбересі,  10 сынып оқушысы Ғайни Қасымжанова сыр шертеді:

– Менің атам Баекеев Шамшат Томанұлы  өз еркімен небәрі 17 жасында соғысқа аттанып, Калинин майданының №373 атқыштар дивизиясының қатарына қосылады. Бірінші жарақаттан кейін госпитальда  емделіп, 1943 жылдың маусым айында майданға қайта сұранып,  Калинин майданының №178 Қызыл Тулы атқыштар дивизиясына  взвод командирі болады.

1943 жылдың тамыз айында елді мекендерді азат еткен шайқастардағы  ерлігі үшін атам екі қайта «Ерлігі үшін» медалімен марапаталды.  Сол кездегі естен  кетпес оқиғаларының  бірі – атамның қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловамен кездесуі еді. Батыр қыздың өлімі үшін атам жаудан еселеп кек алуға іштей ант беріпті.  Ворохляне-Резенне қалалары үшін болған сұрапыл айқастардағы ерлігі үшін атамның кеудесінде жоғары награда – «Қызыл жұлдыз» ордені жарқырады.  1944 жылы Модона қаласын жаудан азат ету шайқасында атам екінші рет жараланып, госпитальда  екі ай емделгеннен кейін,  майданға қайта сұранып барды. Ол Қызыл әскердің тоқтамай шабуыл жасап, фашистерді ұясына қуған тариихи кезең еді. Шәмшат Томанұлы Берлинге жетіп, “Германияны жеңгені үшін» медалімен соғысты аяқтайды. Осындай қиындық пен зардапқа, от пен қанға, ерлік пен қайсарлыққа толы өзінің майдан жолымен атам Жеңісті жақындатты.

Атам мен әжем ұстаздық қызметті атқара жүріп, 10 баланы дуниеге әкеліп, тәрбие берді. Атам мектепте тарихи- өлкетану мұражайын ашты. Еліне қадірлі, майдангер ұстаз атамның ерлік істері, ауылына сіңірген еңбегі еленіп, ауылдың өлкетану мұражайына және “Қармақшы” ауылының орталық көшесіне Шамшат Баекеевтың есімі берілді. Атамды көрмесем де, анамның атам өмірі жайында айтқан әңгімелері жүрегімде мәңгі сақталады.

                                    Алматы қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі