Back

Ахметов: “Абайдың тойына бөлінген ақша, Абай ауданын дамытуға жұмсалады”

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында бірнеше тарихи және мәдени нысандардың құрылысы жүзеге асырылып, Ұлы Абайдың мерейтойы қарсаңында әлеуметтік нысандар бой көтермек.


Облыс әкімі Даниал Ахметов Абай ауданына жасаған іс-сапары кезінде атқарылған жұмыстың барысымен  танысып қайтты.

Бүгінде Абай Құнанбаевтың туған жеріндегі «Сырт Қасқабұлақ» стелласы құрылысы басталып, жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. ⠀

Сондай-ақ, Ақшоқыда Құнанбай әулетінің қорымы жаңартылып, мұражай құрылысы да басталды.

Даниал Ахметов айтып өткендей, мұндағы басты міндет – Ұлы Абай өмірге әкелген ата-анасына құрмет көрсету.

– Музей қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары мен ұрпақтарының сабақтастығын сақтау тұрғысынан өте маңызды нысан екенін ерекше атап өткім келеді, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Жидебайдағы мемориалдық кешенде де ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Шілде айының соңына қарай Қарауыл ауылындағы 300 орындық жаңа мектептің және дала сахнасы орналасатын саябақтың құрылысы аяқталатын болады. Құрылысы функционалды саябақ жергілікті жастардың сүйікті демалыс орнына айналады деп ойлаймыз. Жоспарға сәйкес жергілікті тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырының құрылысы жүргізілуде, – деді Даниал Ахметов.

Жалпы, ауданда “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 30-дан астам жоба іске асырылуда. Олардың ішінде бой көтеретін 62 миллион теңгеге сахнамен жабдықталған ипподромды, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын, төрт ауылдық округте жүргізілетін жол құрылысы жұмыстарын, бір елді мекендегі көпір жөндеу жұмыстарын айтуға болады.

Сондай-ақ, Қарауыл ауылында және одан бөлек төрт ауылда  жол  жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыл көшелері толықтай жарықтандырылмақ.

5 мыңдай тұрғыны бар Қарауылды толықтай таза ауызсумен қамту да жоспарда бар. Абай ауданы облыстағы аудан, қалалар ішінде оза шауып, 100 пайыз ауызсумен қамтылған аймақтардың біріне айналмақ.

Жалпы, Абай ауданындағы аталмыш нысандарды қайта құруға барлығы 150 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалады.