Back

Момышұлы неге “Халық қаһарманы” емес?

Біз батырлық туралы сөз қозғағанда исі қазақ түгілі өзге жұрттарға да үлгі болған аңыз адам Бауыржан Момышұлының ерлігінен айналып өте алмасымыз аян.

Аты аңызға айналған атамыздың ерлігі бір төбе болса, өнегелі өмірі мен ерлік туралы насихаттай отырып елдікті жырлаған өлеңдері,  қанатты сөздерінің өзі де бір төбе десек артық айтқандық емес.

«Халық қаһарманы» Қ. Қайсенов, Рейхстагққа алғаш болып ту тіккен «Халық қаһарманы» Р. Қошқарбаевта көзі тірілерінде Б. Момышұлын «батырлардың батыры» санап ерекше құрметтеп өткен. Тіпті, сонау теңіздің ар жағындағы Куба мен Израиль мемлекеттері де аты аңызға айналған батыр атамызды ерен ерлігіне бас иіп өз әскерилеріне үлгі тұтқаны да айтылады.

Батырлықтың, ақиқаттың символына айналған Б. Момышұлы атамызға әлі күнге дейін мемлекетіміздің ең жоғары құрметі «Халық қаһарманы» берілмеуі қоғамда көптеген адамдардың түсінбеушілігін тудыруда.

Әрине, Б. Момышұлы халық арасында әлдеқашан мойындалған батыр екені де рас, бірақта, батырдың ресми түрде тәуелсіз елдің халық қаһарманы ретінде мойындалмауы елдігімізге сын.

Б. Момышұлының да есімі Ұлы Отан соғысының батырлары  Р. Қошқарбаев, Қ. Қайсенов, Х. Доспанова, С. Нұрмағамбетов  сынды еліміздің лайықты батырларымен бір қатарда тұруын қалар едік.

Есімі украин орманында аңызға айналған Қасым атамыз Баукеңді ерекше құрметтеп Махамбетке теңегенін айтады. Ал Рахымжан атамыздың “Рейхстагққа ту тіккен батыр” ретінде елге танымал болуына да Баукеңнің еңбегі ұшан теңіз екенінен хабардармыз. Қазақтың қос батыр Қасым және Рақымжан ағаларымыздың Баукеңе деген құрметі ерекше еді. Демек, ерлігі аңызға айналған Бауыржан атамызды батырлардың батыры деуге толық негіз бар!

Ерлік, рух, ұлттық намыс деген киелі ұғымдар өте  тығыз байланысты, ұлттық намыс болмаса, ұлт батырлары да болмайды. Қазақ халқында: «Ерім деп іздейтін елі болмаса, елім деген ер қайдан шықсын» деген қанатты сөз бар.

Батырға  Тәуелсіздіктің басты марапаты «Халық қаһарманы» атағы берілсе ол болашақ ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімін оятуға, ерлік деген қасиетті ұғымды жас ұрпаққа насихаттауда ерекше үлес қосатыны айтпаса да түсінікті.

 Өйткені, мектептерде «Халық қаһарманы» иегерлері жайлы ашық сабақтар да өтеді екен. Олай болса, батыр атамыздың есімі сол иегерлердің көшін бастап тұруы әбден дұрыс болар еді. Бұл мәселені ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың да назарына ұсынып хат та жазған едік.

Сол хаттан соң телефон арқылы ҚР Қорғаныс Министрлігінің өкілі де хабарласты. Сөз төркіні Б. Момышұлы атамызды “Халық қаһарманы” мәртебесіне ұсынуға байланысты жазған сол хатымызға орай екен.

Халық қаһарманына Екінші дүнижүзілік соғыста батыр атағын алмаған 130 адамның есімі кезекте тұрғанын жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерлігі еленбей қалған батырларды «кезекке» тұрғызып қойып өз кеуделеріне тағып жатқан бүгінгі атаққұмар жандардың ұсақ тірлігі есіме түсті.

Қорғаныс министрлігінің өкілінің айтуынша, Бауыржан атамыз «Елбасының арқасында» Кеңес одағы батыры атағын алғандықтан ол кісіге енді «Халық қаһарманы» атағы берілмейді екен. Себебі, бір адамға екі бірдей атақ берілмейді-мыс. (Шыны керек, сонда кеңестік атақ пен тәуелсіздік алған азат елдің ең жоғары марапатының еш айырмасы болмағаны ма деген ойда қалдым.) Осы жерде арамызда ептеп дискуссия басталды деуге болады.

Біз өз тарапымыздан онда тұрған ештеңе жоқ екенін, біріншіден Бауыржан атамызға ол атақ өзінің жанқияр ерлігі арқасында берілгенін, екіншіден, сол атақтың екеуін де алған «Кеңес Одағы батыры» және «Халық қаһарманы» иегері Т. Әубәкіров ағамыздың бар екенін, одан Тоқтар Оңғарбайұлының абыройы аспандамаса төмендемегенін естеріне салдым.

Қазірде кеңестік жүйе келмеске кеткендіктен “кеңес одағының батыры” деп әспеттей де алмаймыз ғой. Тәуелсіздік алған елдің өз батырларына деген айырықша жеке құрметі болуға тиіс шығар.

Үшіншіден, біз «анау ананы алған, кезек  мынанікі…» деп базарда атақ саудалап жатқан жоқпыз.. Осыдан соң мына қалыппен кейбір жандар арзан атақты қуып жүрген қоғамда ар-ұят деген қасиеттен мүлде жұрдай боламыз-ау деген ойлар мазалайды. «Халық қаһарманы» дегеннен шығады…

Елімізде мемлекеттік жауапты қызметтер атқарған, саясаткер Ғалымжан Жақияновты білмейтін адам кемде-кем шығар. Осы жерде сол ағамыздың «Өмір белестері» деген жарыққа шыққан кітабында келтірілген бір айырықша оқиға осындайда ойға оралады. Сөзім дәйекті болуы үшін сол кітаптың 150-ші бетінен «халық қаһарманы» атағы жайлы Ғалымжан Бәділжанұлы мен Елбасы арасындағы сұхбаттан қысқаша үзінді келтіре кетсем деймін.

«Н. Назарбаев: Мысалы, мына С. Т. сияқтылардың бүгінгі заманда қолынан түк те келмейді. Бірақ оны өздер мойындамайды. Погон мен атақ сұрап жатқандары. Генерал-полковник қылдым, енді не керек десеңші. Бізде ондай әскер тіпті жоқ!»

Келесі сөзге ілінгені құдасы Мұхтар Әлиев болды.

«Оған керегі мынау – жұлдыз» деп, оң қолымен сол жағын, орден тағылатын жерді түртпелектеді. «Оның қандай және қалай академик болғаны белгілі, енді міне «Халық қаһарманын» алып беруге кісі салып, Дариғаны жіберіпті. «Қызың келіп жылап тұрғанда – қайда барасың? Кеңірдегіңнен ұстағанда амалсыз бересің сұрағанын..» деп Елбасының күрсінгені біртүрлі аяныш сезімін оятты. /Ғ. Жақиянов, «Өмір белестері» 2004ж./

Міне, бұл Елбасының да абыройына зор нұқсан келтіріп еліміздің ең жоғары марапатының қалай берілгені туралы ащы шындық, оқып отырып төбе шашың тік тұрады.

Адам баласы адамгершілігін жоғалтқан күні бәрін де жоғалтады, бұдан атақ қуғандардың жалған атағы жандарына жылу бермесі де ақиқат. Қазақта «Халық – Құдайдың  бір аты» деген өзінің моральдық-этикалық танымына негіздеп айтылған сөз бар, бұл жәй айтыла салған сөз емес. Олай болса, сол Халықтың атауын иеленген жоғары марапаттың құны да екінің бірінің қолы жетпес биік болуы тиіс.

Кезінде көрші Ресейде Л. Брежневке «Победа» ордені қалай берілсе, уақыт өте келе «лайықты емес» деп кері қайтарылып алынған екен, несі бар, үлгі боларлық жағдай.

Бейбіт уақытта елдің дамуына айырықша үлес қосып еңбек майданында тер төккен адамдарға еңбегіне «ҚР Еңбек Ері» атағына ауыстырылуы керек. Қан мен тердің айырмасы жер мен көктей ғой…

 «Халық қаһарманының» абыройы көтерілуі керек. Оны көтерудің бірден-бір жолы – елі үшін жан қиған немесе айырықшаі ерлік жасаған, нағыз қаһармандықтың үлгісі болған адамдарға ғана табыс етілуі, турасын айтқанда, биік мәртебені басшының беделімен емес, елдің елегінен өткізіп ұсыну.

Сөз соңында айтарымыз, халқының нағыз қаһарман перзенті Б. Момышұлы есімі келмеске кеткен кеңестік заманның атағымен ғана өлшеніп қалмай, Тәуелсіздік алған өз елінің ең жоғары марапаты «Халық қаһарманы» ұсынылып сол тізімнің көшін бастап тұрса деген ой еді.

Ерлан Шаяхметұлы,

Семей қаласы

ВРЕЗКА:

Б. Момышұлы атамызға әлі күнге дейін мемлекетіміздің ең жоғары құрметі «Халық қаһарманы» берілмеуі қоғамда көптеген адамдардың түсінбеушілігін тудыруда.

Біз өз тарапымыздан онда тұрған ештеңе жоқ екенін, біріншіден Бауыржан атамызға ол атақ өзінің жанқияр ерлігі арқасында берілгенін, екіншіден, сол атақтың екеуін де алған «Кеңес Одағы батыры» және «Халық қаһарманы» иегері Т. Әубәкіров ағамыздың бар екенін, одан Тоқтар Оңғарбайұлының абыройы аспандамаса төмендемегенін естеріне салдым.