Back

Ел Egov.kz-ке кіре алмай жатыр. 42 мыңды алуға арналған арнайы сайт ашамыз – министр

Қазақстанда 42 500 теңгені алуға арналған арнайы сайт ашылады. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша мамандар сайтта бүгін кешке дейін әзірлеп, ертең 2-ші сәуірде іске қосады.

“Жасырары жоқ 42 500 теңгені алу бойынша тұрғындардан көптеген сауал келіп жатыр. Көпшілік Egov.kz порталына кіре алмай қиналуда. Осы себепті әлеуметтік төлемді алуға болатын арнайы сайтты іске қосамыз. Азаматтар осы сайт арқылы өтініш бере алады. Электронды өтінішке тек қана өзіңіз туралы мәліметті, жеке нөміріңіз бен карточкалық есепшотыңызды енгізесіз.

Ал қол қою рәсімі бұрынғыдай ЭЦҚ емес, SMS арқылы жүзеге асады. Азаматтың ұялы телефонына құпия сөз жолданады”,  – деді министр Нұрымбетов.

Бұдан бөлек компьютер немесе ноутбугы жоқ азаматтар үшін арнайы Telegram-бот та іске қосылады. 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді алғысы келетін қазақстандықтар бұл арадан да өз өтініштерін жібере алады.

“Сайт ертеңге дейін іске қосылуы тиіс. Бұл туралы министрліктің Facebook-тегі парақшасында хабарлаймыз” деді Нұрымбетов.

Бұдан бөлек ол Бірыңғай жиынтық төлемге аударым жасамаған азаматтар 42,5 мың теңгені қалай алатынын айтып берді.

«42,5 мың теңге әлеуметтік төлемді алуда мынадай көпшілікке өтінішіміз бар: Біріншіден мәліметіңізді дұрыс толтыру керек. Өзіңіздің есепшотыңызды дұрыс көрсетіп, ЖСН нөмірін дұрыс белгілеу керек. Екіншіден соңғы екі айда болсын сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік төлем болуы тиіс.

Себебі бұл төлем бір кассадан төленіп жатқан жоқ. Мемлекеттік сақтандыру қорынан аударылып жатыр. Бірақ осындай әлеуметтік төлемдері мүлде жоқ азаматтар да бар.  Яғни бейресми жұмыс істеп жүргендердің еңбек шарттары жоқ, олар салық төлемеген.

Сондықтан бейресми жұмыс істеп жүрген азаматтарға Президент рәсімделу ғана жеткілікті екенін айтты. Рәсімделу деген не? Ол үшін Бірыңғай жиынтық төлемді бір мезгіл төлесеңіз жеткілікті. Ол сома қала тұрғындары үшін 2651 теңге, ауыл тұрғындары үшін 1325 теңге. Осыны бір төлесеңіздер 42500 теңгені ай сайын алатын боласыздар», – деді Біржан Нұрымбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.Айта кетелік бұдан бұрын президент Тоқаев 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек алуға тиісті азаматтардың ауқымын кеңейту туралы тапсырма берген.