Back

“Шеврон” Алматыдағы инфекциялық балалар ауруханасына жасанды тыныс алу аппаратын алып берді

 «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен Алматыдағы инфекциялық балалар ауруханасына екі бірдей жасанды тыныс алу аппараттары табысталды деп хабарлайды Dalanews.kz.

 Қауіпті вируспен күресте осынау құрылғының қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі инфекциялық ауруханаларда 167 жасанды тыныс алу аппараты барын айтқан.  

Министр дәл қазір Қазақстанда мұндай аппараттарға тапшылық барын да жасырмаған. «Ел көлемінде жасанды тыныс алу аппаратына деген сұраныс 927 дананы құрайды» деген-тін Біртанов.

«Аяла» қорының «Өмір сыйлайық» жобасы аясында табысталған осынау аппараттар Жапонияда жасалған. Humming Vue деп аталатын  медициналық құрылғылардың жалпы құны 71 млн теңгені құрайды.

Анығы, осынау аппараттар бүгін де, ертең де керекке жарайды.

Сөзімізге дәлел: былтыр бұл мекеме 100 мыңға тарта бүлдіршінді қабылдаса, солардың біразы ем-дом алу үшін емханаға жатқан.

Өткен жылы аурухананың реанимация бөлімшесіне сырқаты асқынған 500-ге тарта бүлдіршін түсіп, дәрігерлер әрбір 5-ші баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосқан екен.

 Жан сақтау бөліміне түскен балалардың 60 пайызында пневмония анықталып, тыныс алуы ауырлаған.

Жасанды тыныс алу аппаратын ауруханаға табыстау сәтінде «Шеврон» компаниясы Қоғаммен байланыс бөлімінің үйлестірушісі Жанар Қошпанова сөз алып, жан сақтау бөлімінде әрбір минут алтыннан да қымбат екенін еске салды. 

«Қазақстан үкіметі мен елдегі ірі бизнес өкілдері коронавирустың таралуына тосқауыл қойып, инфекция жұқтырған азаматтардың аяғынан тұрып кетуі үшін бір жұдырыққа жұмылуда.

Жаңа, заманауи жасанды тыныс алу аппараттары қазіргідей аласапыран шақта  ғана емес, әдепкі күндері де бала өмірін аман сақтап қалуда аса маңызды. «Шеврон» компаниясының атынан барша қазақстандықтарға қазіргі өткінші қиындыққа қарсы тұрарлық қажыр-қайрат пен мықты денсаулық тілеймін», – деді компанияның өкілі.

«Аялы» қорының басшысы Айдан Сүлейменованың айтуынша «Шеврон» қордың бала денсаулығын жақсарту мен медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған көшелі жобаларын көп жылдан бері қолдап келеді.

«Шеврон» компаниясының инфекциялық балалар ауруханасына әзір ауадай қажет құрылғыны табыстауы компанияның әлеуметтік жауапкершілікті жете  түсінетінін көрсетіп отыр.

Коронавирус инфекциясына байланысты қатаң карантинде отырған Қазақстан азаматтары, оның ішінде Алматы тұрғындары атынан компания басшылығына алғысымды айтамын», – деді ол.

Қазақстан нарығына 1993 жылы келген «Шевронның» қайырымдылық бағытындағы бастамалары бүгіндері дәстүрлі жобаларға айналып үлгерген. Қазақстанға келгелі бері компания қоғамдық жобаларға 500 млн. доллар инвестициялапты. 

Иә, мұндай жобалардың нақты санын атап айту қиын, бір ғана Алматыда «Шевронның» қаржылай қолдауымен жылына 30-ға тарта әлеуметтік бастамалар жүзеге асады екен.

Ең бастысы «Шевронның» бұл жолғы көмегі де дер кезінде көрсетілді. Жалпы құны 71 млн. теңгені құрайтын Жапонияда жасалған Humming Vue құрылғылары Алматыдағы клиникалық инфекциялық балалар ауруханасының дәрігерлері үшін коронавируске қарсы күресте үлкен көмек болары анық.

Жапонның HummingVue жасанды тыныс алу аппараты мұндай технологияның соңғы буынына жатады, әрі қан қысымын 13 микрон деңгейінде бақылауда ұстайды.

Бұл өз кезегінде респираторлық терапияның клиникалық тиімділігін арттырып, баланың ағзасына зақым келтірмейді.

Оларды стерильдеу (залалсыздандыру) әдісі қарапайым және әуел бастағы көрсеткіштерін қайта қалпына келтіруді қажет етпейді. Бұл өз кезегінде аппаратты кезек күтіп отырған келесі науқасқа уақыт оздырмай қолдануға мүмкіндік береді.

Аталған құрылғының жұмыс өлшемін өзгерту кезінде түрлі тыныс алу контурын ауыстырмай немесе ажыратпай-ақ науқастың тыныс алу жүйесін вентиляциялай алады.

Бұл бір ғана контурда орындалып, ол өз кезегінде науқастың ауыр гипоксияға ұшырау тәуекелінің алдын алады. 

Жапонияда жасалған заманауи аппараттарды табыстау рәсімін «Шеврон» компаниясы мен «Аяла» қайырымдылық қоры бірлесіп ұйымдастырды.