Back

Қазақстан Дубайдағы ЭКСПО-ға арнап 3 қабатты павильон салады

Осы жылдың қазан айында Дубайда өтетін ЭКСПО-2020 көрмесіне арнап біздің ел үш қабатты павильон салады деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Жаңа ғимараттың дизайны Халықаралық көрме бюросының твиттерінде жарияланды.

“Маңдайшасында араб және ағылшын тілінде Қазақстан деп жазылған павильонға келетіндер елдің географиялық орналасуы мен қарқынды дамуынан хабар беретін мәліметтер, тарихи және мәдени экспозицияларымен таныса алады.

Төрт бірдей көрме алаңынан тұратын павильонда бұдан бөлек интерактивті шоу алаңы және ғылыми орталық та орнасалады” – делінген Твиттердегі хабарламада.

Павильонға бас сұққан бизнес өкілдері біздің елдің транзиттік әлеуеті, цифрландыру, индустрияландыру, адами капиталға көңіл бөлу және қоршаған ортаға қатысты жобаларымен жақын таныса алады.

Осында орналасқан зертханада елдің ғылым саласындағы жетістігі көрсетіліп, интерактив алаңда адам мен жасанды интеллектің арасындағы байланыс туралы баяндайтын деректі фильмді тамашалауға болады.

Сonstructionweekonline.com сайтының хабарлауынша ғимаратты жобалауға Нидерландының NLME Consultants компаниясы жәрдемдескен. Аталған компания біздің елден бөлек Германия, Монако, Австрия павильонының дизайнын әзірлеген.

Бұдан бұрын Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Дубайда өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысуға бөлінген қаражатқа қатысты пікір білдірген.

– Бұл шығындардың тиімділігі, бізге не беретіні мен елге қаншалықты инвестиция тарта алатыны комиссияда қаралады. Егер комиссия бұл шығындардың тиімсіз болатынын дәлелдеп жатса, дұрыс шешім қабылданады.

Жалпы, біз енді әрбір форумға бөлінетін ақшаның тиімділігін қарастыратын боламыз, – деген еді Дәленов.

Оның сөзінше, Дубайдағы ЭКСПО 2020 көрмесіне Қазақстанның қатысуы қаншалықты тиімді екенін сауда министрлігі дәлелдеуі тиіс.

Оның алдында Қаржы министрі Әлихан Смайылов Дубайда өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысуға 22 млн доллар жұмсалатынын айтқан. 

Министр атап өткендей, Қазақстан үкіметі 2025 жылға қарай шетелдік тікелей инвестиция көлемін 34 млрд долларға жеткізу міндетін өзіне жүктеп отыр. 2019 жылы оның көлемі 24 млрд долларды құрапты.

“Біз тағы 10 млрд доллар инвестиция тартқымыз келеді. Ол үшін бізге 2020 жылдың 20 қазанынан бастап 2021 жылдың 10 сәуіріне дейін жарты жыл бойы Дубайда өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысу керек.

“Мүмкіндіктер” деген технологиялық кластер аясында “Қазақстан” деген павильон болады, оған әлемнің әр түкпірінен инвесторлар келеді.

Павильондағы уақытша құрылыстар үшін 8,8 миллиард теңге немесе 22 миллион доллар бөлінген”, – деген еді Смайылов.

Оның сөзінше, егер шетелдік инвесторлар “Қазақстан” деген павильонды көрген соң елге қосымша шетелдік инвестициялар келсе, бұл бөлінген ақшамыз әлі еселеп қайтады, ашылатын жаңа өндірістер, жұмыс орындары мен салық есебінен Қазақстан ұтады.

“Қазақстан үшін ол көрмеге қатысу өте маңызды, сол үшін оған ақша бөлінді”, – дейді Смайылов.

Ол айтқандай, бұл павильон – ұлттық, сондықтан оған кететін ақша республика бюджетінен бөлінді.

Айта кетелік Дубайдағы ЭКСПО көрмесі осы жылдың 20 қазанында басталып келер жылдың 10-шы сәуіріне дейін жалғасады.

 

Тағы оқыңыз:

Тоқаев: “Өзгергісі келмейтін министр мен әкімдерді жұмыстан қуамын”

Алматы облысында волонтерлер 357 отбасына азық-түлік жеткізді