Back

Түлкібаста аз қамтылған отбасыларға бетперде тегін таратылады

Әлемді дүрліктірген коронавирус мектеп мұғалімдері мен тұрғындарды жұмылдырды. Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы 10 ірі мектепте шағын цех ашылды.

Осылайша білім ұяларындағы еңбек пәні мұғалімдерінің көмегімен аудан басшылығы медициналық бетперде тігуді жолға қойды.

Қайырымдылық шараға кіріскен аудандық мектептердің еңбек пәні мұғалімдері мен техникалық қызметкерлеріне жергілікті тұрғындар мен еріктілер көмекке келді. Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мектептен ашылған цехта болды.

Бірнеше рет пайдалануға болатын қорғаныс құралдарын тігу үшін білім ұяларында 200 тігін машиналары орнатылған.

Асанбай Асқаров атындағы орта мектептің директоры Шәкір Айнақұлов медициналық қорғаныс құралдарын тігуге мұғалімдердің өздері ниет білдіріп, қол ұшын созғанын айтады.10 жерден ашылған шағын цехтарда бір күнде 10 мыңдай бетперде тіге алады.

Түлкібас ауданының басшылығы аталған шараға демеушілер тартуда. Барлық қорғану құралдарын жергілікті аз қамтылған отбасыларға тегін таратып беру көзделген. Бетперделерді тігуге қажетті шикізат жергілікті сауда орындарынан сатып алынған. Сапасы мен талапқа сай болуын арнайы сала мамандары бақылауда ұстайды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы оқыңыз:

Түркістанда «Jas Otan» жастары 140 отбасыға азық-түлік тапсырды