Back

Семей тігіншілері күніне 100 мың маска жасап шығаруда

Елімізде дәріханаларда медициналық маскалардың тапшылығы сезілуде деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бар болған жағдайда 50 теңгелік бетперденің құны қазір 250-300 теңге көлемінде шарықтап кеткенін әлеуметтік желілерде жарыса жазуда.

Осы ретте бүгінгі күні тапшы дүниенің орнын толтыру үшін Семейде тәулігіне 100 мың, бірнеше мәрте қолдануға келетін медициналық маска шығарыла бастады.

Қаладағы тігін кәсіпорындарында болған ШҚО әкімі бетперде тігуге шикізатпен қиындық жоқ деді.

Көпреттік бетперде шығару Семейдің жеңілөнеркәсіптік кәсіпорындарына жүктеліп отыр. Облыстың тағы 10 кәсіпорынымен келісімшарт жасалынған.

Олардың барлығы бірінші кезекте осындай құралдарды өндірмек.

Солардың бірі – «Семейспецснаб». Бүгіннен бастап, аталмыш компания тәулік бойы жұмыс істейтін болады.

Бірнеше қабат матадан тігілген маскалар жууға ыңғайлы. Кәсіпорынның өнімімен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов өнім сапасын оң бағалады.

Аймақ басшысының айтуынша, Шығыс Қазақстан тәулігіне кем дегенде 100 мыңнан астам көпреттік бетперде шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, 15 күн ішінде қажетті қауіпсіздік құралымен бүкіл облысты қамтамасыз ету жоспарлануда.

Тігін кәсіпорындары жетекшілерінің пікірінше, Семей қаласы қойылған талапты орындауға әзір. Яғни, екі апта ішінде олар халықтың бетпердеге деген сұранысын қанағаттандырмақ ниетте.

Шикізатты толықтай өздері өндіретін «УК Юнис» ЖШС басшысы «10-15 күн ішінде өңір тұрғындарының сұранысын толығымен қамтамасыз етеміз» дейді Юрий Келенцев.  

Кәсіпорын директоры семейлік өнімнің импорттық тауарлардан әлдеқайда жақсы екендігіне сенімді.  Сонымен қатар бетпердені алаңсыз қолдану үшін, арнайы зертханалық зерттеулер жүргізілген. 

Енді көпреттік бетперделердің 100 мың данасы бюджеттік мекемелерге таратылады. Яғни, бірінші кезекте дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне, Ұлттық Ұлан қызметкерлеріне, тәрбиешілер мен ұстаздарға берілмек. Дәріханаларда олар қатаң бекітілген баға бойынша саудаланбақ.

Бағлан ҚАЛЫБАЕВ

Тағы оқыңыз:

Елбасы халыққа Үндеу жасады